Бала махаббатты қалай сезінеді? 

Қазіргі заманда көңіл күйі тоқ баланы тәрбиелеу оңай емес. Күннен күнге қиындап барады. Білім беру жүйесі мүлде тоқырады. Көпшілік баласын үйден оқытуға көшіріп жатыр. Не жекеменшік мектептерге береді. Ата-аналарды есірткінің көбеюі алаңдатады. Қылмыс күн өткен сайын үдеді. Біздің қатыгез әлемде ешкім зорлықтан сақтана алмайды. Әке-шешелер баласының өмірі үшін уайым кешеді.
Осының бәріне қарамастан ата-аналарға үміт сыйлағымыз келеді. Баламен арадағы қарым-қатынасқа ештеңе де көлеңкесін түсірмесін дейміз. Балалар ата-анасының махаббатына бөленіп өссін. Ата-ананың басты мақсаты – баласын сүйіспеншілікте өсіру.

Егер бала өзін шын жақсы көретіндігін сезініп өссе, олар тілалғыш болып, әке-шешенің айтқанын тыңдап өседі. Балаңызға қатты жақсы көретіндігіңізді сездіртіңіз. Ол үшін балаңыз махаббатты қай тілде түсінсе, оған деген сүйіспеншілігіңізді сол тілде жеткізіңіз.
Бала сіздің махаббатыңызды сезіну үшін оның жүрегіне жететін жолды ғана тауып қоймай, өз сезіміңізді білдіруді үйренуіңіз керек. Әр бала анасының махаббатын әрқалай түсінеді. Бала (жалпы адамдар) өз махаббатын бес түрлі тәсілмен көрсетеді немесе осы бес түрлі тәсілге мойынсұнады: сипау, мақтау-мақұлдау, уақыт бөлу, сыйлық жасау, көмек қолын созу.

Егер отбасыда бала көп болса, онда олардың махаббат тілі бірдей болмауы да мүмкін. Балалардың мінез-құлқы әр түрлі. Сондықтан махаббатты түсінуі де бөлек-бөлек. Сол үшін әрбірімен өз тілінде сөйлесіп үйреніңіз.

Гарри Чэпмен
Аударған Шынар Әбілдә