Бала тәрбиесін үлкеннен бастау керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл, ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр.
Отбасыдағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасыда қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады. Бала тәрбиесі, ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына, өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді.
Сол сияқты мектеп те білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар, адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет. Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек», – деп атап көрсеткені белгілі.
Ұлт сапасын ойлау – ұлылық
Расында, бүгінгі ұрпақ қалай тәрбиеленіп жатыр? Ұл-қызымызға өзіміз өнеге болып жүрміз бе? Мемлекет басшысы айтқандай, «ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі» екені рас қой. Мұны жасыра алмаймыз, бірақ ақиқатты мойындауымыз қажет. Десек те, жаһанданудың ғаламдық қаупі ұлтты жойып жібереді. Өйткені қазіргі уақытта орташа есеппен 15 күнде бір тіл жойылады. Ал тіл жойылса, ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан тәрбие басы тіл екенін ұмытпайық.
Әрине, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Озық дәстүрмен ғана сапалы ұлт атана аламыз. Мемлекет басшысы ұлттың сапасын жақсарту туралы бекер мәселе көтеріп жүрген жоқ. Өйткені халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады. Ол үшін әр азамат парасатты, өркениеттен жан-жақты хабары бар және озық ойлы болуы қажет. Салыстырмалы түрде қарағанда, қуанатын нәрсеміз бар: қазақ ата-анасы баласын оқуға түсіруге тырысады. «Оқысын, өзге жұрттан артта қалмасын» дейді. Ал оқыған адамның санасы таза, өресі биік болатыны жасырын емес. Сондықтан санада «қайтсек сапалы ұлт боламыз» деген мәселе тұрғаны анық. Бір ғана мысал, біз сапалы ұлт туралы ой қозғағанда, ең алдымен, жапон халқын ауызға аламыз. Бекер емес. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жапон билігінің алдында «мемлекетті қайтсек, озық елге айналдырамыз» мәселесі тұрды. Олар соғыс опа бермейтінін түсінді. Өркениет ғана елді табысқа жетелейді, отандық өндіріс, ұлттық идеология мен даму ғана жапонды ұшпаққа шығаратынын білді. «Ол үшін, ең алдымен, жапондық сананы өзгерту қажет» деп шешті. Жаңғыру тәрбиеден басталатынын білді. Мемлекет осы бағытта қарқынды жұмыс істеді. Бұл ұлттық идеология арқылы білімге құштарлық болып шықты. Отыз-қырық жылдан кейін жапондықтар мұның нәтижесін айқын көре бастады. Ал бүгінгі өркениет заманында жапондықтар баласын қалай тәрбиелейді?
Жапонияда отбасылық институтқа көп мән берілген. 1994 жылы ата-ана тәрбиесін зерттеген жапон ғалымы Азума Хироши Еуропа мен Жапония мәдениетіндегі ерекшеліктерді зерттей келе, мынадай байлам жасаған. Ғалым екі мәдениеттің өкілдеріне конструктор-пирамида құруды тапсырған. Еуропалық тәрбиелеушілер балаларға конструктордың қалай құрылатынын алдымен тәптіштеп түсіндіріп, сосын барып көрсеткен. Ал жапондықтар болса, алдымен конструкторды құрастыруды өздері көрсетеді, содан кейін балалармен отырып бірге қүрастырған. Сондағы айырмашылық не? Жапон ата-анасы немесе ұстаздары өздерінің барлық ісін баланың алдында әрекет арқылы көрсеткен. Ал әрекетті көзбен, іспен көрген бала оны тез орындауға, бірден қағып алуға тырысады. Жалпы, Жапонияда бес жасқа дейін ата-анасы баланың бетін қақпайды. Тіпті дауыс көтеріп ұрыспайды да. Сәби кезінен олар еркін өседі, еркелейді. Егер сәби ойыншықты сындырып қойса, америкалықтар немесе еуропалықтар ойыншықты тартып алады, ал жапондық ата-ана «сен оған қиындық жасадың, ойыншық жарамсыз болып қалды ғой» деп түсіндіреді. Ерекшелік те осында. Бес жасқа дейін жапон ата-анасы балаларын патшадай көреді, ал 5–15 жас аралығында оларды «құл» ретінде тәрбиелейді, жұмсайды. Өмірге бейімдейді. Еңбекке баулиды. Теледидардан немесе интернеттен сабақ аяқталған соң, орындықтарды көтеріп, парта, еденді жуып жатқан жапон оқушыларын көрген боларсыз. Бұл – еңбек. Ал еңбекпен табылған нан тәтті. Ал балабақшада тәрбиешілер балалардың әрекетін үйлестіріп, тек басқарып отырады. Он жасында жапондық бала ұжымдық топтың бір мүшесі болып шығады. Олар өзінің әлеуметтік тобынан бөлек бола алмайды. Жапондар үшін балалардың барлығы бірдей, біреуі артық, кем емес. Тәрбие де, көзқарас та ортақ. 15 жасында, сөйтіп, жапондық бала көзқарасы қалыптасқан тұлға болып шығады. Қорыта айтқанда, санаға әбден орнығып, қалыптасып қалған жапондық бала тәрбиелеу принципі әлемде оларды алға шығарды.
«Айналайыннан» артық сөз жоқ
Расында, ұлттың сапасы туралы біз бекер айтып отырған жоқпыз. Ұлт қадірін білген Жүсіпбек Аймауытұлы: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді», – деген. Бұл нені білдіреді? Бұдан біз күллі адамзаттың тағдыры ұлттың тәрбиесіне байланысты екенін де ұғамыз. Ендеше, желкілдеп өсіп келе жатқан балаға дұрыс тәрбие беру, ең алдымен, үлкендерге, ата-анаға қатысты екені сөзсіз. Қазақ сөздің құдiретін түсінген. Бірауыз жылы сөз жан семіртеді. Мысалы, қазақтың «айналайын» деген сөзі еш ұлтта жоқ. Соншама мейіріммен жан-жүрегімен жақсы көріп айтылатын бұл сөзді басқа тілге аударсақ та, түпкі қазақы мағынасын бере алмайды. Тіпті ақын Олжас Сүлейменовтiң өзі де мұны мойындайды. Өйткені бұл сөзде ұлылық, мейірім, махаббат бар. «Айналайын – чудесное слово, Жаль, что русский его не поймет. Объяснить я готов ему снова. Только бедно звучит перевод», – дейді Олжас Сүлейменов. Расында да солай. Айналайын – қазақтың төл сөзі. Одан артық адам баласына сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен айтатын сөз бар ма? Бұл қазаққа ғана тән. Біз баламызды басынан сипап, бар мейіріммен қарап, «айналайын» деп әлпештеп өсірген ұрпақпыз. Бізді де ата -анамыз «Құдай бере салған, айналайын, балам» деп мәпелеп, жылы сөзін айтқан. Шын мәнінде, бұл ұлтпен бірге жасайтын ұлы сөз. Ақын Кәкімбек Салықовтан шетелдік бір досы: «Әлем бір тілде сөйлесе, қазақтың қай сөзі сыйластық пен қимастықтың ұранын атқара алар еді?» – деп сұрапты. Сонда Кәкімбек аға оған: «Бүкіл әлем сөйлегенде бір тілде, «aйналайын» деген сөзді сақтармыз, – деген екен. Шынында да, ешбір тілге аударылмайтын жүрекке мәңгі сақтайтын жылы сөз ғой. Ал «айналайынды» естіген бала жаман болуы керек пе? Ықылым заманнан бері қазақты сақтап келе жатқан нәрсе бауырмалдық, мейірім мен бірлік емес пе? Отан отбасыдан басталады. Сондықтан да отбасың – бүкіл өмірің, дүниеге келген ұрпақ – сол өміріңнің жалғасы. Ал қазақ ұрпақ үшін өмір сүрген. «Сенің табаныңа кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын» деп баласының алдына барын тосатын қазақтың ата-анасы ғана шығар. Ислам дінінде де ата-ананы құрметтеу керегі айтылады.
Қазақ баласы үшін ең үлкен нәрсе – «ұят болады» деген сөз. Бірақ ұлттың ар-ождандық абыройы мен қалыпты тәртібіне айналған осы сөздің парқын түсіне алып жүрміз бе? Түйткілді мәселелер бар, бізді де бүгінгі қоғамда осы мәселелер алаңдатады. Бір ғана мысал, қазір Қазақстанда бала-шағасына алимент төлемей жүрген 11 мың әйел бар. Ал ұл-қызына алимент төлеуден жалтарған 281 мың ер адам жүр. Олардың барлық берешегінің жалпы сомасы бүгінде 13 миллиард теңгеге жеткен. Ажырасудан алдыңғы лекте келеміз. Ал мұның барлығы баланың тәрбиесіне қалай әсер етеді? Осыны ойлаған ата-ана бар ма? Wisevoter мәліметі бойынша, Қазақстан 2023 жылы ажырасу саны бойынша әлемде 114 елдің ішінде 16-орынға шықты. Бұл қуана қол соғатын көрсеткіш пе? Жоқ. Әрине, жаңадан үйленген жастар арасында түсініспеушіліктің болып жататыны ақиқат. Бірақ отбасылық құндылықтарды берік ұстау үшін тәрбие тал бесіктен басталуға тиіс. Бүгінгі жастар осыны түсінсе дейміз.
Білім мен ұлттық тәлім
Рас, біз көп ретте Жапонияның, Малайзия, Сингапур мен Финляндияның білім саласын үлгі ете береміз. Сөз жоқ, бұл елдер мықты, озық елдер. Бірақ бізде де жақсы бағдарламалар бар, тек оны жүзеге асыра алу қажет. Мұның қандай бағдарлама екеніне мұғалім емес, ең алдымен, ата-ана көз жүгірте терең қараса дейміз.
Мысалы, алғаш рет 2023–2024 оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарламаның мақсаты не, зерттеп қарадық па? Мұның басты мақсаты – балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту. Міне, Оқу-ағарту министрлігінің бұл бағдарламасы алдымен ата-анаға арналып отыр, әйтпесе, мектептегі мұғалім «біртұтас тәрбиенің» не екенін біледі.
Қазақта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Ал «Біртұтас тәрбие» бағдарламасында жаңа мазмұн бар. Оның ерекшелігі – биылдан бастап барлық пәнді оқытуда мұғалімге баланың бойына біліммен қатар ұлттық тәрбиені қоса беру міндеттелген. Бағдарламада «Отбасылық дәстүрлер», Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут», «Үнемді тұтыну», «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі», «Досболlike» – достық қолыңды соз», «Күй күмбірі» секілді бөлімдер бар. Қорыта айтқанда, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасында білім мен ұлттық тәлім қоса беріледі. Демек, біз қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған мол танымдық мұрасы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық ойындарын білім саласында ұдайы қолданудың ерекше тәрбиелік мәні бар екенін ұғынуымыз қажет.
Ал баланың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру жалпыадамзаттық құндылықтарды бағалаған Қазақстанның бар азаматының мақсат-мүддесіне айналуға тиіс. Әдет-ғұрып, салт дәстүр, ұлттық тәрбие ғана отбасын берік ұстап, бақытты ете алады. Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты еңбегінде «тәрбиенің мақсаты – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса, барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлты бақытты. Адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиенің мақсаты – адам деген атты құр жалаң қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару», – дейді.
Демек, тәрбие – тал бесіктен, бақытты болу өз қолымызда.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»