БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ — БАЙЛЫҚТА ЕМЕС
Телеарнада «Адам бақытты болуы үшін өмірінде не қажет?» деген тақырыпта әңгіме қозғалды. Біреулер «Денсаулық болса, сол бақыт» десе, екіншілері «Отбасың жақсы болса, бақыт дегенің сол» деп, әркім әртүрлі пікірлерін айтып жатты. Бір кәсіпкер ағамыз «Бақыт — байлықта. Ақшаң көп болса, шалқыған бай болсаң, бақыт деген осы. Мен бір кезде жағдайым нашар болғанда, отбасыммен күнде жанжалдасып, ажырасуға дейін бардық. Қазір жағдайым керемет, өзімді бақытты санаймын» деді. Біреулер оған сұрақ қойып: «Денсаулық болмаса, сіз байлықты қайтесіз?» десе: «Денсаулығың да кедейліктен, ақша жоқтықтан бұзылады. Адамның қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауырып, жүйкесі бұзылады — бұның бәрі жағдай төмен болғандықтан» деп жауап берді. Осы кәсіпкердің сөзінен кейін кейбір адамдарға үлгі-өнеге, ғибрат болсын деген ниетпен қолыма қалам алуды жөн көрдім.
Адам қатты ауырып, қиналса, ақшаға да, долларға да, шетелдің автокөлігіне де, әсем үй мен жиһазға да қарауға мұршасы келмейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Киетін киімің, үйің, тамағың болса — байлық дегенің сол» десе, екінші бір хадис-шәріпінде айтады: «Байлық — мал-дүниенің көптігінде емес, байлық — көңіл байлығында». Бұрынғы аталарымыз: «Я, Алла, малымды алсаң да, пейілімді алма, пейілім кең болса, өлмеймін ғой» деп тілейді екен.
Бір кедей жігіт ғұлама адамға шағымданып: «Мен кедеймін, бақытсызбын, еш нәрсем жоқ» — дейді. Ғалым: «50 мың берейін, оң қолыңды кесіп бересің бе?» — дейді. Жігіт шошып кетеді: «О не дегеніңіз, жоқ бере алмаймын!». «Ендеше, 100 мың берейін, сол қолыңды кесіп берші» — дейді әлгі адам. «Жоқ, бере алмаймын» — деді жігіт. «Одан да көп берейін, оң аяғыңды кесіп берші». Жігіт оған да келіспейді. «Онда сол аяғыңды бер». Кедей жігіт оны да бере алмайтынын айтады. Сонда ғұлама: «Ендеше сен ең бай, ең бақытты адамсың. Осынша байлығың тұрып, сен қалай бақытсызбын дейсің?» деген екен.
Жоғарыда сөз болған кәсіпкер ағамыз: «Мен мерседес алайын деп жүрмін. Қайткенде де, міндетті түрде аламын, дегеніме жетемін» дейді. Бұлай сөйлеу күпірлік болар. «Алла бұйыртса, аламын» деу жоқ. Бәрі Алланың қолында. Хадистерде айтылғандай, адам өзінің қашан, қай жерде өлетінін және ертең не болатынын, не күтіп тұрғанын білмейді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Таңертең — кешке дейін бар боламын деп айтпа, кешке — таңға дейін бар боламын деп ойлама» — деген.
Қанағатсыз адамның көзі топыраққа ғана тояды, басқа ештеңеге тоймайды. Бір дорба алтыны бар адам екі дорба болса екен деп тілеп тұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Адам Алланың берген ризығына шүкір қылып, қанағат етсе, періштелерге тізгінді тартып ұста, егер қанағат қылмай, тойымсыздық жасаса, тізгінді қоя бер дейді екен. Ол пендені құмда су іздеген кесірткедей жүгіртіп, дүниені оның үстінен үстемдік жасатып қояды». Құдсий-хадисінде Алла тағала: «Ей адам баласы! Біліп ал, қайсыбір пенденің көңілін мал-дүние жию сиқыры байлаған болса, оның ділін бейшаралыққа байлап қоямын. Өлімді естен шығарып, мал-дүние жиюмен әуре-сарсаң етіп, ақыретін ойламайтын, өкінішті етіп қоямын» дейді.
Бір жиында шариғат, уағыз айтылып, «пара алу — күнә, адам адал еңбегімен ғана өмір сүру керек» деген бір кісіге жанында отырған лауазымы жоғары бір қызметкер ағамыз: «Мен бір нәрсені түсінбеймін, пара алған адам жазасын тартады дейсіз, мен көп адамдарды білемін, өмір бойы пара алып, керемет дәулетті өмір сүріп жатыр. 5-6 үйі, машинасы бар, шалқыған бай, ешкім де оларды жазалап жатқан жоқ» деді.
Иә, ол шалқып, тасып өмір сүрер, байлықтан басы айналар, жалғанды жалпағынан басар. Бірақ соның бәрі өткінші екенін, бір күндей болмай өмір өте шығарын, ертең соның жазасын аларын түсінер ме екен? Құдсий-хадисінде Сұбхана Алла тағала айтады: «Ей, адам баласы! Дүние жиюды мақсат еткен екенсің, қияметте есеп беруіңді, мал-дүниені қай жерден алып, қай жерге жұмасағаныңды есептеп қой». Пенде қайтыс болғанда, мал-дүниесі, байлығы, әйел, бала-шағасы, бәрі артында қалады. О дүниеге тек жақсы амалдары ғана барады екен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Дүние ләззаттарын жоқ қылушы — өлімді көбірек еске алыңыз» деген.
Ақырзаман белгілерінің бірі — Алла тағала өзінің сүйген құлдарын кедей, әлсіз, қолы қысқа қылып қояды екен, және олар көп қиыншылықтар көреді. Ал пасық адамдарды бай, бақуатты, қолы ұзын, өмірін қызықпен, арзан ойын-күлкімен өтізетін қылып қояды. Байлық — бақыт, қуаныш, жақсылық болса, Алла тағала оны пайғамбарларына берер еді. Олардың көбі кедейлікте, қиыншылықта өмір сүрген. Алланың соңғы Елшісі (с.ғ.с.) адамдарды ислам дініне шақырып, мүшріктерден көп қиыншылықтар, азап пен қуғын көрген. Сонда да ол (с.ғ.с.) «Кедей болғаныма мақтанамын» деген екен. Намаз оқығанда басы үйдің төбесіне тиіп, үйдің тарлығынан Айша анамыз (р.а.) аяғын жинап отырады екен. Бір кішкене алашасының үстіне отыратын болыпты, ал үйіне біреу келсе, алашаны сол кісіге төсеп, өзі жерге отыратын.
Бір күні бір әйел балаларының азығы таусылып, Айша анамызға (р.а.) азық сұрап келгенде, беретін ештеңесі болмай, 3 құрма береді. Сол кезде ол балаларын нан, сүт, құрмамен ғана тамақтандырады екен. Ал қазір ше, жегеніміз — қазы, қарта, жал-жая, ананас, апельсин, банан, мармелад, шоколад… Алла тағала адамдар үшін мыңдаған, миллиондаған тәтті жемістерді жерден өндіріп қойды. Мінгеніміз — шетелдің автокөлігі, үйіміз екі қабатты коттедж, іші ханның сарайындай кірсе-шыққысыз, кигеніміз — көк, қарнымыз — тоқ. Алланы бір сәт болса да еске алып, ғибадат, құлшылық қылудың орнына, аяғымыз салбырап аспаннан түскендей, маңғазданып жүрміз. Кейбіреулеріміз байлыққа мастанып, кеудеміздің буына нан піседі. Бұның бәрі өткінші, көзді ашып-жұмғанша зулап өте шығатыны есімізге кіріп те шықпайды. Бар болса, аспайық, жоқ болса, саспайық. Сабыр түбі — сары алтын деген, Алла берген қиыншылығына, сынағына шыдайық. Алла тағала өзінің құлдарын бай қылып та, кедей қылып та сынайды.
Ақшамыз артылып бара жатса, кафе, тойхана саламыз, шетелдерге саяхатқа барамыз. Одан да сол қаражатқа қажылыққа барса, нұр үстіне нұр. 60, 70-ке толдым деп тойханаларда дүрілдетіп, ешкімнен қалмау үшін той жасаймыз. Үстелді қайыстыра харам ішімдіктерді алғанша, жағдайы төмен отбасыларға, міскіндерге, балалар үйіне, қарттар үйіне садақа берсе, сауабы көп болар еді. Басымызға қиын іс түсіп, қатты ауырып, қиыншылықтарға ұшырасақ, құдайы тамақ беріп, Құран оқытып, сол кезде ғана Алланы еске аламыз. Сақтай гөр деп жалынамыз. «Садақаны сауыңда бер» деген. Хадисте: «Тамақ жегенде аштарды есіңе ал, ол сенің шүкірлік етіп, тәубаға келуіңді еске түсіреді» дейді.
Сол дүркіретіп туған күн тойлаған көкелерден мұқтаж болған бір адам қарыз сұраса, бір тиын да ала алмайды. Бір ақын атамыздың өлең жолдары есіме оралады:
Өмірімнің алда талай кеші бар,
Туған күнді жылда тойлап несі бар?
Бірақ та сен дәл сол күні шешеңнің
Толғатқанда жылағанын есіңе ал! — дейді.
Қасиетті Құранда: «Алтын-күміс жиып, оны Алла жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Қиямет күнінде олар тозақ отында қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланып: «Мынау өздерің үшін жиғандарың. Ал енді жиғандарыңның дәмін татыңдар» («Тәубе» сүресі, 34-35 аяттар),- делінген.
Баяғыда кесірлі, кесапатты бір әйел: «Өзім де баймын, әке-шешем, туыстарым да бай, құдам да бай, құдағиым да бай. Малымды алсаң аларсың, сандықтағы ақшамды қай жаққа жібересің, Құдайым-ай?» — деп күпірлік айтыпты. Содан ашаршылық, жұт болып, барлық малдары қырылып қалыпты, егін шықпай, адамдар азап шегіпті. Әлгі әйел сандықтағы ақшасын қараса, күйе жеп қойыпты. Түк қалмаған екен.
Бір патша ғұмырында тау-тау алтын-күміс, есепсіз мал-дүние жиыпты. Ажал уақыты таяғанда айналасындағыларға айтыпты: «Мені салған табыттың екі шетін тесіп, екі қолымды ұзын қылып шығарып қойыңдар» депті. Неге деп сұрағандарға «Есепсіз қанша байлық жинасам да, о дүниеге бәрін қалдырып, бос кетіп бара жатырмын, соны көрген жұрт ғибрат алсын», — деген екен.
ҚМДБ-ның Талдықорған өңіріндегі өкіл имамы Жұманәлі Аман бауырымыздың телеарнадан айтқан мына уағызы көпшілікке ой салар деп ойлаймын: «Адам деген ат сияқты. Осы қасиетті жануарды қорада біраз ұстап, жемдеп, қатты семіртіп, сосын қора кішкене ашық қалса, ойпақтап, шапқылап, ұстатпай кетеді. Әбден шаршағанда бәрібір қайтып келіп, басын төмен салып, жүгенге басын тосып, иесіне бағынышты бола қалады. Адам баласы да ғибадат-құлшылық қылмай, дүние қамымен қанша зыр жүгіріп жүргенімен, бәрібір бір күні Алла тағаланы мойындап, мойынсұнады. Бірақ ол сіздің соңғы сағатыңызға тап келіп жүрмесін».
Гүләйім Мәкенбаева,
Қара қыстақ ауылы,
Жамбыл ауданы,
Алматы облысы.
muftyat.kz