Балаларды ойын арқылы тəрбиелеу
Баланы табу – қиын, жақсылыққа бастау – одан да қиын деп білген қазақ халқы балаларды есейгенде Отанының, халқының азаматы етіп тəрбиелеуде алуан түрлі айла-тəсіл қолданған. Тіпті, алғаш аяғын еркін басып, тілі толық шығып ойнай бастағанда, оларға «санамақ», «ханқыз» сияқты айтуға жеңіл, тапқырлық пен ақындыққа жетелейтін ойын түрлерін үйреткен.
Мысалы, «Санамақ» ойынында:
– Бір,
– Біздің үйге кір!
– Екі,
– Ет турайтын бəкі.
– Үш,
– Сені жықпақ күш.
– Төрт,
– Маңдайыма шерт!
– Бес,
– Майлы құлақ кес!
– Алты,
– Ата-баба салты.
– Жеті,
– Жел-боранның өті.
– Сегіз,
– Болсын серкең семіз.
– Тоғыз,
– Борсық жейді қоңыз.
– Он,
– Атаң киген тон.
– Он бір,
– Қонақ келсе қондыр!
– Он екі,
– Жаман – насыбай, темекі! – деп еркін ұйқас, мəнді сөз саптауға жаттықтырса; ал «Хан-қыз» ойынында: ұшып жүрген бір хан қызды (ел қайда көшер) ұстап алып, оны саусағына қондырып:
– Ел қайда көшеді?
Суды қайдан ішеді? – деп бірнеше рет əндетеді де, хан-қыз саусақтарының басына барып қанатын ашып ұшуға айналған кезде:
– Қызым, қайда барасың?
– Көк жайлауға барамын.
– Көк жайлауда нең бар?
– Алтын буған тең бар.
– Дария-суды кім ішер?
– Шөлдеп барған шал ішер.
– Тұр, балақай, сəлем бер! – деп өздері сұрау қойып, өздері жауап беріп, соңында, хан-қызды өздігінен ұшпаса үрлеп ұшырып жіберіп, «ел мына жаққа көшеді екен» деп шуылдап хан-қыздың соңынан қуа жөнеледі…
Бұл ойын балалардың ақыл-ойын дамытып, дүниені тануын молайтып, кейбір зиянды əдеттерден алыс болуға баулып, үлкендерді, қарияларды құрметтеп, сəлем беру секілді кісілік жол-жосынды ұғындырады. Ең маңыздысы, балалардың жасампаздық қабілетін жоғарылатып, өмірге деген құштарлығын арттырып, жан сезімін байытады.