Бала тәрбиесі ана құрсағынан басталады

«Баланы жастан» емес, бесіктен, тіпті, ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ұғынған. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренеді, көреді, біледі, көңіліне түйеді. Алайда, адамның бес жасқа дейін бойына сіңірген тәрбиесі бүкіл ғұмырында алған тәрбиесінің тоқсан пайызын құрайды екен. Соның ішінде сәбидің ана құрсағындағы тәрбиесі аса маңызды орын алатын көрінеді. Бір қызығы, бала ана құрсағында болғанда, анасы нені көп үйренсе, нені көп білсе, кейін бала сол нәрсені тез игереді екен. Өйткені, «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетпек».

Баланы тәрбиелеудің, тағылым берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкене балалар үшін бұл қасиеттердің орны айрықша екенін ұғынғанымыз жөн. Кез келген жеткіншек ата-ана махаббатына қашан да шөлдеп, шөліркеп тұрады. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі, есейеді, дұрыс жолға түседі. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді, әрдайым іздеп тұрады. Оны ренжіткісі келмей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін айтқандарын екі етпей орындауға тырысады. Тіпті, өзі жақсы көрген кісіге еліктеп, ұқсағысы келеді. Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида.

«Алла Елшісі (с.ғ.с.) Әлидің (р.а.) ұлы Хасанды (р.а.) бетінен сүйді. Мұны жанында отырған Әл-Ақраъ ибн Хабис Әт-Тамими (р.а.) көріп: «Менің он балам бар. Алайда осы уақытқа дейін мен оның біреуін де еркелетіп сүйген емеспін», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған қарап: «Басқаларға мейірімділік етпегеннің өзі де мейірімділікке бөленбейді», – деді.

Қос дүние сұлтаны, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) барлық адамзаттан сүйіспеншілігін аямаған. Жан жүрегімен жақсы көріп, әрқайсына көңіл бөлетіндіктен, әр сахаба өзін «Пайғамбардың ең жақсы көретін адамы мен шығармын» деген ойға қалады екен. Осыдан-ақ пайғамбар тағылымының мәні зор екенін түйсінуімізге әбден болады. Зерттеушілер де басынан сипап, мейірім көрмеген, маңдайынан иіскемеген балалардың психологиялық ауруларға жиі ұшырайтынын дәлелдеген. Ата-ана немесе кез келген тәрбие беруші үшін балаға көп ұрсып, оған ұзақ ақыл айтқаннан гөрі, оның басынан сипап, мейірім көрсетіп, арқасынан қағуы әлдеқайда әсерлі және пайдалы.

Баланы әуелі тыңдай білген жөн. Ашылып әңгіме айтқан бала өзінің ішкі дүниесін де ақтарып береді. Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді, десе де әр бала ақылды. Олар балалықпен ғана қате жасайды. Ал, үлкендер болса, олардан есейген жанның ісін күтеді. Қателікке бой алдырса, дереу таяқтап, ұрсып, жазғыра жөнеледі. Содан кейін де жасөспірім «үлкендер маған жамандық жасады, ата-анам мені жақсы көрмейді» деген ойға қалуы бек мүмкін. Сондықтан баланың ішкі дүниесімен сырласпастан, оның ойын білместен, жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірместен, оған ұрысу, жазалау, қол жұмсау – дұрыс емес, онда ата-ананікі үлкен қателік болып саналады.

Ата-аналардағы қателіктердің тағы бірі – баланы не болса содан тыйып, іс-әрекетін, қызығушылығын шектей беру. Баланың қате қылығын тыйған кезде, оның дұрысын көрсеткен жөн. Олай болмағанда, бала істеген қателіктерін қайта жасауы немесе қырсық мінезділікке бейімделуі әбден мүмкін. Мысалы, үйдің қабырғасын қаламсаппен сызғыштап ойнаған баланың қолына дереу басқа бір дәптер, қағаз ұстатып, «сызсаң мынаған сыз», «жүгірсең мұнда емес, ана жерге жүгір», «көрсең бұл фильмді емес, мынау фильмді көр» дегеніміз абзалырақ.

Бала – ата-ананың қолындағы аманат. Оған иман, Құран Кәрім және Алла тағаланың әмірлерін үйретіп, сонымен жүруге дағдыландырса, дін және дүние бақытына қауышады. Бұл бақытқа, сауапқа ата-анасы да, ұстазы да ортақ болады. Егер балаға бұларды үйретпесе және әдетке айналдырмаса, бала бақытсыздыққа ұшырайды. Әрбір жасаған жамандықтарының күнәсі ата-анасына да, ұстазына да жазылады. «Барлығың бір үйірдің бағушысы секілдісіңдер. Бағушы үйірін қорғағаны секілді, сендер де үйлеріңдегі және қол астыларыңдағы адамдарды жәһаннамнан қорғауға тиіссіңдер! Оларға мұсылмандықты үйретпесеңдер, олар үшін жауапты боласыңдар!», – деген жолдар бар хадис шәрифте.

Өзінің істеуі харам болған нәрсені баласына жасатқан, арақ ішкізген, құмар ойнатқан, ұятсыз басылымдарды оқуына себеп болған, өтірік, ұрлық секілді жаман мінездерге баулыған адам күнә жасаған болады. Дініміздің негізі – иманды, парыздар мен харамдарды үйрену және үйрету. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Тахрим» сүресінің 6-аятында: «Ей, мүміндер! Өздеріңді және үй-іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар!» – деп бұйырған.

Қамшының сабындай қысқа ғана өмірімізде бала-шағамызды дүниелік жамандықтардан қорғау үшін қалай ұмтылсақ, мәңгілік жамандыққа душар етпеу үшін де дәл солай қорғауымыз керек. Әкенің баласын тозақ отынан сақтауы – дүниелік оттан сақтаудан да маңыздырақ. Тозақ отынан қорғау – иман, парыз, харамдарды үйрету арқылы, ғибадат жасауға дағдыландыру және жаман достардан, зиянды баспалардан қорғау арқылы жүзеге асады. Өзіміз халал тамақ жегеніміздей, балаларымызға да халал тамақ беруге тиіспіз. Хараммен қоректенген баланың денесі нәжіспен иленген қамыр іспетті. Мұндай жасөспірімдер жамандыққа, опасыздыққа үйір келеді.

Ата-ананың міндеті

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Барлық балалар мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди және дінсіз етеді». Олай болса, әрбір мұсылманның бірінші міндеті – баласына ислам дінін және Құран Кәрімді үйрету. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадистеріне тағы бір назар аударсақ, «Ата-ананың бала алдында үш міндеті бар. Олар: балаға жақсы ат қою, дұрыс тәрбие беру, уақыты келгенде үйлендіру» деген жолдарды оқимыз. Иә, Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, жақсы есім қоюға шақырған. Сондықтан балаға есім берерде бұған аса жауапкершілікпен қараған жөн. Баланың өз ортасында жүзі жарқын жүруіне, жақсы кісілерге еліктеп өсуіне де балаға берілетін есімнің берері мол.

Бала алдындағы екінші міндет – дұрыс тәрбие, яғни дінге сауатты, көзі ашық, саналы ұрпақ өсіру. Әр ұл мен қыз ата-анасынан жақсы тәрбие алуға құқылы, ал ата-ана өз алдына бұған аса жауапкершілікпен қарауы тиіс. Құран аяттарында: «Отбасыңа намазға оқуды үйрет. Өзің де оны сабырмен жалғастыр», – делінген. Мухаммад Ибн Абдуллаh (р.а.) риуаят еткен хадисте «Сахабалар: «Баланың ізгі болуы – Алла Тағаладан, ал әдептілік – әкеден» деп айтатын». Яғни, Жаратушы тағдырға ізгілікті жазғаннан кейін, әкенің міндеті – баланы мұсылмандық әдепке үйрету. Араб тіліндегі «әдаб» сөзі өзіне жақсы мінез-құлық, сөз және ісінде басқалардың алдында абыройлы болу, ұятқа қалудан сақтану тәрізді қасиеттерді қамтиды.

Ер жеткен ұлын үйлендіріп, бой жеткен қызын құтты орнына қондыру да ата-ананың бала алдындағы міндетінің бірі. Әбу Хурайрадан келген риуаяттардың бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Әкедегі бала ақысының бірі – балиғат жасына толғанда өзін үйлендіру». Басқа бір хадисте уақыты келсе де баласын үйлендіріп, аяқтандырмаса, баласының күнә істеуіне себеп болса, бұған әкесі жауапты екендігі ескертілген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» деген, сондықтан қазіргі таңда діни сауаттылық еліміз үшін киелі міндеттердің бірі болып саналады. Қандай жағдайда да діннен дәріс алып, балаларымызды шынайы иманға баулуға айрықша көңіл бөлгеніміз жөн. Төл сенімінде берік тұрғандықтан сырттан келетін рухани басшылыққа тегеурінді түрде төтеп бере алатын, ұлттық болмысымыздың қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізе білейік.

Отбасы:ата-ана жəне бала