Бақытжанның балаларға тартуы

Балаларға базарлықтың үлкені – рухани базарлық екені даусыз. Жеткіншектерді қашанда жаңа шығармаларымен қуантып жүрген ақынның бірі – Бақытжан Советұлы. Биылғы Балалар жылында да Бәкең қарап жатқан жоқ. Ақынның балалар тақырыбына жазған өлеңдері басылымдардың ең қажетіне айналса, оның шығармаларына кітапхана мен мәдениет ошақтары, білім орындары балаларды қатыстыра отырып театрландырылған көріністер әзірлеуде.

Осы тұста Бақытжан Советұлының шығармашылық жолына тоқтала кеткеніміз артық болмас. Ол 1993 жылы әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Осы жылдары республикалық «Санат» баспасының редакторы, республикалық сатиралық «Ара-Шмель» журналының фельетонисті қызметтерін атқарған. 1993 жылдан күні бүгінге дейін облыстық телерадио компаниясының редакторы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының және Қазақ радиосының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, соңғы 5 жылдан бері облыстық радионың жетекшісі қызметін атқарып келеді. Журналистика жолындағы еңбегі Мәдениет және ақпарат министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Осы кезге дейін Бақытжан Әлімқұловтың «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл», «Мен де бірдеңе дейінші…», «Ерін туралы ертегі», «Бұл мен ғой» сатиралық кітаптарының авторы. 2015 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Жақында Алматыдағы «Үш қиын» баспасынан Бақытжан Советұлының «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа?» атты жаңа кітабы жарық көрді. Бұл кітапта ақынның өлеңдері мен шағын әңгімелері топтастырылған. Тақпақ, ертегі-хикая, мысал, ойын есеп, жұмбақ түріндегі өлеңдерінің тақырыбы сан алуан. Бұл кітапқа рухани істерге жанашыр, ұлағатты істерге ұйытқы болып жүрген Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов демеушілік жасаған екен.

Біз аталған кітапты парақтап көрдік. Автордың айтары аз емес. Бұл кітап бес бөлімнен тұрады. «Балаларға балқаймақ» деп аталған бірінші бөлімінде «Бәйтерек», «Хан шатыр», «Мен тәртіпті баламын» және басқа өлеңдері енген. «Ертегі сыр шертеді» атты екінші бөлімінде ертегі-өлеңдер қамтылған. Мәселен, «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа?» өлеңінде ұрлық-қарлықтың соңы қорлық екенін меңзеп, балаларды жақсы ойға шақырады. «Содан бері адамдар, Қоянды көрсе төніпті. «Ұрлықшы» деп ұстап ап, Құлағын тарта беріпті» деп балаларды жат қылықтан аулақ болуға, сұғанақ, суық қолды болудан сақтанып жүруге шақырады. Ал «Атам мен апам» өлеңінде «Атамменен мақтанам, Атам – менің жақсы адам» дей келе әр баланың апасы туралы: «Жастар менен кәріге, Үлгі болып бәріне. Қол ұстасып қыдырып, Жүре беріңіз әлі де» деп толғанады. «Тікенек тіл» атты бөлімінде «Жұмысқа алу», «Әріп үйрену» тағы басқа сатиралық өлеңдері қамтылған. «Ойна, ойла!» атты төртінші бөлімі тіпті қызық. Мұнда ойын есеп, жұмбақ, мадақтамалар қамтылған. «Сәнди тамақ ішпейді, анасы болса іш дейді» деген жолдары да балаға ой салады.

«Әдепті бол, арлы бол» деп аталған бесінші бөлімінде сатиралық әңгімелері қамтылған. «Еліктің лағы», «Әннің әлегі», «Қауын «операциясы» әңгімелері әзіл қалжыңмен көмкерілген. «Еліктің лағы» әңгімесінде «Сол күннен бастап Беріктің ермегі еліктің лағы болды. Әкесінің айтқаны бойынша оны ұзын арқанға байлап қойды» деп, адам мен табиғат арасын керемет суреттейді.

Шағын мақалада кітапты толық қамтып шығу мүмкін емес. Біз барынша шолу жасап қамтып өттік. Бақытжан Советұлы бұл жетістікпен тоқтамайды.

Есет ДОСАЛЫ