БАҚЫТЫН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН НҰРАШ ҚАРИЯ
Бұл кісімен етене жақын таныстығымыз, тонның ішкі бауындай аралас- құраластығымыз да жоқ. Алайда, сыртынан жағымды, жылы сөздерді жиі еститініміз рас. Әрбір адам өзінің елін, туған жерін, ұлтының әдет- ғұрпы мен салт- дәстүрін, халқының бай тарихын мақтаныш ете білуге міндетті. Мұның өзі сол адамның патриоттық сезімі жоғары екендігін білдірсе керек.
Уақытысында бір қауым елді басқарған, бүгінде бүтін бір ауылдың жөн сілтер ақылман қариясына айналған Нұраш Сұлтанбеков ақсақалды сол санатқа жатқызуға әдбен болады. Жуырда ғана Нұраш қария әкесі Ұлы Отан соғысының майдангері Сұлтанбек Әлтішұлына арнап ат шаптырып, ас берді. Ауыл маңайынан ипподром ашып, атбегілік кәсіпті өрістетуге жол салды. Біз Нұрекеңе арнайы сәлем бере барып, қарияның өткен- кеткен өмір соқпақтары туралы әңгімесіне қанығып қайтқан едік.
-Шіркін –ай, зымыраннан да жүйрік уақыт –ай десеңізші. Жастықтың адуынды да албырт шақтары көзді ашып жұмғанша өтіп кетіпті, деп бастады әңгімесін Нұраш ақсақал. Жалпы, атбегілік қасиет біздің әулетіміздің қанында бар. Шахан ата мазары Түркістан қаласынан Арыстанбабқа шыға берісінде орналасқан. Бабамыз атбегілік кәсіпке ерекше мән беріп, жүйріктерді баптау қасиетін меңгерген жан болыпты. Бірде ел- елге сауын айтылып, үлкен додалы бәйге болатын болыпты. Бас жүлдеге құндыз бөрік тігіліпті. Атаның баптап жүрген жүйрік бәйге аты сол аламанның алдында өліп қалған екен. Содан базарда бір ат сатылымда тұрғанын естіп, соны алып келуге балаларын жұмсайды. Алайда баласы базардағы атты көріп келіп, « ол жарамайды, бір аяғы кем екен» дейді. Бірақ Шахан ата баласын қайта жұмсап, аяғы кем мандамгерді алдырып, жаратады. Сол өңірде Бөлек деген бақуатты, атсейіс кісі болған екен. Бәйгеге қосатын Қаракөк жүйрігін күймемен алып жүреді екен. Аламан бәйгенің уақытысы да келіп, бәйгеге қосатын аттарды айдап кетеді. Әудем уақыттан кейін Бөлек шал жерге құлағын түріп тұрады да басындағы бөркін жұлып алып, жерге бір- ақ ұрады. Мәреге бірінші болып Мандамгер келеді. Екінші, үшінші болып та Шахан атаның жүйріктері жетеді. Содан ел арасында «ойда да, қырда да Шахан ата» деген сөз қалады. Қазіргі таңда атбегілік кәсіппен Әуес деген балам айналысады. Қандай да бір бәйге жарыстан жүлдесіз қалған емес. Ат баптаудың қыр- сырын жете меңгерген. Оның үстіне, ақыл – кеңес сұрағандарға да ерінбей үйретуден бас тартқан емес. Өзім қазіргі Жаңаталап, бұрынғы Комсомол ауылдық кеңесте 1951 жылы қазан айында Сұлтанбек Әлтіщевтің отбасында дүниеге келдім. Әкем 1941 жылы Ұлы Отан соғысына кетіп, ауылға аман оралған. Өзі сұңғыла сауатты болған. Қазақтың ауыз әдебиетін жетік білетін зерек еді. Аңыз- әпсаналарды айтып, шежірені, жеті атаны терең тарататын. Алғашында колхозда құрылыс бригадасында істеді. Кейін совхозға біріккенде сушы мұрап болды өмірінің соңына дейін. Әкесі Әлтіш заманында бір елге би болған екен. Сонау дүрбелең жылдары « сүтке шомылған» деп арыз жазылып, үкіметтің жазалау құрығына ілігіп, Украйнаға Житомир қаласына жер аударылады. 1966 жылы 9- сыныпты бел ортасынан тастап, үш айлық трактордың курсын оқыдым. Сол кездегі совхоз директоры Болатбек Кариев жұмысқа алды. 1970 жылға дейін механизатор болып істедім. Бір отар қой да алып бақтым. Қысқасы совхоздың барлық саласында еңбек еттім. 1969 жылы ұйымның тігінші қызымен отау көтердім. 1973 жылы партияға өттім. 1981 жылы Алматы зоовет институтына сырттай оқуға түстім. Сол кеңестік кезінде де отыздай жылқы біраз мал ұстап, шаруамды дөңгелетіп отырдым. Сол жылы совхоздан уақытша кетуге тура келді де үш – төрт жыл заготконторда заготовитель болдым.
1985 жылы көктемде Байқадам совхозының директоры Бұралқиев қайта шақырып, директордың дайындау жөніндегі орынбасары етіп жұмысқа алды. Кейіннен 2-ші бригаданың бригадирі етіп тағайындады. Уақытпен санаспай жұмыс істедік, үлкен жетістіктерге жеттік. Марапатқа Уаз автокөлігін алдым. Өмірімде ешкімге пара беріп те алып та көрген емеспін. Әркімнің жағдайын халық біледі, өйткені әрбір ісіміз солардың көз алдында. 1992 жылы ауданға әкім болып Әбдіманап Көпбергенов келді. Бұрынғы кеңестік жүйе өзгере бастады. Бір күні аудан әкімі шақырып «сені совхозға директор етіп сайлаймыз, соған дайын бол» деді. Содан директорлық жұмысты алысымен іске кірісіп кеттік. Мына Жаңаталап ауылының шығысында ақ топырақты жер болатын. Мал өрістен қайтқанда ауылды ақ түтек шаң басып қалатын. Сол жерді тазалап, жол салдық. Аудан әкімі 750 гектарға жүгері егесің деп тапсырма берді. Зерделей келе 500 гектарға жүгері ектік. Селитра тыңайтқышын қолдандық. 1 гектарға пияз,1 гектарға софлор ектік. 650 адам жұмыс істеді. Звеноларға бөліп тастап, ерте көктемнен ерекше күтіп баптадық. Таңның атысы, күннің батысы егіс даласында болдық. Нәтижесінде бұрын – соңды болмаған мол өнім алдық. Қамбаға 2,5 мың тонна жүгері сыймай қалды. Артық өнімді ауыл халқы ысырапсыз бөліп алды. Шаруалардың ерен еңбегінің жемісі өздеріне ризық болып қайтты. Жонда жиналған 300 тонна бидайды Түгіскенге, Жайлаукөлге бердік. 1000 тонна жоңышқа жинап, совхозда тұңғыш рет жем – шөптің қорын жасадық. Аудандық мәдениет үйінде тұңғыш рет ауылшаруашылық көрмесін өткіздік. Сөйтіп совхоз бір жылдың қорытындысын үлкен пайдамен аяқтады. Халықтың игілігін өзіне қайтарсаң ешкім тексермейді екен. Соған көзім жетті. Еңбек Қызыл Ту орденді шопан апай болды. Музыка мектебін ұйымдастырған Сәбит Нүркеевтің шешесі. Сол кісінің үйіне совхоз есебінен күрделі жөндеу жүргіздік. Қали Тоғыбаевтың үйінің төбесін жабуға көмектестік. Ұйымда Заманбай Бәйкеев деген көпбалалы сушы мұрап болды. Соның төрт қабырғасы қалқайған үйін кілтіне дейін қайта істеттік. Осындай қайырымдылық ізгі шараны да естен шығарған емеспіз. Әкемнің аңыз әпсанаға, ауыз әдебиетіне зерек екенін жоғарыда айттым. Әкем күні бойы кетпен шауып, әбден шаршап келіп, едәуір тыныс алған соң әңгімесін жалғайтын.
-Бүркіт көп өмір сүреді,- деп бастады әкем келесі әңгімесін. Бірақ ол өзінің ұзақ өмірінде ұяда жатқан әрбір балапанын бір рет қана ұшырып үйретеді. Енді ғана темірқанат болып келе жатқан балапанын бүркіт тістеп алып, биік аспанға самғап ұшып шығады да, кенет төменге қарай лақтырып жібереді. Әлі бір рет те қанат жазып көрмеген өз балапанын аямайды-ау екен деп қаласың. Бірақ қас- қағым сәтте әлсіз қанаттарын ашуға шамасы келмей, жерге қарай құлдырап бара жатқан балапаны соңынан ана бүркіт құйындай ағып келеді. Егер балапаны жерге жақындағанша қанатын аша алмаса, ана бүркіт шүйіліп келіп оны қағып алады да, шың басындағы өз ұясына апарып қояды. Бірақ ана қыран шексіз аспан әлемінде өз күш- қуатымен бірден самғап кете алмаған темірқанат балапанына қайта мойын бұрып қарамайды екен. Енді әлгі балапан өзінің аспан әлемінде құйындап ұшатын қыран екендігін тек өз қайратымен, ерік – жігерімен ғана дәлелдей алады. Егер оған рухы жетпесе, онда қайырымсыз қанаттарына қарғыс айтып, үн – түнсіз мына дүниемен қоштасады екен. Бұл әңгімені әкемнің текке айтып отырмағанын түсінетінмін. Оның астарында «өмір сүргің келсе өз бетіңмен тіршілік етуді қазірден бастап үйрен. Өз әрекетіңді өзің жаса» деген ой жатыр еді. Міне, содан бері арада талай жылдар өтті. Мәңгі бақи аспанға ұша алмай, темірқанат күйімде қалып қоймау үшін барымды салып, жан аямай әрекет жасап келе жатқаным даусыз. Балаларыма де осыны айтып отырамын. Ешкім ешқашан қолтығымнан демеген емес. Өз биігіме өзім ұшып шықтым. Он жыл ауылдық округке әкім болдым. Халықпен етене жақын санасып қолымнен келгенше жақсылық жасауға тырыстым. Ұлы Отан соғысының майдангерлеріне арнап даңқ аллеясын жасаттым. Бүгінде немерелерімді қызықтап, аталық міндетімді атқарып отырмын.
-Ия, бұл өмірде ғибратты ғұмыр кешіп, әдемі қартаюдың өзі үлкен бақыт. Жетпістің желкенінен ұстаған Нұраш ақсақалдың әлі де айтары бар. «Ең бастысы елдің бірлігіне, татулығына сызат түспесін. Мемлекеттің жарқын болашағы ынтымақта» дейді қария.
Берік Садуақасов,
Саудакент ауылы