Балалар әдебиетінің бағбаны

Биыл елімізге белгілі балалар ақыны, журналист Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ертіс ауданының Құрметті азаматы Мүбәрак Жаманбалиновтың туғанына 95 жыл толды. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен «Елі ардақтаған ақын» атты конференцияда жергілікті қаламгерлер Мүбәрак ақынның өнегелі істері туралы естелік-әңгімелерімен бөлісті.

Шараны С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана мен Ертіс аудандық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды. Оған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов, Павлодар облысының Құрметті азаматы Ғалия Балтабай, әнші-сазгер Назымбек Дүкенбай, Ертіс ауданының Құрметті азаматы Самат Мәненов және ақынның ұрпақтары мен жерлестері жиналды. Мүбәрак Жаманбалиновтың қазақ руханиятының өрлеуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол сыршыл ақын, ұлағатты ұстаз әрі қарымды журналист болды. Мүбәрак Кәрімұлы өлкетану бағытында да өлшеусіз еңбек қалдырды. Ертіс ауданының арғы-бергі тарихына қатысты бірнеше кітап жазды. Ақын үлкен әдеби ортадан шалғай жүріп-ақ, қазақ балаларына сусын боларлық мол әдеби мұра қалдырып кетті. Ол аудандық «Ертіс нұры» газетінің негізін қалап, сол басылымда көп жыл қызмет атқарды және облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің Ертіс ауданындағы меншікті тілшісі болды. Мүбәрак Жаманбалиновтың шығармашылығы және балалар әдебиетіндегі орыны туралы қазақтың көрнекті қаламгерлері – Қадыр Мырза-Әлі, Мұзафар Әлімбаев,  Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев сынды ақындар да жоғары баға берген екен. Ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлі бір сөзінде: «Мүбәрак Жаманбалинов – қазақ балалар әдебиетін көркейтуге жан-тәнімен қызмет етіп жүрген, осындай, ірі таланттарымыздың бірі. Ол өзінің балалар психологиясын жете зерттей жазған өлеңдерімен бөбектерді ұдайы қуанышқа бөліп келеді» деген болатын.

— Мүбәрак ақынның өлеңдерін бала кезімізде оқып, жаттап өстік. Иә, ол кезде балаларға арналған өлеңдері өте қызықты болатын. Өзі негізінен ұстаз болғандықтан бала психолгиясын терең меңгерген адам. Сонымен қатар, Ертіс өңірінің тарихын жазу жолында көп еңбек етті. Сол өңірдің ақсақалдарымен жеке-жеке кездесіп, әңгімелесіп дерек жинағаны көалдымызда. Соның арқасында аудан тарихы туралы екі кітап шықты. Бұл бүгінгі буын мен ертеңгі ұрпақ үшін өте қажет дүние болып қалмақ, — деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов.

Ертіс ауданына белгілі ардагер ұстаз, ұлт жанашыры Нұрболат Әутәліповтің сөзінше, «Мүбәрактану» оқулығы ең бірінші 2004 жылы №2 орта мектепте оқытыла бастаған.

— Ол кезде мен мектеп директоры едім. Оқушыларымды қайтсем таза қазақ тілінде сөйлетемін және қазақша ойлау жүйесін қалай қалыптастыруға болады деген ой мазалап жүрді. Сөйтіп жүргенде «жерлесіміз Мүбәрак ақынның балаларға арналған өлеңдерін неге пайдаланбасқа?» деген ой түсті. Бірден бастауыш сынып мұғалімдерімен ақылдаса отырып, ақын шығармашылығынан оқулық әзірлеуді тапсырдым. Яғни, әр сыныптың өз деңгейіне сай құрастырып, аптасына бір сағаттан беру керек болды. Бір күні мектепке Мүбәрак ағамыз келді. Осы бастамамды айттым. Өзі де бірауыздан құптады. Бір жыл ішінде «Мүбәрактану» оқулығын әзірледік, оны сол кездегі С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры болып тұрған Ерлан Арын қолдап, 100 дана шығарып берді. Біз мұнымен тоқталмадық. 2004 жылы алғаш рет мектеп ішінде Мүбәрак оқуы байқауын өткіздік. Көзі тірісінде үнемі келіп қатысып жүрді. Ал, 2008 жылы аудандық деңгейге көтеріліп, содан бері ұйымдастырылып келеді, — дейді Нұрболат Әутәліпов.

Жиын барысында «Елім деп соққан жүрегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған ақынның суреттері, кітаптары және газетке шыққан мақалалары қойлыды. Сонымен қатар, жиналған қауымға «Ақын жолы» атты бейнебаян көрсетілді.

Тілеуберді САХАБА