Бала өмірге келгенде жасалатын түрлі конфессияларға тән салт-дәстүрлердің ерекшеліктері қандай?

Әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қалыптасқан. Қанша ұлт болса сонша тіл, сонша салт-дәстүр бар. Мәселен, Қазақстан көпұлтты мемлекет.

Мұнда өмір сүріп жатқан түрлі конфессиялардың ұлттық әдеп-ғұрыптары мен салт дәстүрлерін өзге этнос өкілдеріне жіті таныс. Татулық пен бірлікті ту еткен этностар мәдени құндылықтарын құрметтейді. Десе де әр халықтың ерекшелікке толы салт-дәстүрлері жетерлік.

Айталық қазақ халқы ежелден-ақ баланың өмірге келуіне ерекше дайындық жүргізген. Ал сәбидің дүниеге келген сәтінен бастап әрбір отбасы ән айтып, бойындағы қуанышымен бөлісуге асыққан. Тіпті бірінші киген көйлегі, алғашқы басқан қадамы, бесікке алғаш бөленген сәттерінің бәрі ең маңызды оқиға деп қарағанТамаша кезеңді есте сақтап қалу үшін, қазіргі көпшілікке жат, мүмкін қызықсыз думан құра білген. Сондықтан болар, баланың ержету барысындағы алуан түрлі дәстүрлерді ұйымдастыру салтқа айналған. Ал теолог Мұстафа Айдарханұлы кез-келген конфессияда салт-дәстүр дін ұстанымдарымен тікелей байланысты дейді.

— Енді әр халықтың сан ғасырлар бойы сақталған ұлттық дәстүрлері бар. Оның барлығы бір күнде пайда болған жоқ. Дәстүрлері олардың өмірлік және діни бағыты бойынша қалыптасқан. Мәселен, қазақтарда 40-нан шығару бар. Азан шақырып ат қою деген сияқты. Дәд осындай дәстүр орыс халқында да бар. Олар да бала өмірге келгенннен кейін 40 күн өткен соң шіркеуге апарып шоқындырып, атын қояды. Осы екі ғана ұлтты алсақ ұқсастық бар. Басқа да халықтарда да сәби туылса 7 жылға дейін баланы адам қатарына қоспайды. Бұл ұғым қазақ халқында да бар. 7 санын қасиетті деп санаған. Белгілі уақыт аралығына дейін оны адам деп қарамаған.


Расында елімізде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста 
араласып, бірлікте өмір сүруінен бір-біріне ұқсап кеткен дәстүрлерін, салтын да кездестіруге болады. Мұны Тараз қалалық «Әулие Успен» соборының протоиерейі Георгий Власенкода растайды. Ол православ христиандарында бала туғанда жасалатын дәстүр туралы былай дейді:  

— Бізде православ христиандарының отбасында бала өмірге келгенде жасалатын бір маңызды салты бар. Ол бала шоқындыру. Бала өмірге келгеннен кейін 40 күн толғанда баланы шіркеуге әкеледі. Онда баланы шоқындырады. Белгілі әулиенің құрметіне атын қояды. Оны ата-анасы немесе шіркеу қызметкерінің кеңесі арқылы таңдауы мүмкін.  Жаңа діни өзгеріске сай бұл салттың ерекшелігі бала дені сау болып қөсуі үшін ғана емес рухани бай болуы үшін де жасалады.

Баланы шоқындыру православ христиандарында аса маңызды. Бірақ қазіргі қоғамда адамдардың қөзқарастары мен діни ұстанымдары көптеген дәстүрлердің орындалмай немесе бастапқы формасын жоғалтуына сеп болуда. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Елена Карпова атеистік көзқарастағы азамат. Оның айтуынша, ол балаларын шоқындырмаған.

— Бізде балаға 40 күн толғанда әдеп ғұрып бар. Ол баланы шоқындыру. Бірақ қазір ол әдеп-ғұрып емес,дәстүрге айналған секілді. Бірақ менің балаларымның жартысы шоқынбаған. Өйткені мен атеистік көзқарастағы адаммын. Балаларым өскенде сол нәрсені жасағысы келме мен қарсы емеспін. Мәселен, мені анам дүниеге келген соң шоқындырған.  

Ал Жазира Мұратбекова ұлттық салт-дәстүр қашанда сақталуы керек деген пікірде. Оның айтуынша қазақ халқында бар әдеп-ғұрып, салт пен дәстүр шариғатпен байланысты. Әсіресе бала дүниеге келген сәтте жасалатын дәстүрлердің өзіндік мән-мазмұны бар.

 Біздің қазақ халқы дәстүрге берік халық. Оны көзбен көріп жүрміз. Бәрін ұстанамыз. Бірақ заманауи көзқарастағы азаматтар да бар. Олар енді өздері біледі. Бірақ біздің дәстүріміз өмірге келгеннен дүниеден өткенге дейін бәрі қамтылған. Әсіресе бала туылғанда бізде ерекше қарайды.

Жалпы әр халықтың бала өмірге келгенде жасалатын дәстүрлері ұқсас екенін аңғаруға болады. Мәселен, сәби туылғанда ол үшін алдымен құлшылық жасалады. Кәріс халқында да дәл осылай. Ең алғашқы ірі думан баланың дүниеге келгеніне 100 күн толғанда атап өтіледі. «Пэк иль» сөзі корей тілінен аударғанда 100 күн деген мағына береді. Бұл күн кең көлемде тойланбаса да, баланың осы уақыт ішінде шетінеп кетпегеніне шүкіршілік айтып, жақын туыстары қуанады. Балаға қатысты тағы бір дәстүр туралы Жамбыл облыстық ҚХА Журналистер клубының төрағасыМихаил Те баяндап берді.

— Кәріс халлқында да бала өмірге келгенде жасалатын салт-дәстүр бар. Бірақ бала 1 жасқа келгенде кең көлемде атап өтеді. Бұл дәстүр оларда «Толь» немесе «Тольджанчхи» деп аталады. Рәсім қазақтың «Тұсаукесеріне» ұқсайды. Мұнда баланы үстелдің ортасына отырғызып, айналасына түрлі тамақ пен зат қояды. Бала не таңдаса, болашағын сонымен байланыстырады. Жалпы корей халқы үшін жанұяға жаңа мүшенің қосылуы маңызды мерекелердің бірі болып саналады.

Әр халықтың салт-дәстүрлері ғасырлар бойы қалыптасты. Бірақ бүгінгі күні заманның ағымына қарай өзгеріске ұшырағандары немесе мүлде тойланбайтыны да бар. Десе де Жамбыл облысында әр этнос өкілдерінің ұлттық мерекелері мен салт-дәстүрлерін сақтап қалуға жағдай жасалған. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен конфессия өкілдерінің әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлерінде ерекшелік болғанымен түпкі мәні бір. Бр ғана мысал, бала өмірге келгенде жасалатын дәстүрлерді айтуға болады.