БАЛА ТӘРБИЕСІ — МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ
Еліміз бойынша ақпанның 6 мен 13-аралығында өткен «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» акциясы аясында Үлгілі орта мектебінде «Ата-ананың өнегелі тәрбиесі баланың бақытты болуының алғышарты» тақырыбында кездесу-кеші ұйымдастырылды. Оған №2 мобильдік топтың мүшелері, мектеп мұғалімдері мен ата-аналар қатысты.
Отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау, құқықтық білім беру, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеуді мақсат еткен шарада қатысушылар алдымен Ролан Быковтың «Я больше сюда никогда не вернусь» қысқаметражды фильмін
тамашалады. Бұдан соң туындының көтерген мәселесіне орай ата-аналар пікірлерімен бөлісіп, туындаған сауалдарға тиісінше жауаптар қайтарылды. Сонымен бірге «Менің сүйікті жанұям» тақырыбында оқушылар салған суреттер бойынша баланың ата-анамен қарым-қатынасы анықталды.
Кездесуді мектеп директоры Нүркен Кенжеқұлов ашып, күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығын атап өтті. Мұнан кейін сөз алған аудандық прокуратураның прокуроры Санжар Телеуов ҚР Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы №235 бұйрығымен қабылданған «Білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған, оларды пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесін» кеңінен түсіндіріп берді. Аудандық ІІБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Марал Аймбекова отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың балалардың мінез-құлқына, тәрбиесіне әсері туралы және «Тұрмыстық зомбылыққа қарсы әрекет ету туралы» заңға тоқталды. Облыс әкімдігі білім басқармасының аудандық білім бөлімінің әдіскері Рәзия Сәбитбекова баланы мейіріммен өсірудің маңыздылығын әңгімеледі. Ата-ананың бақылауынан шығып кеткен бала жағымсыз, қоғамға жат және әдепсіз мінез-құлық үлгісін алатындығын жеткізді. Аталған бөлімнің әдіскері Зәуреш Сатылғанова мектеп қабырғасында әлімжеттік, күш қолдану, балағаттау сынды жағымсыз іс-әрекеттердің алдын алу, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін айтып, ұрпақ бойына сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, өзгенің құқығын қорғау қажеттігіне екпін салды. Аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ ЮПТ УПИ, полиция капитаны Еркебұлан Қырықбаев кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтарға тоқтала келе, Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстеріне, кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерінен мағлұмат берді.
Шара барысында “Жас Ұландықтар” ән мен күйден шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кеш басталмас бұрын кездесуге келген оқушының заңды өкілдері арасында «Сіздің отбасыңыздағы бала тәрбиесімен кім көбірек айналысады?» деген сауалдың жауабы зерделенді. Сауалға қатысушылардың 81 пайызы «анасы» деп көрсеткендігі анықталды.Бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді қозғаған кешке қатысушылармен әлеуметтік педагог С.Ибадуллаева, мектеп психологтары Ж.Жұмағулова мен Ж.Ералы «Антистресс» жаттығулары, сергіту сәттерін жүргізіп, баламен өткізілетін ойындармен таныстырды.
Шара соңында «Үлгілі жанұялар» мектеп әкімшілігі тарапынан марапатталды. Бұл ретте іс-шараны ұйымдастырған “Айналайын” тәрбие орталығының мүшелеріне алғыс айтылды.
Динара Мельдебекова,
директордың құқықтық тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.
Үлгілі ауылы.