«Балам ынжық» деп кейімеңіз
Бала бір жаста болса да ата-анасының өзіне қандай үміт артып, сенім білдіре алатындығын жақсы сезеді. Сондықтан, оның әлі де кішкентай екендігін ескеріп, одан АЗАМАТ шықсын десеңіз, ұлыңызға қолдау қажет.
«Әлі бала ғой, нені түсіне қояр дейсің?» деген дүдәмалдық, немқұрайдылықты да бойыңыздан сылып, ойыңыздан алып тастағаныңыз дұрыс.
Себебі, баланы неғұрлым кішкентайынан түсінуге тырыссаңыз, соғұрлым сізге жақын болады, ашыла түседі. Ынжықтық мінез-құлқынан ада болады.
Ынжықтық дегеніміз қорқақтықтан бастау алады. Яғни, бірдеңені дұрыс жасамағанын бала да түсінеді, егер ата-анасының бірі оған жекіп, қателігі үшін жаза қолдануға дайын тұрса бала қорқа бастайды. Бүлдіріп қойған ісі үшін емес, ата-анама ұнамай қалдым деген қорқыныш.
Сізге арқа сүйеп, қорғаны бар екендігін сезінге баланы үнемі қолдаудан жалықпаңыз. Егер де бала сіздің айтқаныңызды түсінбей қалып, қорқа бастаса, ұрмаңыз. Әкесіне де шағымданбаңыз. Бұның барлығын естіп отырған баланың бойын қорқыныш жеңеді. Нені қалай жасау керектігін білмей, ойы шатасып, кішкентай ғана санасы ештеңеге жетпей қиналады.
Балаңыз сіздің сүйікті ыдысыңызды сындырып алса да оның жүрегін ұшыра айқайламаңыз. Ол кезде ол да бірдеңені бүлдіргенін және оның сізге ұнамайтынын түсінеді. Ал сіз сол сәтте сол қымбат бағалы ыдысыңыздан балаңыздан сіз үшін бәрінен артық, бәрінен қымбат екендігін балаға білдіруіңіз керек.
фото: woman.delfi.ee
Қалай дейсіз ғой? «Бір жеріңді ауыртып алмадың ба?» деп оны бауырыңызға тартып, «мына сынған шыны сенің бір жеріңді кесіп кетуі мүмкін» деп келесіде ондай заттарды ұстамауын ескертіңіз.
Егер баланы бір іске жұмсасаңыз, ол дұрыс жасамаса, ашуға бой алдырмаңыз. Мәселен, сіз балаңызға доп алып кел десеңіз, балаңыз оның орнына шар алып келсе, онда ол ойыншықтардың атын жаттап үлгермеген. Ондай кезде баланы жазғырмаңыз. Керісінше онымен екінші рет өзіңіз барып, «балам, доп деген мынау, ал сенің әкелгеніңді шар деп атайды» деп түсчіндіру керек. Балаға ұрыспай түсіндірген сайын таным-түйсігі арта түседі. Оған қоса, ата-анасының махаббатын сезінеді.
Ұлыңыз не қызыңыз берілген тапсырманы дұрыс жасамаған кезде, мысалы, сурет салмай, қағазын шимайлап тастаса, «ештеңе етпейді, бұл да жаман нәтиже емес. Келесі жолы бұдан да жақсы жұмыс жасайсың» деп баланың бойына сенімділік ұялатыңыз. Баланы кішкентай жетістігі үшін де мақтап-мадақтап қойыңыз. Әкесіне айтып мақтаныңыз. Сіз үшін болмашы нәрсе көрінгенімен, бала үшін үлкен болып көрінеді. Сондықтан, оның еңбегін бағаласаңыз, ата-анасын қуантқаны үшін баланың да өзіне көңілі толады. Келесіде ата-анасын қуанту үшін барын салады.
Балаңыз өзіне берілген тапсырманы орындай алмай қалғанда жігерлендіріңіз. Баланы қазірден «қолыңнан түк келмейді» деп жазғыратын болсаңыз, ол да өзін солай таниды. «Менің қолымнан ештеңе келмейді» деп өзін төмен санай бастайды. Балаға ең жақын адам ана болғандықтан, ананың айтқан сөзі ақиқат болып түйіледі. Егер сіз балаңыздың құлағына «сен мықтысың», «сенің қолыңнан бәрі келеді» деген сөздерді құйып отырсаңыз, болашақта балаңыз ержүрек болып өседі. Өзгелер «сенің қолыңнан келмейді екен» деп қанша айтса да дегеніне жетпей қоймайтын табанды, қайсар болып өседі.
Жиі тыйым салып, ескертумен өскен бала мықты тұлға болып қалыптаса алмай қалуы мүмкін. Сондықтан, әр баланың өзінше дара тұлға екендігін ескеріңіз. Тұңғышыңызға қалай сөйлесеңіз, кейінгі балаларыңыз да үлкен бауырын солай сыйлап өсетін болады.
Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,
ERNUR.KZ.