Балаларды қатерден құтқарған азамат
Кенен ауылындағы «Ешкілі-Қордай» су қоймасы шомылуға арналмаған орын. Бірақ, суға түсіп салқындағысы келетіндерді ешкім бөгей алмайды. Өкінішке қарай, сақтық шараларын сақтамай суға кеткендер де бар. Дегенмен бұл әлі де болса көп адамға сабақ болмай тұр.
Жақында аталмыш су қоймасында қайғылы жағдай орын ала жаздады. Кенен ауылының бір топ баласы суға түсіп сақтықты ұмытады. Сол сәтте қатты тұрған жел үрлемелі баллонға жармасқан екі жасөспірімді судың ортасына алып кетеді. Оны кеш байқап қалған қос жағадағылар абдырап, не істерлерін білмей сасып қалады. Көптің арасынан құтқаруға біраз азаматтар ұмтылады. Солардың ішінде су ортасында қалған балалардың әкелері де бар. Олар жанұшыра ұмтылғанымен су кеуде тұсына келгенде аяққа оралған қалың балдырдан ары қарай жүре алмай қалады. Осы тұста топ арасынан 24 жастағы Ержігіт Есепбаев малтып, балдырлы тұсын айналып өтіп, амалын тауып балаларға жетеді. Қорқып қалған балалардың үрейін басып, жағалауға алып шығады.
– Қатты соққан желден алдында өзіміз шомыла алмай қалған болатынбыз. Судың арғы жағында жүрген жандарға мән берген де жоқ едік. Мұндай жағдай орын алғанда ойланып тұруға уақыт болған жоқ. Балалардың жанына барсам олар бар күштерімен баллонға асылып алған, аяқтарына балдыр оралып қалыпты. Оларды жағаға қарай алып шығарда тек сумен ғана емес, қалың балдырдан да өтуге тура келді. Абырой болғанда, барлығы ойдағыдай аяқталды, – дейді Ержігіт.
Бұл жағдай бірден ауылға тарап, жас жігіттің ерлігі елге белгілі болды. Өз өмірін қауіпке тіге отырып екі баланы аман алып шыққан Ержігітке ауылдастары аздаған қолдау да көрсетіпті. Ауыл белсендісі Гүлсім Көшкінбаева бас болып, сонымен қатар өзге де азаматтар қостап Ержігіттің жаңадан салынып жатқан үйіне көмек болсын деп қомақты қаржы жинап берген. Оны табыс етуге ауыл имамы Саят Рахимов, ауыл ақсақалы Жамбыл Сатыбалдиев және Гүлсім Көшкінбаева арнайы барып, батырға сыйлығын ұсынып, батасын беріп қайтты. Ерлігін бұлдамайтын осындай азаматтар көп болғай!
Жандос ОМАРОВ , журналист. Қордай ауданы.