Балалар арасындағы СУИЦИД қайдан пайда болады, оларды қалай қорғаймыз?

Бұған нақты бір себеп бар деп айтуға да келмейтін шығар, оның әр түрлі себеп-салдары болуы мүмкін. Сондықтан, әрбір ата-ана ұл-қызының бойындағы, мінезіндегі ерекшеліктерге абай болып, бақылауды қолдан шығарып алмағаны жөн.

Суицид — бұл адамның өз жанына қастандық жасауы екендігін түсіндіріп жатудың өзі артық. Қазір бұл мәселе бойынша алаңдамайтын, жүрегіне қорқыныш ұяламайтын ата-ана кемде-кем. Қоғамның өзгеруіне байланысты, мүмкін, интернет кінәлі деп бір ғана құбылысты немесе себептің шығу тарихын қазбаламай, алдын алу қажет.

Балаңызға айтылатын сөздеріңізге сақ болыңыз. Өйткені, абайсызда айтылған, ашумен бағыттап айтылған әрбір ащы сөз баланың жүрегіне қанжар болып қадалады. Бала қателеседі. Алайда, қателігі үшін, білместігі үшін айыптамастан бұрын неліктен бұлай болғанын сұраңыз. Баламен сырласыңыз.

«Күйдірдің сен бала», «Өле қал», «Сені бекер тудым» деген ауыр сөздер балғын санада өшпестей жара қалдыратынын естен шығармаңыз.

Суицидтің екі түрі болады екен, шынайы және жалған суицид. Шынайы түрі өз жанына қастандық жасау үшін алдын-ал жоспарланған әрекет. Жалған түрі осындай жолмен өзіне қоғамның назарын аудару болып табылады.

Ал балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің көптеген себептері бар екен. Оның басты себептерінің бірі көбінесе отбасындағы қарым-қатынас. Яғни, ата-ана мен баланың ортасындағы және отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынастың дұрыс жолға қойылмауы.

Көп жағдайда бала ата-анасымен немесе бауырларымен келісімге келе алмай жатады, арадағы түсіністік жоғалады. Тіл табысу да қиындай түседі. Сондықтан бала осындай өмірден шаршайды, тығырықтан шығудың бірден-бір жолы ретінде осы жолды таңдауы мүмкін.

Әлбетте, ұлымен немесе қызымен қарым-қатынас барысында ата-ана балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін түсіндірмек болады. Бірақ, баланың да өз ойы бар. Мысалы, сабақтан соң, үйге кешігіп келген баланың жер-жебіріне жетіп, қаталдау болғысы келген әкелердің кейбірі тіпті, қол жұмсап, ұрып-соғуға дейін барады.

Ал бала не себепті өзгере бастады? Бұрын мұндай қылықтары жоқ баланың не себептен ерсі қылықтарға барып жүргені көп ата-ананы ойландырмайды. Баласымен өзімен тең адамдай сырласып, жан-дүниесіне үңіліп, терең сырласатын ата-аналар да жоқ дей алмаспыз, бірақ, олар кемде-кем.

Сондықтан, ата-анасынан, бауырларынан қолдау көрмеген бала жалғызсырап, жабырқай береді. Мұндай терең жабырқаудың соңы суицитке апаратын жолдың бастауы. Өз ойының шырмауынан шыға алмай, «жалғыз» қалған жеткіншек өлім туралы ойлайды.

Сондықтан, ата-ана немесе психолог жеткіншекпен жұмыс істемеген жағдайда мәселенің соңы қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін.

Өзін керексіз сезіну, үмітсіздік

Яғни, бала үнемі «мені ешкім жақсы көрмейді. Барлығы мені кінәлайды. Мен ешкімге керек емеспін» деген сияқты сөздерді жиі айтса, тез арада жағдайды түзетуге кірісіңіз. Болашағын елестете алмайтын балаға үміт сыйлаңыз, «сен маған керексің. Сенің қолыңнан келеді, мен сені мақтан тұтамын, сенен үмыт күтемін» деген сөздерді баланың санасына құя беріңіз. Санасында үміт сәулесі пайда болған баланы ары қарай да өмірге құштарлығын оятуға септігіңізді тигізіңіз.

Еліктеушілік

Жеткіншектер арасында өткінші махаббатты бастан кешіп, жолы болмаған жағдайда сол махаббатын «дәлелдеу» мақсатында тамырын қию, биіктіктен секіру секілді оғаш қылықтар жасауы мүмкін. Өзін жауапсыз махаббаттың құрбаны етіп сезінгенде өзінің беделін сақтау үшін жасалатын әрекет.

Суицидті насихаттайтын кинолар мен әлеуметтік желілердегі немесе кітаптардағы жазбалардан сақтандыру қажет.

Науқас

«Ата-анама масыл болдым» деп ойлайтын белгілі бір науқасқа шалдыққан балада іштей өзін-өзі жеу пайда болады. Өзімді де, өзгені де қинағанша менің бұл өмірде болмағаным да дұрыс. Осылайша мен барлығын қиындықтан құтқарамын деп ойлайды.

Мұндай балалардың ата-аналары есте сақтау керек: дені сау адаммен, басқа балаларыңызбен қалай сөйлессеңіз, дертке ұшыраған баланы да олардан кем санамаңыз. Өзін қор сезінбесін. Керісінше, ондай ерекше адамдардың үлкен жетістіктерге жетіп жатқандықтары жайлы баяндап, дәлелдер де келтіріп бере аласыз. Жігерін жанып, қолдау білдірсеңіз, сіздің балаңыз да белгілі бір биіктікті бағындырып, жетістікке жетуге ұмтылады.

Зорлық-зомбылыққа ұшырау

Баланың психологиясына ең ауыр соққы. Жаны күйзелген, тәні жараланған балада басқа шығар жол жоқтай көрінеді. Алға қарай қадам баса алмай қалады. Мұндай жағдайда да психологтардың көмегі қажет. Ал, ата-ана баланың ең басты қорғанышы.

Балаңызды ҚОРҒАҢЫЗ!

Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА

ERNUR.KZ