Балаға көтере алатын атты қой!

Жақсы мен жаман
№ 112. Балаға көтере алатын атты қой !

Бір шежіреші жігіттерден Қызай Есенкелді батыр туралы айтып отырып, атамыз сан жорықта Қабанбай батырмен қатар жүрген екен, содан бір баласының атын «Көтере алсаң Қабанбай боласың, көтере алмасаң Жаманбай боласың» деп Қабанбай қойыпты дегенді естідім. Сөзім сөз -ақ !
Ертеде, атам қазақ заманында, жаңа туған нәрестеге ат қою үш түрлі жағдайда іске асады. Ең алдымен жиі кездесетіні баланың атын ең алдымен жерден көтеріп алған кіндік шешесі қояды. Баланы көтеріп алғанда көзі неге түседі сол ныспыға айналады, мысалы жүгенді көрсе -Жүгенбай, балтаны көрсе -Балтабай деген сияқты. Екіншіден, жерден көтеріп алған әйелдің жолын беріп ат қою үшін молданы шақырып кітап ашқызады, ол да кітапты ашқан бетінен бірінші кездескен атауды береді. Үшіншіден, ерекше жағдайда, би-батырлардың отбасында ел ақсақалдары ырым қылып баланың өздері қояды, ол жағдайда байырғы ата-бабаларының аттарынан, ата баласы-руға басшылық еткен адамдардан таңдайды. Ат қоюдың басқа да түрлері жетерлік, бала тұрмаған жағдайда жаңа туған сәбиді баласы көп ағайынға «сатып», одан Сатыбалды болып кететіні де, ержетіп қалған баланың атын өзгертіп жататыны, жеңгелері берген аттың өз атын ұмыттырып жіберетіні де бар, бірақ негізгілері жоғарыдағы мысалдар болса керек. Қазақ жерден кім көтеріп алса бала соған тартады екен деп те ырым қылады. Түгел тарта қоймаса да бір қасиеті жұғатыны рас болса керек.
Қазақ қандай жағдайда да атты ырыммен қояды, бірақ есептен шығып кетпейді. Балаңа мықтының атын қойғың келді ме, солар сияқты патша, батыр, қайраткер болсын деп армандадың ба, оның нағашысы туралы үйленбей тұрып ойлануың керек -ау ! Қабылет -сенен, қасиет -нағашыдан ! Қазақшаға жолағың келмесе онда қазіргі қаптап жүрген не қазақ емес, не еуропа емес мағынасыз, бірақ айтуға жеңіл атаулар бар, соның бірі қою керек. Кім болып шықса ол болып шығады, әйтеуір, өзіңнің де, өзгенің де тілі атақты патшаларға тимейді, олардың аруақтарын қозғамайды, ешкім де сыртыңнан «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп кекетпейді.

*Бұл постты қайта өңдедім, қайта жариялап отырған себеп сол, ертеңгі күні кітап болып шықса оқырманнан оң батасын алғандары ғана енеді ғой !