Балаларға базарлық
Балалар ақыны Ескен Елубай ағамызды таныстырудың қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Бірақ өмір бойғы шығармашылығын балаларға арнаған ақындар саусақпен санарлық. Ес-ағаң солардың ішіндегі бірегейі десек, артық мақтағандық емес. Қазақстанда Ескен ағаның кітаптарының таралымы ең жоғары деңгейде. Газетіміздің жанашыры, ойын ашық та кесек айтатын Ескен ағамыздың кішкентайларға арналған әрбір өлең-базарлығында үлкен ой-таулар жатыр. Болашақ Толағайларымыз өздеріне зор нәр, рух алады деп сенеміз.
ҚАҚПАТАС
Көп ойнап ем,
Жүр есімде.
Сендерге айтсам орынды.
Білмейсің бе,
Білесің бе
Бұл ұмыт қалған ойынды.
Бала кезде ойнайтынбыз
Ұлттық ойнын қазақтың.
Қызығына тоймайтынбыз
«Қақпатастың» ғажап тым.
Осы ойынға шебертінмін,
Ұнатушы ем оны шын.
Сайдан теріп келетінмін
Бес малта тас сол үшін.
Қимылдарын жонгілердің
Игерем дер бала көп.
Сұрап ал елден жөн білетін
«Қақпатас ойыны қалай?»
— деп.
Епті, шапшаң болу үшін
Жаттықтырар қолыңды.
Үйреніп ал соның үшін
«Қақпатастай» ойынды.
КӨМЕК
Ойнап жүрген далада,
– Үйге қайт! – деп балаға,
Шақырса да анасы
Тыңдамайды ол, қарашы.
– Үйге қайт! – деп жатса да,
Балконға шығып айтса да,
Әкеде де шара жоқ,
Тіл алатын бала жоқ.
Келмей бала үйіне,
Екеуі отыр күйіне…
Содан, содан болды не?
Қаптап бұлттар келді де,
Жаңбыр жауды кенеттен
Құйылғандай шелекпен.
Тыңдамас әке-шешесін,
Қайтарғандай есесін.
Тартқызғандай сазасын,
Бергендей боп жазасын.
Дедектетіп баланы
Үйіне қуып барады.
Келуге үйге жалтарған,
Баланы ол сөйтіп қайтарған.
Асыќтардың атауы ќандай?
Төрт түлік малда,
Асықтар бар ма?
Бәрінде бірдей,
Жүргенім, білмей.
Соны айтар
Кім бар?
Құлақ сап,
Тыңдар…
Үш мал бар,
Қазір жауабы әзір:
Қойдыкі – «асық»,
Ешкінікі – «шікімай»,
Сиырдікі –«сомпай»…
Атауы сондай.
Айттық үш малды,
Екеуі қалды.
Ол екі малың,
Бәріне мәлім:
Түйе ғой бірі,
Малдағы ірі.
Ал онда асық.
Бар ма, айташық.
Жылқы ғой бірі,
Келісті түрі.
Ал онда асық
Бар ма, айт ашық.
Келісті түрі.
Ал онда асық,
Бар ма, айт ашық.
Егер де болса,
Көп созбай онша,
Атауын тапса,
Бізге айтып жатса…
Меніңше, мұны
Еш адамың білмес.
Асығын қолға ап,
Көргем жоқ ойнап.
Болғам жоқ бекер
Асыққа шебер.
Балалық кезде
Түсер ем көзге…
Маған бұл сөз бе,
Ұтылар өзге…
ТӨЛЕ БИ
Бар қазаққа “Төбе би”
Атанды Үйсін Төле би.
Алдында оның бәрлерің
Бастарыңды төмен и.
Тұлғасы ерен, биікте,
Көсем, шешен, білік те.
Төле бидің қолы тек
“Жеткен түгел билікке”.
Мұның мәні мынадан:
Қазақта өзі бір адам
Әкім болып алты жыл
Ташкентті сұраған…
Әділ шешкен дауларды,
Жеңген келген жауларды.
Қаһарман боп қол бастап,
Жерін қорғап, сайланды…
Төле биден не қалды? —
Ұлан-байтақ жер қалды,
Қазақ деген ел қалды,
Мемлекет болмақ ең алды.
Сөздер қалды шешендік,
Өнеге, аңыз, көсемдік,
Ұрпағы өскен —
Тілейтін,
Бірлік, аман-есендік.
«Жеті жарғы»
«Жеті жарғы» жөнінде
Мәлімет жоқ көбіңде.
Он жетінші ғасырда
Шыққан қазақ елінде.
Қызығады әр кісі,
Келер біліп алғысы.
Қабылдаған
Тәуке хан,
Қандай «Жеті жарғысы»?
Ел болмайды ханы жоқ,
Хан болмайды заңы жоқ.
Заң болмайды билігін
Жүргізе алмас мәні жоқ.
Ел сүйенер ханына,
Хан сүйенер заңына,
Хандық құрып алған ел
Бірігеді жанына.
Тармақ-тармақ баптарын,
Қолданатын шарттарын,
Таныстырсақ, нұсқасы
Бізге жеткен дап-дайын.
Бірінші заң – Жер дауы,
Даудың осы – ең дәуі.
Біріктірмес жақ-жақ қып,
Сорлататын ел жауы.
Бағып жүрген малының,
Қамын ойлап жайының.
Жанжалдасар өзара,
Таласары – жайылым…
Екінші заң –
Ұрпақты,
Тәрбиелей біл, нақты.
Үй ішінің бірлігі
Әрқашанда қымбатты.
Отбасында шатыспау,
Бүлініп, жүз шайыспау,
Жеті атаға жеткенше
Қыз беріп,
Қыз алыспау…
Үшінші заң –
Ұрлықты,
Жасап, бұзба тірлікті,
Барымтаға жол бермеу,
Ажыратар бірлікті.
Малын ұрлап өзгенің.
Жүргеннің жой көздерін.
Қатаң түрде жазалау,
Кісіліктен безгенін…
Төртінші –
Ру арасын,
Ел мен елдің таласын,
Мәмілеге келтіру –
Қарастыру шарасын.
Соғыспауға көнуі,
Керек жаудың сенуі,
Сол үшін ғой Төле би
Аманатқа ұлын беруі…
Бесінші –
Қорғау ел ішін.
Атамекен жер үшін
Келген жауға беріспеу,
Жалғастырып ер ісін.
Белге қылыш байлаған,
Қолда найза қайраған,
Үш жүз басы қосылып,
Бір қолбасшы сайлаған…
Алтыншы заң –
Құн дауы,
Шешпей оны тынбауы,
Арызданып келгендер
Би кеңесін тыңдауы.
Сол кеңесте шешілген,
Құн төлету кесілген.
Кісі өлтірген адамды
Заң жоқ ешбір кешірген.
Кісі өлтіру айыбы,
Жазаның ең ауыры.
Екі жүз жылқы –
Құн төлеу,
Не «қанға-қан» қарымы.
Жетінші заң –
Жесір дауы.
Жесір қалса әйелдер,
Отырғызбау басын бос,
Үйленуі әмеңгер.
Зорлық жасап басынбау,
Шет жұртқа оны асырмау,
Жесір кетсе бетімен,
Шырмағаны басын дау…
***
«Жеті жарғы» таралған,
Кодекске баланған,
Оның құқық баптары
Барынша әділ саналған.
«Жеті жарғы» жайында
Қолда мәтін барында,
Мұндай заңды біз айтқан
Қиын өзге елден табу да.
Қазіргімен салыстыр.
Қайсы жері қалыс тұр?
Жоғалтпаған мән, күшін,
Заң баптары әлі ұшқыр…