БАЛАМ ВУНДЕРКИНД БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ……

Кеңес Одағы кезінде қазақ арасынан жойылған киелі дәстүрдің бірі — қиссашылық! Cовет үкіметі орнағанға дейін ел-жұрт кеш болса киіз үйге жиналып, қисса-дастандарды сауаты бар балаларға оқытып қоятын.
Жыршысы болса таң атқанша жырлатушы еді. Совет кезінде діни мазмұндағы мұндай рухани дүниелер көзден ғайып болды. Ауыл-аймақтарда ғана ата-әжелер бертінге дейін там-тұмдап айтып келді.
Соңғы екі-үш жылда біз осы қиссалық дәстүрлі тірілтеміз деп біраз әрекеттеніп көрдік. Жап-жақсы нәтиже берді.
Әлі де солай жалғасады деген ойдамыз. Ең қызығы, қиссаға үйір болған балаларда кітапқа деген құмарлық күшейеді. Ағылшынның Нил Гейман есімді фантаст жазушысы – қиялды шарықтату туралы талай лекция оқыған білгір маман.
Біз төменде сол кісінің біраз жанды пікірін кәдемізге жараттық. Ұнаса сіз де жаратыңыз.
Нил Гейман өзін шығарма жазатын жазушыдан гөрі кітап оқуға құмар адам ретінде сипаттағанды жақсы көреді. Бірде британдық жазушы Нью-Иоркте жүргенде түрме салу туралы қызық әңгіменің үстінен түседі.
АҚШ-та түрме салу әбден дамыған сала болғандықтан келешекте соғылатын абақтының саны мен болашақ сотталушылар санын қызық әдіспен болжап біледі екен. Яғни, енді 15 жылдан соң неше адам қамауда отыруы ықтимал, соны барынша анық болжау керек.
Тап қазір АҚШ-та 10-11 жасар балалардың неше пайызы мүлде кітап оқи алмайды немесе оқығысы келмейді, әуелі соны анықтайды. Сосын осы цифрларға қарап болашақ қылмыскерлер санын алдын-ала жобалайды. Әлбетте, кітап оқитын адамдар да қылмыс жасай береді.
Дегенмен, басым бөлігі сауатсыз тобырдан шығатыны күмәнсіз.
Гейман кітап оқудың мынадай сиқырлы тұстарына тоқталады. Кітаптың басын бір бастаған адам «ар жағы не болады екен» деген сұрақтың ілгегіне ілінеді.
Бұл сұрақ оқырманды бір іліп алса, ары қарай шырғалаң жолмен шырмап кете барады. Кейіпкердің басынан өтіп жатқан барлық оқиғаға оқушының өзі де еріксіз араласып кетеді. Тап осы оқиғаға араласу процесі адам миының басқаша ойлауына және жеке сөздік қорының молыға түсуіне жол ашады.
Осылайша кітаптың да өз рахаты ақыры адамды баурап алады. Сондықтан егер балаңыз қандай да бір кітапты қызықтап, қарап отырса тиіспеңіз. Өзіңіз ғана жақсы көретін кітапты әкеп қинап оқытпаңыз. Баланың жан қалауының өзіне керектіні іздеп табуына мүмкіндік беріңіз.
Себебі, сіз үшін әбден ескірген әңгіме, не болмаса ертегі – балаңыз үшін тың дүние. Ішіңізден «қап, басқаша түсініп қалатын болды-ау, негізі ана кітапты оқығаны дұрыс еді» деп қынжыла бермеңіз. Ең бастысы, ол кітапты іздеп тұратын болсын.
Көркем шығарма бала бойында эмпатияны (өзге адамның жан дүниесін түсін білуге қабілеттілік) тез туғызады. Әдетте, сіз бен біз өзге адамның басынан өтіп жатқан оқиғаны баяндайтын телехабар немесе фильм көргенде бұл сезімді бастан кешпейміз.
Себебі, оларды біздің орнымызға басқа адамдар ойлап, сценарийін жазып, жоспарлап, өз қиялдарымен қалауларынша аяқтап тастаған. Ал, әңгіме тыңдап не кітап оқығанда процесс басқаша жүреді.
Кітап оқығанда адамның қиялы сол мезетте іске қосылады да оқиғаны өзінше елестетіп, айналаны өз қалауынша бейнелеп отырады. Адамның жаны мен миы басқа әлемге қиялдың күшімен-ақ ұшып барып, аралай береді. Сыртқы әлем мен ішкі әлем бірігіп кетеді.
Эмпатия сізді жалпы адамзаттық құндылық пен мәдениетке жіпсіз байлайды. Одан соң бөтен халық көрсеңіз үркіп тұратын үрейіңіз сейіліп жоқ болады! Өзіңді ғана жақсы көретін рухани дерттен айығасыз!
Нил Гейман 2007 жылы Қытайға барған сапарында мынадай қызықтың куәсі болады. Қытай басшылары ғылыми фантазия жанрын күшейтуге күш салып жатыр екен. Жазушы кенет үкімет адамынан «Не боп қалды?
Неге бұл жанрға айрықша көңіл бөліп жатырсыздар? Бұрын басқаша еді ғой» деп сұрапты. Қытайлық басшының айтысынша, қытайлықтар қолдарына дайын схема түсетін болса соны айнытпай тамаша заттар шығара алады екен.
Алайда өз беттерінше жаңа нәрсе ойлап таба алмаған. Осы мәселені шешу үшін қытайлықтар АҚШ-тағы Apple, Microsoft, Google сияқты ірі кампанияларға арнайы делегация жіберіп, тәжірибе алмасады.
Сөйтсе, американдық өнертапқыштардың бәрі түгелге дерлік бала кезінде ғылыми фантазия оқумен айналысқан балалар болып шығады.
Көркем шығарма ғана адамды басқа әлемге әкете алады. Қиялымен басқа әлемде болып келген адамның бұ дүниенің нығметтеріне көңілі толмайды.
Ол үнемі жаңарып отыруды қалайтын ерекше дертке душар болады. Жаңарып, дамуды тілеп тұратын көңіл-күй айналасын өзгертпей қоймайды.
Баланың кітапқа деген құмарлығын жоятын факторлардың бірі үйде кітаптың болмауы. Баланы өзіне тартып әкететін қызық кітаптар үйде болмаса, баланың жаны басқа заттарға байланады.
Осы арада айта кетер мәселе бар. Адам баласы өмір бақи білімнің аздығынан азап шекті. Надандық талай зардапты тартқызды. Бірақ, 21-ші ғасырда бәрі басқаша. Енді, адам ұрпағы білім мен ақпараттың молдығынан зардап тартып жатыр.
Google кампаниясының маманы Эрик Шредердің айтысынша қазір адам ұрпағы өркениет басталған күннен бастап, 2003-ші жылға дейін өндірген ілім-білімді екі күннің ішінде өндіреді алады.
Осыған қарап-ақ ендігі адам ұрпағының міндеті бұрынғыдай шөл даладан шөпті іздеп табу емес, керісінше қалың джунглидің ішінен емге шипа жалғыз гүлді іздеп тапқан сияқты ең керекті, ең пайдалы ілім мен білімді іздеп тауып игеру екенін білуге болады.
Ағылшын ғалымы кітап оқудың тағы да мынадай қызық сырын айшықтайды. Кітап оқу арқылы ғана біз марқұм болған ақылды адамдардың рухымен тілдесеміз. Олардың ойлары жазылған кітапты оқу арқылы ойымызға олардың қуатты ойларын қосып аламыз.
Сол арқылы бойымызға олардың көркем мінездері де жұға бастайды. Адам баласы қалдырған білімнің табиғаты да қызық. Біз бұрынғы білімдерді игергенде, оларды құр жаттап қоймаймыз. Оймен қорытып, оларды ары қарай дамыта аламыз.
Бұл жағынан алғанда ертегілер ең тамаша қазына! Олар барлық халықта бар. Неше ғасыр өтсе де ертегілер ескірмейді. Егер сіз осындай қазынаны үйіңізге жинауға қызықпайтын болсаңыз, ғасырлар қойнауынан сүзіліп шыққан даналық пен хикметті де бағаламайтын адам болғаныңыз!
Сіз мұндай немқұрайды мінезбен жанымызды өткен заманға жалғап жатқан алтын көпірді жоясыз. Көне дәуірдің даналығы жетіспейтін адамға болашақ әманда бұлыңғыр болып көрінеді.
Егер сіз ерінбей кітапты дауыстап оқып не баяндап беретін болсаңыз — балаңыз телефон мен компьютерге үйір болмайды. Осылайша олардың өзін де осы өнерге баулуға болады. Кітап оқып, әңгімелеу басталғанда ғана өлі тіл тіріліп, бойына жан бітіп, сөздер энергия тасушы рухани құралға айналады.
Яғни, тіл деген тек қана тұрмыс құралы болмауы керек. Кітапты оқығанда, жазғанда не болмаса, әңгімелеп айтқанда оның ішінде міндетті түрде ақиқаттың дәні болсын. Себебі, біз фантастика жазғанда қиялдан құраймыз. Ақиқат — тарихта болған нақты оқиға емес.
Ақиқат- біздің кім екендігімізді ұқтырушы құдіретті құрал! Керек десеңіз, әдебиет — ақиқатты тасымалдаушы өтіріктің нағыз өзі! Жазушы ақиқатты ғана насихаттауға міндетті! Ол шығармасы арқылы оқырманды шынның семсерімен қаруландыру керек.
Қолымыз жеткен барлық даналық пен хикметтің дәнегін қалайда, кітап оқушының жүрегіне егіп үлгеруге міндеттіміз. Жазушы деген қатып қалған ақпаратты студенттің миына енгізуге тырысатын лектор емес.
Бұл өнер — жеген тамағын әуелі өзінің асқазанында қорытып алып, сосын барып балапанының аузына салатын құстың тірлігіне ұқсамауы керек. Яғни, шығарманың өн бойында жасырынып жатқан ақиқат идеяларын, даналық ілімдерді, нұрлы хикметтерді баланың өзі интелектісімен іздеп тауып, жалғаннан айрып үйренсін.
Болашақ профессионалдық өмірге дайындық осылай жасалуы тиіс. Кітап адамның арманын туғызатын болуы керек. Адамның арманы мен қиялы ғана қарабайыр тіршілікке мән бітіріп, мәдениет пен өркениетке қарай сүйреп келе жатыр.
Қазір де айналаңызда толып тұрған қолдануға қолайлы таңғажайып заттың бәрі, бір кездері бір адамның көкірегінде бұрқ-сарқ қайнап жатқан армандардың пісіп- жетіліп материяға айналған түрі.
Баяғыда біреулер Альберт Эйнштейннен «не істесек балаларымыз ақылды болып өседі» деп сұрапты. Ол: «балаға тек ертегі оқытыңдар. Ал егер одан да ақылды болсын десеңдер, одан да көп ертегі оқытыңдар» депті.
Ағылшын жазушысының осы ойлары маған қатты ұнады. Расында да баланы қазір компьютерден айырып алу өте қиын. Себебі, ата-аналар олардың қиялына қанат бітіретін әңгіме айтпайды. Кітап оқып бермейді.
Жан дүниесі басқа ғажайыптар әлемін қалап тұрған балалар мультфильмге үйір болады. Осы арада бір қызық айтайын. Мен 9 жасар балама топан су мен Нұхтың кемесі жайлы қиссаны айтып бердім. Ол аузы ашылып отырып тыңдады.
Сосын, сұрақтарды жаңбырша жаудырды. Ең ақырында «Нұхтың кемесінің рулі ағаштан жасалған ба әлде темірден бе» дегенге дейін қойды. Интернетке кіріп, тек Нұхтың кемесінің суреттерін іздеп ақтарып шықты. Ақырында «сол кемені қалай көруге болады.
Қазір сақталып тұрған жері бар ма» деді. Мен: Мұхамбет пайғамбар Миғражға ұшқанда төртінші қатта Жебірейіл періште екеуі үлкен бір алып кеменің жанынан ұшып өтеді.
Сонда пайғамбар таңқалып «Әй, Жебірейіл, мынау не кеме» деп сұрайды. Жебірейіл «Я, Алланың елшісі, бұл баяғы Нұх пайғамбардың топан судан аман қалатын кемесі ғой» дейді. Кейін ақиретте біз бәріміз сол кеменің жанынан өтеміз. Құдай қаласа, көзбен көріп, қолмен ұстаймыз.
Сол кезде оны өтірікке балағандар еңіреп тұрып жылайды екен» дедім. Бұл қисса баланың есі-дертін тіптен жаулап алды. Ол енді «мен де көрем бе» деп сұрады. «Көресің. Бірақ әділетсүйгіш, жақсы бала боп өссең ғана» дедім.
Ол содан бастап Нұхтың кемесін көрумен кәдімгідей ауырды. Үйде сызылмаған таза парақ қалмады. Күн сайын Нұхтың кемесін салумен әуре. Жатса-тұрса сол кемені көзіне елестетумен болды.
Ана қаптаған жан-жануарды өз ойымен кемеге жайғастырып, солардың проблемасын шешумен басы қатты. Қысқасы, қиялы оны басқа әлемге алып ұшты. Осы арада Нил Гейманның ой-пікірінің растығына көзіңіз жете түседі. Қазір кітап та, білім де, ақпарат та тым көп. Балаңа не оқытарыңды білмей жынды боласың.
Бұл жағынан алғанда қазақ қиссалары таптырмайтын қазына! Тарихы өте терең. Шежіресін Адам атадан тарқатады. Қазақ қиссалары баланың қиялын өткен тарихқа ғана емес, әлмисақтағы оқиғаларға бір-ақ апарып жалғайды.
Оны оқып өскен балақай, Адам атадан бері келе жатқан рухани құндылықтарды бойына тез сіңіреді. Қисса нақты ұлттың, діннің не болмаса саяси бір идеолгияның ыңғайына қызмет етпейді. Ол универсал дүние. Қиссаларды кез келген тілге аударып алып оқысаңыз да айырмасы жоқ.
Қиссалар баланы барлық пайғамбарлар рухымен тілдестіреді. Олардың зерең ойларын бойларына сіңіреді. Оларға еліктеп, көркем мінезді болуға тырысады. Гейман айтып өткен эмпатияның атасы тура осы қиссаларда жатыр.
Қисса жаттаған бала, әу баста адамға дұшпан болған Әзәзілмен алысып, күллі адам баласының қайғысы мен мұң-мұқтажы ортақ екенін біліп өседі. Қиссаның өн бойында баяндалатын періштелер мен пайғамбарлар хикаясы кез-келген баланы өз ортасына оп-оңай қосып алады.
Алланың сынағына ұшырап, қиындықты бастан кешуші пайғамбарларға болысып, өзін бейне бір солардың сенімді серігі сезініп батырланып кетеді. Ең қызығы — қисса тыңдап алған бала жеке-дара жүре алмайды.
Ол міндетті түрде қызық хикаяны достарына айтқысы кеп асығып тұрады. Тілдері шешен шығып, ойларын жеткізу үшін неше түрлі сөздерді қолданғысы келеді. Олар киелі ұғымдарды беруге талпынған сайын сөздердің де энергия тасығыштық қасиеті артып, айналасына әдемі рухани аура орнатады.
Кейбір діни танымы таяз қалыптасқан діншілдер «бұл қиссалар ертегі сияқты. Кілең өтірік әңгімеден құралған. Оған сенуге болмайды. Құранда тап бұлай жазылмаған» деп қарсы пікір білдіріп жатады. Рас айтады. Қиссаның барлық сюжеттері ойдан шығарылған.
Тарихи дерегі жоқ. Бірақ оның өтірігі ақиқатты арқалап алып тасып жүретін түйе сияқты. Яғни, ақиқат идеялар қиссадағы өтірік персонаждарды көлік етіп мініп алған.
Есесіне, осы арқылы олар қиссашы баланың қолына шынның семсерін ұстатып кетеді. Кеудесіне хикметтің сәулесі түсіп, ақиқаттың нұры дарыған бала кез келген жалғаншыны жазбай танитын зерек болады.
Гейман айтқандай, ақиқат деген — нақты бір жерде таңбаланып тұрған тарих, не жазба құжат емес. Ақиқат — адамның жан-дүниесінің қойнау қатпарында әр түрлі себеппен қараңғы ойдың астында көміліп қалған РУХ табиғатын тануға жердем беретін тегеурінді идея!
Осы рух шіркін ақиқаттан хабар алып, тебіренгенде ғана айналасына шуағын шашады.Кітап оқу мен қисса жаттаудағы басты мақсат осы!
Мыңдаған жылдардан бері үзілмей келе жатқан даналық пен хикметтің дәнін жас ұрпақтың жүрегіне қалайда егіп үлгеру — біздің ең басты міндетіміз!
«ӨРКЕНИЕТТІ АДАМ» кітабынан.
Айшуақ Дәрменұлы.