Мереке ,мерекеге ұласты..!

Бүгін Павлодар қаласының орталық алаңында Наурыз мерекесіне және Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Ұлыс күнін атап өтуге және жиналған жас жеткіншектердің көңіліне мерекелік қуаныш сыйлауға облыстық білім басқармасы да айтарлықтай үлес қосты.

Басқарма басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, ұстаздар оқушылармен бірлесе отырып концерттік бағдарлама және қызықты ойындар ұйымдастырған.

— Бір күн ішінде қазақ халқының барлық ұлттық ойындарын көрсету мүмкін емес. Сондықтан ең негізгілерін ұйымдастырып, ойнатуға тырыстық. Осындай ұлттық мерекелерде қазақ халқының салт-дәстүрлерін кеңінен көрсетіп, балалардың қызығушылығын арттырып, санасына сіңіре беруіміз керек, — дейді Дінислам Болатханұлы.

Алаңға келген балалар үшін «Бүлдіршіндер әлемі» аймағы құрылып, «Достық шеберханасы», «Білім инновация» көрмесі, «Көктемніңшуағы-Наурыз!» сынды алуан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Шығыс базары», «Бала барысы», «Арқан тарту», «Алтын сақа», «Тоғызқұмалақ», «Ойыналаңы» ойындарында бақ сынасты. Қазақ күресі бойынша өткен «Бала барысы» сайысында 10-16 жасар балалар белдесіп, өзара мықтыларын анықтады.

Павлодар оқушылар сарайының тәрбиеленушілері мен  Павлодар қаласының қосымша білім ұйымы «Көктемнің шуағы – Наурыз!»  атты театрландырылған көрініс ұсынды. Онда Қыдыр ата және халық ертегілер кейіпкерлері бейнеленді. Бұдан бөлек Павлодар музыка мектеп-интернаты мен ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары да өз өнерлерін ұсынды.

«Шығыс базарының» қатысушылары шығыс еліне саяхат жасады. Осында әртүрлі ұлттық тағамдары мен мектеп оқушыларының өздері жасаған бұйымдары көрмелері өтті. Мұнда сатылған дүниелерден түскен қаражат сырқат балалардың еміне жұмсалады. Ал, «Достық шеберханасы» алаңында киіз үйлер тігілді. Онда ұстаздар қолөнер бұйымдарын жасаудан яғни, ас пісіру, бисер өру, киіз басу, тігу, тоқыма тоқудан  шеберлік сағатын өткізді.

«Білім-инновация» атты алаңда дарынды балаларға арналған лицей-интернатының оқушылары өздерінің физика, биология, химия, робототехника пәндері бойынша ғылыми жобаларын көрсетті.

Ойын алаңында аниматор, бой қуыршақтары, алтыбақан сынды басқа да көптеген ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Балалардың көңіл-күйлерінен көктемнің жадыраған лебі сезіліп тұрғандай көрінді, қуаныштарында шек жоқ. Сайыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өз тілшіміз