Балаларым «эксперимент» құрбанына айнала ма деп қорқамын. Ал жаңа келген министр осы қаупімізді сейілтеді деген сенімдеміз

Білім және ғылым министрі
Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызына ашық хат!

Алаш арыстары  жапонды үлгі етіп еді, ал біз…

Сәуле Мешітбайқызы

Өзім ұстаз болғасын болар, білім саласына бүйрегім бұрып тұратыны рас. Ол жақтағы кейбір келеңсіздіктерді көргенде көңіл түскір жасып қалады, іргелі істерді естігенде көңіл құрғыр тасып қалады. Енді не болар екен деп алабұртқан жүрек кейде дүрсілдеп кетеді. Әйтеуір жақсылыққа іңкәр көңіл өткенге салауат айтады. Жеткенге шүкіршілік етеді. Қалай десем де білім жолындағы ізденістер төске шауап, ел болашағы саналатын келер ұрпақ эксперименттің «құрбаны» болмаса екен деймін. Жас өскін өз қабілетіне сай білім алып, ауыр жүктемеге ұрынбағанын дұрыс көремін. Бұл өзі әлемдік тәжірибедегі үлгі ғой. Төрткүл дүниені аузына қаратқан жапон халқы, баланың ой-санасының бекіп, таным-түсінігінің кеңеюуіне басты назар аударады. Ол — 11-12 жас аралығы. Бұған дейін білім тек ана тілінде беріледі. Аппақ парақтай бала болмысына ұлттық пайым-парасат, ата-баба рухы, сан ғасырлық тарихи сабақтастық — қан тамыры арқылы тарайды. Баланың рухани шөлі қанады. Тұлғалық танымы кеңейеді. Туған ел мен жерге деген құштарлығы артады. Бұғанасы бекиді, күш-қуаты нығаяды. Еліктесең осыларға елікте! Қызықсаң осыларға қызық! Кезінде алаш қайраткерлерінің жапон халқын үлгі тұтқаны, олардың өнер-біліміне көзсіз көбелектей ұмтылғаны — тарихта хатталып жатыр. Бүгінгідей ғаламтор заманы емес, керегіңді қотарып тауып алатын, сөйте тұра өлермендікпен айшылық алыс жердегі Жапонияны зерттеу, олардың ұлттық құндылықтарына баға беру — елім деген алаш азаматтарының өрен ерлігінің бірі еді. Алаш арыстары сол заманда дәріптеген Жапон халқы енді ғана дамуға бет алған еңбекқор жұрт болатын. Олардың келешегіне зор үмітпен қараған Алаштықтар неткен көреген еді…
Осындайда біздің елдегі үш тұғырлы тіл саясаты ойға оралады. Бесіктен белі шықпаған баланың ақылын — атала, миын — ботқа ету алысты болжаған қырағылық деуге келе ме? Бұл реформаға кезінде қарсы шыққандардың сапында мен де болдым. Айтылар сөз жеріне жете қопарылды. Түрлі мысалдар алға тартылды. Қарсы мақалалар жарыққа шықты. Бірақ бұған билік селт етпеді. Өз дегендерін жасады. Алайда «Халық айтса қалып айтпайтынын» кеш те болса түсінген секілді.
Құдайға шүкір, Мемлекет басшысы өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте үкімет мүшелерінің баяндамаларын талқылай отырып, білім беру жүйесінің үштілділік бағдарламасын іске асыру мәселесіне назар аударды. «Бұл — өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», — деп сөзін түйіндеді. Бұл жерде Президент әр тілді жіліктеп бермесе де, басымдық қазақ тіліне тиесілі екенін пайымдау қиын шаруа емес қой.
Ауылда туып, ауылда өскендіктен болар, небір ғұламалардың дала төсінде есейіп, самал желмен қуаттанғаны да ерекше әсерге бөлейді мені. Әйтсе де сол қараша ауылдың бүгінгі балалары өз дәргейінде білім нәрімен сусындай алып жүр ме? Мектептер жаңа заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген бе? Оқушылардың көптігінен үш ауысымдық білім беру әлі жалғасып жатқан жоқ па? Жаңа мектептер салынып, мұғалімдердің білім беру сапасы артуда ма? Оқу құралдары талапқа сай ма? Ұстаздардың айтар даты бар ма? Осы тектес сауалдар көкейде кілкіп тұр. Негізі білім саласында қордаланған проблемалар жетерлік. Бір ғана оқу құралдарының тендерлік бөліспен жазылып, кейін сан соғып жататынымыз бөлек әңгіме арқауы.
Қалай десек те, сынмен төпесек те, басынан реформа арылмаған білім көкжиегі бәрібір арайланып атып келеді. Себебі тәжірибелі мамандар көптеп тартылуда. Қаржы да қомақты бөлінуде. Мемлекетте білім күшін нығайтуға серпін беруде. Соған шүкіршілік етемін.

14-ші жаңа министрдің жаңаша ұстанымы – қолдауға лайық

Күләш Шәмшидинова ҚР білім және ғылым министрі

Тәуелсіздік алғалы Білім және ғылым министрі болып 14 адам қызмет жасапты. Азаттық алған 28 жылға бөлсек, әр екі жылда бір министр білім тізгінін ұстапты. Бұл дегеніңіз — білім теңізіне екінің бірі қайығын сала алмайды дегенге меңзейді. Көлшік емес, көлде емес, түпсіз тереңдік, көл-көсір шексіздік — тек қана алып кемедей қуатты, дауыл мен жауынға шыдамды жанға ғана өз құпиясын ашады. Қауқары аз, қабілет-қарымы таяз, ұлттық мүддеден алыс, шетелдік білім беру жүйесіне «ғашық» министрлер өз қағынан жеріген құлан секілді көрінеді маған. Олар өздері ғана адаспай, қаншама ұстаздарды, жас өскін ұрпақты жолдан жаңылыстырады. Шамадан тыс жүктемелер, ауыр тапсырмалар, қағазбастылық әлі бұғанасы қатпаған баланың жігерін құм етіп, білімге деген құштарлығын жоқ етпесіне кім кепіл?! Иә, «Көзі жоқтың өзі жоқ» деп сыпыра даттауға да қарсымын. Себебі реформа көксегендер де елге, жерге жамандық ойламаған шығар, бірақ, шетелге еліктеу, реформаға байлану, ұлттық болмыспен санаспау — көп жағдайда жар жиегіне апаратын жалғыз жол. Бұл қауіппен бетпе-бет келіп отырған жайымыз бар. Оқушыларды роботқа айналдырудың арты — мәңгүрттікке бастайтын қадам. Бұл да бұрын айтылған жайт. Білім нәрін бойына сіңірмей, ми талшықтарына жинамай, тек белгі соғумен, тестімен жұмыс жасап алға ентелеу жас түлектің биік көрсеткіші бола алмайды. Мұның бәрін жаңа министрдің құлағына жетсін деп айтып жатырмын.
Білім және ғылым министрі болып сайланғаны-на екі ай болған Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызы қазірдің өзінде түйткілді мәселелерге бел шеше кіріскені байқалады. Көзімізден балбұл ұшқан «Әліппемен де» қауышар күн алыс емес сияқты. Жасыратын несі бар, Білім және ғылым министрі ауысқан сайын елімізде білім бағдарламасының да ауысатыны үйреншікті жағдайға айналды. Дегенмен, «Әліппені» аңсайтындар көп. Ақтөбеге жұмыс сапарымен барған жаңа Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова елді қуантты. Әліппе қайта оралатын болды. Шүкір. «Әліппеге байланысты айтайын, биылғы оқу жылында әліппені қайтарып үлгермейміз. Ал келесі оқу жылында әліппе орнына қайтып келеді. Балаларға білімді өзі іздеуге үйретуіміз қажет», — деді министр ханым.
Одан кейін 11-сынып оқушылары барынша сәнденіп, қымбат мейрамxаналарда қоштасу кешін өткізбейтіні де жағымды жаңалық. Әркім көрпесіне қарай көсілетін, біреу тоңып, біреу тойып секірген заманда, тепе-теңдікті сақтау үшін мұндай қадамға бару жақсылық нышаны. Жақында Күләш Шәмшидинова: «Мектеп бітіру кеші тек мектепте және артық шығынсыз өту керек деп ашық айтты. Негізі, бұл мәселе жыл сайын көтеріліп тұрады. Бірақ бұрыннан бері келе жатқан жақсы бір дәстүр бар. Ол — түлектердің кешін мектепте өткізу. Ондайда мұғалім мен оқушы арасында салиқалы әңгімелер айтылады. Түлектердің өзара қарым-қатынасы да басқаша жүреді. Өкінішке қарай, соңғы кездері кім және қайда өткізеді, кәдімгідей бәсеке болып кетті. Меніңше, түлектердің кеші бұрынғыдай өтуі керек. Біздің ата-аналарымыз да, біз де мектепте өткіздік. Сонда нағыз мектеппен қоштасу кеші болады. Сол себепті, мектеппен қоштасу кеші тек мектепте ғана өтуі керек деп санаймын. Артық ақша шашудың да қажеті жоқ. Аста-төк отырыс жасамау керек. Қымбат көйлек алудың да қажеті шамалы. Түлектер кеші ол үшін жасалмайды. Өзара бәсеке үшін емес. Мектеппен қоштасу кеші жанға жайлы кездесу болып өтуі керек. Балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің салиқалы бір отырысы болуы қажет», — деді Күләш Шәмшидинова. Бұған мен көрген ата-аналардың бәрі қуанышты.
Жаңа министрдің алғашқы қызметін ауылдан бастаған, түрлі қызмет сатысында өз еңбегімен, маңдай терімен көтерілгені елге мәлім. Білім министрі болғанға дейін Күләш Шәмшидинованың «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы болуының өзі үлкен тәжірибеден өткенін білдіреді. «Білмеген жердің ой-шұқыры көп» деген сөзді бүгінгі министр Күләш Ноғатайқызына қарата айту әбестік болар. Өйткені қаршадайынан білім саласының сарт-сұрт қайнаған қара қазанында пісіп жетілген кәсіби маман. Ұлағатты ұстаз. Көргені мен түйгені мол. Өзі айтары, өз пікірі бар ана.
Тағы бір үмітім мынау. Сырт көз — қай кезде де сыншы келеді емес пе? Өзіне дейінгі Білім министрлігіндегі «әттеген-айларды» бұл кісіден артық білетін біреу табыла қоймас. Кей реформаларға, кейбір көңілге қонбайтын талаптарға, шектен шыққан баз бір ұсыныстарға іштей қарсылығы болмады дей алмаймыз. Енді соны қалпына келтіруге зор мүмкіндік туып тұр. Өйткені өз ісінің жетік маманы артық-кемді бажайлап отыруы заңдылық. Министр ханым бір сөзінде «ҰБТ қорытындысы енді мектеп рейтингісіне кірмейді», — деді. Бұл да жағымды жаңалықтың бірі. Осы жағынан қарағанда Күләш Шәмшидинова ханымға сенім артуға, білім саласындағы қордаланған проблемаларды сарабдал саясатпен шешеріне, халақтың қалауымен санасарына иланбасқа шара жоқ…

Бірдің емес мыңның көкейіндегі сауал: оқулықтар қашан дұрысталады?

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетін басқарып отырғандықтан, кейде алыс-алыс аудандарға, шалғайдағы елді мекендерге жиі-жиі ат басын бұруға тура келеді. Сондайда ең алдымен соғарым — мектеп. Ондағы мұғалімдермен әңгімелесіп, өтініш-талаптарын тыңдауға уақыт бөлемін. Арыз-шағымдары болса қағазға түртіп аламын. Бүгінгі мақалам білім саласына қатысты болғандықтан жаңа министрге, бас ұстазға әріптестерінің өтініштерін жеткізгім келді.
Жақында бір іссапарда ұстаздар қауымымен кездестім. Шалғай аудандағы бір мектеп. Зейнет жасына таяп қалған тәжірибелі ұстаз: «Обновленка деген бар, ол жаңартылған оқу бағдарламасы. Шынымызды айтсақ, қандай сабақ беріп жүргенімізді бала емес, біз өзіміз түсінбейміз», — деп ағынан жарылды. Бұл негізі бірдің емес, мыңның көкейіндегі сауал.
Құрметті Күләш Шәмшидинова ханым! Білім негізі — бастауыш. Сол бастауыш сыныптарда қазіргі бағдарламаны түсіну өте қиын. Обновленка дегенді зейнетке кеткен тәжірибелі ұстаз емес, қазіргі сабақ беріп жүрген ұстаздардың өздері түсінбейді. Жаңартылған оқу бағдарламасының алдында көптеген ұстаздар тоғыз, үш айдан курстардан өтіп келді. Дұрыс. Ниет таза. Бірақ осыдан сұрақ туындайды, бұл ұзақ курстар оқушыға не берді? Оқытушыға не береді? Бекерге мемлекет қаражатын далаға шашу емес пе? Абай атамызша айтсақ, «Еріншек, бекер, мал шашпақтың» кері болып жүрмесін…
Тағы бір өзекті проблема мынау. Қазіргі оқушылар ұялы телефонға сеніп алған. (Есте сақтау қабілеттерін жоғалтып ала ма деп қорқамын кейде). ҰБТ, ОЖСБ жауаптарының нұсқалары телефонда жазулы тұрады. Бұрынғыдай Абай өлеңдерін жаттау, оны ой елегінен өткізіп қорыту, оқыған сабақтан түсінгенін айту мүлдем жойылып барады. Мұны ескеруге тиіспіз. Себебі біздің қоғамға робот бала емес, өзіндік пікірі қалыптасқан, оқығанын талдап бере алатын азамат керек.
Әділетсіздіктің кейде осындай кезеңде туындайтыны байқалады. Қағаздағы арнайы сұрақтарға дайын жауапты дөп басып белгілей алмаған жақсы оқушы үш алып, керісінше, орта, үшке оқитын оқушылар телефоннан жауап тауып 5/5 деген бағаны, яғни жоғары балды иеленіп кете береді. Бұл да назарда ұстайтын нәрсе. Сондықтан әділдік салтанат құруы үшін баланың зейініне, берілген тапсырманы қаншалықты ыждағатты талдайтынына мән берілуі керек.
Құрметті Күләш Ноғатайқызы, тағы бір жөнге келтіретін мәселе бар. Ол ЖОБ үйге тапсырмасы. Одан кейін баяғыдай журналға баға қоюды қалпына келтіруді сұраймын.
Өзіңіз де білесіз, оқушы сауаттылығы қазақ тілі пәніне байланысты. Ал қазақ тілі оқулығында сөйлем талдау, сөзді буынға бөлу, дауысты, дауыссыз дыбыстар, әр дыбыстың айтылуы, жазылуы деген мүлдем жоқ. Сауатсыздық осыдан басталмай ма? Осылай кете берсе тілден махрұм ұрпақтың саны арта түсе ме деген қауіп басым.
Сондай-ақ оқулықтарда пәнаралық байланыс басым болып тұр. Мысалы, физика мен жаратылыстану пәнін байланыстырып жіберген. Сол сияқты қазақ тілін тариxпен, география пәндерімен қабыстырған. Алтыншы сынып жаратылыстану оқулығында Физика пәні жүр. Материктер, мұxиттар қайда?
Таңдай қағып, бас шайқайтын тағы бір жаңалық осы кітаптың ішінде поэмадан үзінді жүр. Ол не үшін керек болды екен? Оны құрастырушылардан сұраған дұрыс болар. Бұл бір ғана мысал. Мұндай кемшіліктерді індетіп іздемей-ақ кез келген оқулықтан табуға болатынына сөз беремін.
Сондықтан министр ханым, оқулықтардағы осындай қаптап кеткен, оқушылардың басын қатырып, ойын бөлетін «мазақ пәндерден» арылтуға күш салсаңыз. Қалай болса солай, ұрпақ қамын ойламай жасалған оқулықтардың бала психологиясына кері әсері туралы сізге айтуым ұят болар. Оны сіз менен де артық білесіз.

Бекболаттың жанайқайы — көптің талап-тілегі…

Елге белгілі бір азаматтың бүгінгі мектеп оқулықтары жайлы былай дегені ойымда қалыпты.
«Менің балам теңертеңнен кешке дейін мектепте. Неге біздің балаларымыз әке-шешесінің бауырында болмайды? Балалар ата-ананың жылуын көруі керек қой. Кеңестік кезеңде 10-желтоқсанда «әліппемен қоштасу» болатын. 1973 жылдың желтоқсанында мен әліппемен қоштастым. Ал наурыз таяп қалса да, менің балам әлі «Ю» әрпінде жүр. Ал стандарт бойынша, әліппедегі қаріп тануды қабілетті бала 22-24 күнде үйренеді, қабілеті жоқ деген бала ары кеткенде 60 күнде меңгереді. Тіпті нашар деген бала 3 айда үйренуі керек, ал біз 7 ай болды әрі әріп танудамыз. Ендеше типтік бағдарлама қате. Типтік бағдарлама өзгермейтін қасиетті кітап емес. Сондықтан оны өзгерту керек», — дегені бар.
Ол кісінің мына бір ойы да жүрекке қонады. «Бала деген ойнауы керек қой. Үйірмеге баруы тиіс. Қосымша қабілетін жетілдіруі қажет. Ал біздің баламызда мұның түгі жоқ. Таңертең сағат 8:30-да кеткеннен үйге кешкі сағат 17:00 кезінде ауыр сөмкесін сүйреп әрең жетеді. Одан соң артық бірдеме тапсыруға қорқасың өзің. Күресі, домбырасы бәрі-бәрі әдірем қалған. Жоқ, алып жатқан бір білімі болса жақсы ғой. Не ол жоқ».
Құрметті Күләш Шәмшидинова ханым, бұл ұсыныста бірдің емес, мыңның тілегі жатыр. Тексерерсіз, талап етерсіз деген сенімдемін. Бәрі де ұрпақ қамы үшін айтылып жатқан ой-пікірлер деп қабылдаңыз!
Мәжіліс депутататы Бекболат Тілеухан мырзаның оқулықтардағы олқылықтармен күресіп келе жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Оның да уәжіне құлақ түре отыралық. «…Бүкіл нәрсе маңызды, мұнай да, бидай да. Алайда мұнайсыз өмір сүруге болады, бидайсыз да аш құрсақ болып бірдеңелерді талғажау етіп өмір сүруге болар. Ал ұрпақ милау болатын болса, ұрпақ білімсіз, санасыз болатын болса, мұнайымыздың да, бидайымыздың да текке қалатынын ұмытпағанымыз жөн».
Менің алдымда оқулықтарды құрастыруға қатынасқан 13 баспаның өнімі жатыр. Ең көбі 100 дана, ең азы 10 дана дайындаған. Жалпы саны 800-ге жуық оқулық. Үш тілде, әртүрлі салада. Ешқандай сайттан немесе өзінен көшірме жасап қарауға болмайды. Тек қана компьютер арқылы қарауға мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда ешқандай сапалы сараптама жасау мүмкін емес. Біраз нәрсені шұқшиып қарап жүргеніме көп болды. Осының ішінде «Атамұра» мен «Мектеп» баспасынан өзге тәжірибесі бар баспаны көріп тұрған жоқпын. Оның үстіне бекітілген бағдарламасы сәйкес жасалғаны жоқ. 7-сыныптың оқулығын алайықшы, жалпы оқулық 13 бөлімнен тұрады, ал мазмұны 13 жаққа қарап тұр. «Мемлекеттік тілді оқып үйренеміз», «Уақыт ұлы күш», «Жердегі климаттық өзгеріс», «Ежелгі қалалар», «Спорт және денсаулық күтімі», «Ұқсатым» деген мазмұндар екен. Маған «Ұқсатым» деген сөзді түсіндіріп беріңіздерші, еш жерден қазақша немесе орысша баламасын тауып көре алмадым осы сөздің. Ешкім түсінбейді. «Наурыз мейрамы» деп келеді де «Жастықтың оты қайдасың», «Ғылым мен технологияның соңғы жаңалықтары» деп кете береді. Бір ізділік деген қайда қалған? Ғылыми негіз деген болмай ма? Сосын бұл жерде «қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда Кембридж оқу әдістемесі не үшін қажет? «Сабақтың тапсырмасын орындауда Кембридж университеті бағдарламасы назарға алынды», — дейді. Ол ешқандай елде мойындалмаған тәжірибе ғой. Біздің Қазақстан тәжірибехана емес қой. Қазақ тілі мен әдебиеті біріктіріліп отыр. Геометрия мен алгебраны біріктіруге болмайтыны сияқты, қазақ тілі мен әдебиетін біріктіруге мүлде болмайды. Мен жұртқа түсінікті болуы үшін әдебиет оқулығын мысалға алып отырмын. Берілген тақырыптарда ешқандай ұлттық ерекшелік ескерілмеген. Мысалы, егін, мал шаруашылығына қатысты мазмұндарға түгелдей шетелдің суреттері қолданылған. Қазақтың суретшілерінің туындылары қайда? Қазақ әдебиетіне «Еңбек және климаттық жағдай, ауа райын бақылау», «Дұрыс тамақтану — денсаулықтың кепілі» дегеннің қандай қатысы бар?
Сосын оқулықтың мазмұнына қазақтың ақын-жазушыларының ақылия сөздері табылмай қалғандай Энштейннің «Дүниеде екі ақ нарсе бар. Бірі — ғалам, екіншісі — адамның ақымақтығы» деген сөзін кірістіріпті.
Біз қазір салдармен күресіп отырмыз. Ең консервативті болуға тиісті сала — білім саласы. Әрине, оқулықтардың мұқабасын, дизайнын бәсекелес орталарға жіберуге болатын шығар. Бірақ мемлекеттік идеология қалыптастыратын, ішкі мазмұнын жеке фирмалардың атқаруына жібере салуға мүлде болмайды. Бұл жұмыстар қалай атқарылып жатыр? Ең әуелі министрлік алады да тендер жариялайды. Тендерді баспалар алады. Олар оқулықты құрастыратын авторлық топты жасақтайды. Сол топ оқулықты құрастырады. Бұлай етуге болмайды. Фирмалардың жалғыз ғана мақсаты бар. Ол — ақша табу. Министрліктің жанынан арнайы топ құрылуы керек. Олар оқу бағдарламасы, оқулық, ҰБТ сұрақтары секілділермен арнайы айналысуы тиіс. Яғни барлығы бір қолдан шығуы керек. Бағдарламаны бір топ дайындаса, оқулықты екінші бір адамдар жазса, ҰБТ сұрақтарын тағы бір топ адамдар шығарса қайтып болады? Пәнаралық қарым-қатынас деген қайда қалды? Біз халықты мүгедек қылып жатырмыз. Бұл баяғыдан басталған нәрсе. Сіздер түзетеме десек, әлі күнге түзеткен жоқсыздар. Барлығымыздың алаңдайтынымыз ұрпақтың қамы. Бұған бір адам жауап беруі керек қой».
Бекболат мырзаның бұл ойлары жанды жерге қадалған шаншу іспеттес. Қай жерің ауырса, жаның да сол жерде тұрғандай болады емес пе? Ендеше біздің оқулықтардағы «дімкәс» органдарға, саналы азамат дұрыс «диагноз» қойып отыр.

ТҮЙІН СӨЗ
Ұлт болашағы бала тәрбиесінен басталады

Бұл мақаланы жазудағы мақсатым — өткенге тас атып, білім саласындағы ілгерілеушілікке көз жұма қарау емес. Тек, ұлт болашағы үшін күресу бәрімізге міндет екенін терең сезінуден туындап отырған жайт. «Бас басымызға би болмай» қиын сәтте жанашырлықпен іс етудің де өз берекеті бар. Құлағанды қолдау, сүрінгенді демеу ата-бабаның сара жолы. Кемшілікті көріп тұрып үндемеу — болашаққа тас лақтырғанмен бірдей жаман ғадет. Мен оқу саласындағы проблемаға осы қырынан келдім.
Менің бұл жазғандарым жеке пікірім емес, қарапайым халық тарапынан болып жатқан ұсынысты билікке жеткізу ғана. Құрметті Күләш Шәмшидинова ханым! Сіз жаңа қызметке, министрлік деген лауазымды орынға тыңнан сайланып жатырсыз. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр…» дейді. Сізді ақыл тоқтатқан, ұлтының болашағына бей-жай қарамайтын ұстаз ана деп құрмет тұтамын. Сізге оқулықтардағы олқылықтарды айта алмасам, менің де қазақтың анасы деген атымнан не пайда? «Ескертіңдер! Ескертуде де қайыр бар», — дейді қасиетті құранда. Сондықтан жүректі ауыртар кей жайттарға тоқтала кеткім келіп отыр.
Кез келген оқулықты ашып қараңызшы! Іші толған қателік. Мұның барлығы жүйенің қателігі. Жүйе түзетілмей, салдарымен күресіп «күл төбенің басында күнде жиын» ашып жүре бергеннен ұтарымыз аз. Шындыққа тура қарасақ, бұл жердегі пәленің басы ақшада болып тұр. Ақшаны әкеліп ортаға тастай салып, арасынан пайда табуды көздегеннен келіп туындап жатқан проблема көп. Бұны тоқтату керек. Егер осы ақшаларға керемет бір топ жасақтап алып, жалақысын жақсылап төлеп, министрлік тікелей бақылауына алса керемет оқулықтар жасап шығаруға мүмкіндік мол. Ал бүгінгі тірлік тендер атын жамылып, Мемлекеттің қаржысын талан-таражға салып, халықтың қазынасын ұрлау болып тұр. Қазір оқулықтарды ешкім түсінбейді. Бұл мемлекеттік идеология. Мемлекет қорғанысы, әскери сала, ұлттық қауіпсіздік сияқты аса маңызды нәзік салалардың жұмысын жеке тұлғаларға, жеке фирмаларға беруге болмайтыны секілді, білім саласын, соның ішінде оқулық дегенді жекелердің құрастыруына беруге мүлде болмайды. Осыны ескерсеңіз екен?
Иә, жұмысыңыз ауыр. Қат-қабат шаруалар иін тіресіп тұр. Бізді қуантатыны — білім саласындағы еңсерген тәжірибеңіз, арагідік көрініс беріп қалып жататыны. Көш жүре түзелетініне сенгіміз келеді.
Жаңартылған оқу бағдарламасы қалай іске асып жатыр? Электронды күнделіктің толтырылуы қалай? Қағаз күнделікті қайта жаңғырту, қолданысқа кіргізу қажеттілігі туындап тұрған жоқ па? Ата-анамен байланыс үзіліп қалған жоқ па? Бүгінгі күні білім саласында шешілмей жатқан реформаны іске асыруға ниеттері жоқ, ізденбейтін, білімін көтермейтін әріптестерімізге не айтуға болады? Әрине жұмыс істемейтіндерге сылтау көп. Не ол емес, бұл емес, оқушылардың бүгінгі күні күн емес болып жатқан жоқ па? Егер ұстаздар өз міндеттерін жақсы атқарып жатса, жаңадан ашылып жатқан білім орталықтарына барып, ақша төлеп үй тапсырмасын орындап несі бар? Сұрақ көп. Жауап аз. Бұған да кезі келгенде рет-ретімен жауап беретініңізге сенейік. Ұрпақ келешегі ұстаздар қолында екенін бір сәтке де ұмытуға болмайтынын жас әріптестерімнің де есіне салғым келді.