Баланы қазақ мектебіне беру — тілге құрмет, ұлтқа міндет!

Бүгінгі балалар – азат елдің азат ойлы тәуелсіз ұрпақтары. Олар бізден гөрі еркін, бізден гөрі бостандықсүйгіш. Олар қасаң қағида, ережелер мен тыйымдарға бағынғысы келмейді. Үздіксіз ақпарат ағыны олардың ой-санасының қалыптасуына әсер етпей қоймайды. Сондықтан оларды өзіміз құрғымыз келетін мемлекеттің адал ұлдары етіп тәрбиелеу мәселесі ең өзекті болып отыр. Яғни біз ата-баба топырағында дамыған, өркениетті, ұлттық идеологиясы қалыптасқан Қазақстанды құрғымыз келеді. Осы жолда ешқашан өзгермейтін ұлттық құндылықтарымыз бен халқымыздың сан ғасырлық дәстүрін, менталитетін жас ұрпақ санасына сіңіргіміз келеді. «Тәрбие басы – тал бесік» десек, баланың отбасында алған тәрбиесін ұштайтын – балабақша, мектеп. Ендеше, мектепке дейінгі, орта және техникалық, кәсіптік білім беру саласының бүгінгі аяқ алысы қандай? Балаларымыз үшін мемлекет не істеп жатыр? ҚР Оқу-ағарту министрлігі саланы жетілдіру мен дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарып жатыр? Білім сапасын арттырумен қатар, қазіргі инклюзивті білім беру, балалардың психологиялық моральдық және тәрбие мәселесін реформалаудың ғылыми негізі қандай?
ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен ел ертеңі – білімді ұрпақ тәрбиелеу мәселелері жөнінде әңгімелескен едік.

 

Инклюзивті білім немесе «ерекше балалар» деген кімдер?

– Қазіргі мектепке дейінгі және орта білім беру бағдарламасында білім сапасын арттыру мәселесі жиі алаңдатады. Дегенмен тәрбие мәселесінде ұлттық педагогиканың негіздері көбірек ескерілсе, «уызына жарыған ұрпақ» тәрбиелеу мәселесі де шешімін табар ма еді?
– Жалпы адами құндылықтар біздің мектептеріміздің оқу бағдарламаларында және жалпы мектептеріміздегі тәрбие жұмысы арқылы жүргізіледі. Әрине, тәрбие жұмысы өте маңызды. Ұлттық, жалпы адами құндылықтар төңірегінде тәрбие беруіміз керек.
Сіз жаңа инклюзив дедіңіз. Инклюзивті білім беруге тоқталсам, ол – ерекше балаларды жалпы білім беру процесіне қосу. Бірақ оның ұғымы кең. Ол білім саласында барлығына бірдей жағдай жасау дегенді білдіреді. Нақты осы ерекше білімді қажет ететін балалар туралы айтатын болсақ, бұл мәселе тікелей Президенттің ерекше бақылауында. Осы мәселеге қатысты Президенттің бірнеше тапсырмасы бар. Соның ішінде балалардың әртүрлі ауытқуларын ерте анықтау бойынша білім саласында ПМПК жұмыс істейді. Осы ПМПК желісі биылдың өзінде 8-ге көбейді. Жақында Президент тапсырмасының аясында Парламент заңға жаңа өзгеріс енгізді. Оның арқасында 40-қа жуық жаңадан ПМПК ашылады.
Бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтап, оларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл – өте маңызды мәселе. Денсаулығында ауытқуы бар балаларды анықтағаннан кейін оларға тиісті ревалидация жасалуы керек. Ол үшін бізде оңалту орталықтары және түзету кабинеттері жұмыс істейді. Қазір осындай орталықтар мен кабинеттердің желісі жақсы дамып жатыр. Ол желі бойынша жаңа 18 ППТК ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы ПМПК мен ППТК-ның жұмысы жалғасуы үшін мамандар да қажет. Сондықтан соңғы үш жылда дефектолог және арнайы педагог мамандығына гранттар санын көбейттік. Өйткені қазіргі уақытта елімізде осындай мамандар тапшы. Ерекше балаларды жалпы білім беретін мектептерге қосу үшін тағы да бір маңызды шешімді қабылдадық. Дәлірек айтқанда, мектептерге тьютердің штатын енгіздік. Соңғы екі жылдың ішінде тьютердің штаты 1 500-ге жетті. Тьютерлер ерекше балаларды жалпы білім беру процесіне қосуда маңызды міндетті атқарып келеді. Соның арқасында арнайы интернатта немесе үйінде оқып жатқан мыңдаған бала мектепке келіп, басқа балалармен араласуға, бірге ойнауға, білім алуға мүмкіндік алып отыр.
Енді әрі қарай педагогтерді дайындауға және педагогтер ерекше балалармен жұмыс істеуге қабілетті болуы үшін курстар өткізіп, құзыреттілік беріп жатырмыз. Екіншіден, педагогикалық білім беру бағдарламаларына енгіздік. Университетте де осы біліктілікті алады. Сол үшін арнайы курсты да университет бағдарламасына енгіздік. Мектепке келген кез келген педагог маман жалпы білім беру барысында ерекше балалармен де жұмыс істеуге қабілетті болады.

 

Аттестация мұғалімге не береді?

– Білім сапасын арттырумен қатар, мұғалімдердің ұлттық санасын қалыптастыру да күн тәртібіндегі мәселе. Қоғамда түрлі пікір қайшылығына ұшырап, шу болған Ұлттық біліктілік тестте мұғалімге қандай талаптар қойылады? Ұлттық біліктілік тесттің нәтижесі қандай болуы керек?
– Шынын айту керек, ұлттық біліктілік тест, аттестация – көптеген дамыған мемлекетте бар құрал. Педагогтерді аттестациядан өткізу өте маңызды. Біз 2018 жылы қалыптасқан аттестаттау жүйесіне үлкен реформа жүргіздік. Мұның алдында да Кеңес кезінен басталған аттестация рәсімі болды. Онда тек қана портфолио тапсыратын. Яғни қаншама қағаз жинайтын. Арасында әртүрлі жалған ақпарат та болатын. Осыдан кейін біліктілік санаттарын алатын. Бірақ сол уақытта ең жоғары категорияға қосымша алатын ай сайынғы үстемеақы тек қана 17 мың теңге болатын. Одан төменгі санаттар орташа алғанда 8 мың және 4 мың теңге еді.
Біз 2018 жылы аттестацияның жаңа тәртібін енгіздік. Біріншіден, жаңа тәртіп бойынша тек портфолио ғана тапсырмай, өз пәнінен және әдістемеден тест тапсырады. Егер математика пәні мұғалімі болса, онда мектеп бағдарламасы бойынша математикадан сұрақтарға жауап береді. Екіншіден, математиканы беру әдістемесі, балалардың психологиясы бойынша сұрақтарға жауап береді. Егер шекті балды жинаса, онда екінші кезеңге өтіп, өзінің және оқушыларының жетістігі туралы ақпарат береді. Сонымен қатар сабақ өткізу қабілетін көрсетіп, оның қорытындысына сәйкес тиісті санатын алады. Енді осыған дейін ең жоғары категорияға қосылатын ай сайынғы үстемеақы 17 мың теңге болса, қазір ол ай сайын 150 мың теңгеге дейін жетеді. Әрине, ескере кететін жайт бар – ол «шебер» санаты болып, жүктемесі тиісті деңгейде болса. Мысалы, педагог 300 мың теңге жалақы алатын болса, оның 50 пайызы үстемеақы ретінде алған категориясына ай сайын беріліп отырады. Бұл жақсы емес пе? Сәйкесінше әр категория бойынша түрлі деңгейдегі үстемеақыға жалақының ай сайынғы 30 пайыздан 50 пайызға дейінгі көлемі қосылады.
Соңғы жылдары 260 мыңға жуық мұғалім аттестациядан өтті. Енді олар категорияларына сәйкес ай сайынғы үстемеақысын алып отыр. Бұл педагогтер енді 5 жылға дейін қайта аттестациядан өтпейді және 5 жыл бойы осы үстемеақыны алып отырады. Жалпы, бұл – мұғалімдерді әлеуметтік жағынан қолдаудың бір тетігі, екіншіден, мұғалімдердің жаңа білім алып, біліктілігін арттыруының бір құралы.

 

Қазақ мектебінде оқудың тиімділігін әрбір ата-ана білсін

– Білім беру саласында алаңдаушылық тудырып отырған тағы бір мәселе – әсіресе елордадағы аралас мектептер мәселесі. Қоғамда аралас мектептер жабылуы керек деген көзқарасты қолдаушылар қатары артып келеді. Сондай-ақ, қазақ мектептерінен аралас сыныптар ашу туралы ұсыныспен шығатын ата-аналар бар. Мәселені реттеу тетіктерін қарастырып жатырсыздар ма?
– Мемлекеттік тілде оқитын мектептердің жағдайын жақсартуымыз керек, сапасы да өте жоғары болуы тиіс. Ол бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір қазақ мектептерінің саны көбейді. Баланы қазақ сыныбына беруді әр адам өзінен бастауы керек. Мемлекет ешкімді мәжбүрлемейді. Егер әр азамат өз баласын қазақ тілінде оқитын мектепке берсе, онда жағдай басқаша болады. Екіншіден, қазақ мектебінде оқудың тиімді екенін әр азамат сезінуі, түсінуі керек.
Қазіргі уақытта қазақ тілінде білім беретін мектептердің оқу сапасы жоғары екенін көріп отырмыз. Егер біреу баласын қазақ мектебіне бермей жатса, онда ол білім басқармасының немесе директордың кінәсі емес… Бұл мәселені қоғам болып шешуіміз керек. Мұндай мәселе мәжбүрлеумен шешілмейді.
– Бала қазақ мектебіне бару үшін мүмкін барлық балабақшаны тек қазақ тіліне ауыстыру керек шығар. Себебі баланың ойлау қабілеті қазақша қалыптасуы керек деген үлкен мәселе бар.
– Балабақшаны да адамдар өз қалауымен таңдайды. Оған ешкім мәжбүрлемейді. Балабақшаларда да мемлекеттік тілді дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір мәселе мектеп пен балабақшада ғана емес. Бала қазақ мектебіне немесе қазақтілді балабақшаға барса да, үйінде де, ауласында да, үзілісте де орысша сөйлеседі. Бұған мектеп кінәлі ме? Ұстазға кінә тағуға бола ма? Ата-аналар үйінде қазақша сөйлесе қалай болар еді? Фильмдер, кітаптар, мультфильмдердің, жалпы ақпараттың да осы мәселеге әсері жоғары екенін білеміз. Сондықтан бұл – кешенді жұмыс.
Әрине, мектептің рөлі ерекше. Қазір біз қазақ тілінде сапалы білім беру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде жағдай өзгеріп жатыр және әлі де өзгереді. Мысалы, биылдың өзінде 1-сыныпқа баратын балалардың 70 пайызы қазақ тілінде оқуға құжат тапсырды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Мұндай мәселелерді айқаймен емес, байыппен, ақылмен, осы мектептерде оқығанның тиімділігін түсіндірумен, сапаны одан сайын көтерумен, өте ұтымды жағдай жасаумен шешкен жөн.
– Мектеп оқулықтарының сапасын арттыру бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр. Оқулықты заман талабына сай қайта жазуға бола ма?
– Соңғы бағдарламаға енгізілген өзгерістерге байланысты оқулықтар 2016-2017 жылдан бастап кіргізілді. Оқулық жасауда белгілі график бар. Бір жылда оның барлығы өзгертіле бермейді. Сол себепті оқулықтардың қайта басылу қажеттілігі болған кезде олар қайтадан басылады. Бірақ қазір қолданылып жүрген оқулықтар 2016-2019 жылдары жасалған. Әрине, сол кезде ең бірінші жасалған оқулықтарда кемшіліктер болды, біразы түзетілді.
Жалпы оқулық деген ең бірінші кезекте оқу бағдарламасына байланысты. Егер оқу бағдарламасы дұрыс болмаса, егер бағдарламада кейбір мәселелер бойынша тиімсіз ақпарат берілсе, оқулық та дәл сондай болады. Оқу бағдарламасында не жазылды, сол оқулыққа кіреді. Яғни бағдарламада қандай тақырып болса, оқулықта да сондай тақырып болады. Сол себепті алдымен бағдарламаны жаңарту керек.
Бір жылдай болды, тиісті жұмыс тобын құрып, осы бағдарламаларды жаңарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жаңартылған бағдарламалардың ішінде ұлттық және адами құндылықтарымыз міндетті түрде сақталады. Соның ішінде тәрбие мақсаттары да енгізіледі. Оның негізінде бірте-бірте жаңа оқулықтар басылып шығарылады. Міне, осылайша оқулықтар жаңа тәртіппен басылып шығады. Сондай-ақ, міндетті түрде апробациясы және жан-жақты экспертизасы болады.

 

Ауылдық жерде білім беру деңгейі төмен деген – қате түсінік

– Ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бізде ауыл мектептерінің білім сапасы қала мектептерінің білім сапасынан өте төмен деген тағы бір «аңыз» бар. Бірақ ол түсінік дұрыс емес. Неге? Өйткені Солтүстік Қазақстан облысы немесе Павлодар облысының ауыл мектептерінің орташа білім беру сапасын Қызылорда немесе Атыраудың қала мектептерінің білім сапасымен салыстырсаңыз, қала мектептерінің білім сапасы төменірек болады. Сондықтан мәселе ауыл мен қала мектептерінде ғана емес… Әрине, онда да проблема бар. Бірақ арақашықтығы әртүрлі өңірлердегі білім беру сапасының айырмашылығы бұдан да үлкен проблема. Мысалы, Түркістан облысының кейбір қала мектептерінің білім беру сапасы солтүстіктегі ауылдың орта білім беру сапасынан төмен. Сондықтан әртүрлі өңірлердің білім беру сапасы ескерілуі керек. Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстары білім беру сапасы жағынан өте төмен көрсеткішке ие. Бұл өңірлерде қаланың да, ауылдың да мектептерінің көрсеткіштері өте төмен. Осы проблемаларды шешу бойынша бірнеше іс-шара қабылданып жатыр.
Бұл өңірлерде білікті мұғалімдердің жетіспеу -шілігі проблемасы бар. Сондықтан жаңа жобаны әзірледік. Ол жоба конкурс арқылы іске асырылады. Мықты, білімді, білікті мұғалімдер іріктеліп, арнайы емтиханнан өтіп, осы төрт облысқа жіберіледі. Бұл төрт облысқа баратын болса, олар екі есе жоғары жалақы алады. Сонымен қатар коммуналдық және үй жалдау шығындарын мемлекет өтейді. Осылай өңірлердегі мектептерге білімді, білікті педагогтерді жіберіп, білім беру сапасын көтереміз.
Ауыл мектептеріндегі проблема – интернаттар мәселесін, мұғалім жетіспеушілігі, жұмыс істеп жатқан мұғалімдердің біліктілігін арттыру, балаларды күнделікті тасымалдау, қауіпсіз тасымалдау мәселесін шешу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Интернаттарға, жақын маңдағы ауыл мектептеріне мектебі жоқ ауылдардан балаларды тасымалдау үшін биыл 515 жаңа автобус сатып алынады. Ол бойынша тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз. Ауылдағы және шалғайдағы мектептерге мұғалімдер жетіспесе, онда қашықтан білім беру жүйесі арқылы ақпарат беру, білім беру, сабақ беру мәселесі де енгізіледі.

 

Вертикальді басқарудың жетістігі де, кемшілігі де бар

– Cаланы басқару жүйесінде болып жатқан өзгерістерге қатысты көзқарасыңызды да білсек… Вертикальді басқару жүйесі деген не, оның қандай артықшылықтары бар?
– Қазіргі күні мектептерді басқару вертикальді жүйе арқылы облыстық білім басқармасына бағынады. Мұның жақсы жағы көп. Бірізділік, бір облыстық, аумақтық территорияда қабылданған бірдей шешімдер сол облыстың тұрғындарына, ата-аналарына түсінікті. Мемлекеттік білім беру саясатын іске асыру кезінде балабақшаларға кезектілікті қою, оларды қадағалау, ата-аналарға тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу сияқты мәселелер бар. Оқулықтарды сатып алу біріздендірілді, яғни енді оқулықтар бір жерден барлығына бірдей сатып алынады. Жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде де ортақ жүйелі шешімдерді қабылдауға болады.
Балалар үшін не қажет екенін, сапалы білім беру үшін қандай құрылым, қандай басқару ыңғайлы екенін көре білсек, онда біз барлық мәселені тез түсінеміз. Қазір мұғалімдерді әртүрлі іс-шараларға, сенбіліктерге тарту, олардың құқықтарын таптау фактілері тіркелсе, онда оған қатысты министрліктің өз ұстанымы бар. Министрлік заңды тұлғаларды, жеке тұлғаларды не лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін заң бойынша өз құзыреттілігін іске асырады. Иә, қазіргі уақытта енгізілген жүйе өте ыңғайлы. Оған қоса, менің ойымша, қазір облыстық білім басқармалары министрлікке бағынышты болуы керек. Өйткені облыстық білім басқармалары, яғни аудандық білім бөлімдері, директорлар тек облыстық әкімдіктерге ғана бағынады.
Қиындықтар жоқ емес, әрине, бар. Бірақ оны түзетуге уақыт қажет. Мысалы, қаржыландырудан облыстық білім басқармалары шаршап кетті. Ал білім бөлімдері керісінше, әкімшілік функциялардан гөрі нақты білім сапасын қамтамасыз ету жұмысымен айналысуға мүмкіндік алды. Сөйтіп, осы жұмыспен айналыса бастады. Облыста, әрине, бұған дейінгі жағдайға қарағанда жұмыс көлемі ауқымдырақ, қаржы өте көп, онымен айналысатын адамдар да шаршайды. Мұның бәрін шешетін цифрландыру, «бұлтты бухгалтерияны» енгізу мәселелері бар.
Сосын әрбір білім мекемелеріне академиялық дербестік беруіміз керек, сол кезде әркім өз ақшасын өзі пайдалана алады. Сәйкесінше, сондай үлкен жүктеме білім басқармаларына түспейді. Бұл – уақыттың еншісіндегі дүние. Біз екі дүниені шатастырмауымыз керек, қаржыландырудың орталықтандырылғаны – білім сапасын арттыруға пайдасы тиген жақсы үрдіс. Ал жаңағы операциялық дүниелер, ол – бөлек мәселе. Ол екеуін ажыратып, бөлек қарауымыз керек.
Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия секілді елдерде облыстық білім басқармалары тікелей министрлікке бағынады. Басқа да дамыған мемлекеттерде дәл осындай жүйе бар. Ал бізде министрлік бар, ол тек бұйрықтар қабылдайды, бірақ сол бұйрықтарды орындау, адамдармен жұмыс істеу, кадрмен, қаржымен қамтамасыз ету бойынша ешқандай құзыреттілігі жоқ. Мектептер, балабақшалар, колледждер, білім басқармалары әкімдерге бағынады және қаржыландыру да сол жақтан. Міне, осы проблеманы шешу – біздің алдымызда тұрған үлкен міндет.

 

Директор кінәлі ме, онда айыппұл төлесін!

– Ротация институтының тиімділігі қандай? «Ротация ережелері шикі, жетілдірілмесе, барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін» деген пікірлер бар. Бұған не дейсіз?
– Ротация жөнінде мұғалімдер емес, директорлар айтады. Өйткені директорлар бір орнында 20 жыл отырып үйреніп қалған. Оның несі шикі? Ештеңесі шикі емес. Ротация ережесінде «Егер бір орында 7 жылдан астам істесе, басқа мектепке ауысады» деп жазылып тұр. Қандай мәселе шикі? Қазір біз 7 жыл емес, 4 жылға түсіруді ойлап отырмыз. Өйткені, менің ойымша, мұғалімдер, мектеп басшылығы бір мектепте қажетті уақыт жұмыс істеп, одан кейін ауысып отыруы керек. Ауылдағы кейбір мектептерді көріп отырмыз, толығымен туыстарын жинап алған. Бұдан кейін қандай талап болады? Қандай білім беру сапасы болады? Сондықтан әртүрлі алып-қашпа сөздерге сенбеу керек.
Мектеп – біреудің қалдырып кеткен мұрасы емес. Мектеп – мемлекеттің меншігі. Сондықтан мектеп басшылығы барлық күш-жігерін салып, мектепті жаңа деңгейге көтеріп, одан кейін келесі мектепке барып, оны да көтеруі керек. Ал егер директор өте әлсіз, деңгейі өте төмен болса, онда ол директор ротацияға түспеуі керек. Ол директорларды жұмыстан шығару керек. Жұмыстан шығару бойынша аттестация бар. Жалпы еңбек шартын тоқтатуға болады. Ережеде «Егер тиімділігі төмен директор болса, ол жұмыс істемеуі керек» екені жазылып тұр. Өйткені ол басқа мектепке барып, оны да «бүлдіріп» кетеді. Біз білімді директорларды бір-бірімен ауыстыруымыз керек. Білімсіз директорларды жұмыстан босатуымыз керек.
Жалпы директорлардың жалақысын көтеру бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір олардың айыппұлдары көп. Тексеру органдары келіп, түрлі айыппұлдар салып кетеді. Оны төлеуге директорлардың жалақысы жетпейді. Айыппұл жалақыдан төленбеуі керек. Егер әртүрлі айыппұлдар директордың өзінің жұмысына тікелей байланысты болса, онда ол өзінің мәселесі. Таза болмаса, мектептегі білім беру процесі дұрыс болмаса, ол да түсінікті. Ол тікелей директордың кінәсі. Егер үш ауысымды мектеп болса, оған директордың қатысы жоқ. Директор өзі бұл мәселеге ықпал ете алмайды. Егер осы мәселеге айыппұл салса, онда ол дұрыс емес. Сондықтан директорлардың жалақысын көтеру бойынша әрі қарай да жұмыс істейміз. Бұл, біріншіден. Екіншіден, әртүрлі келеңсіз жағдайлардан босату бойынша жұмыс істейміз. Бірақ тиімсіз директорлар болса, олармен қоштасу бойынша да батыл шешімдер қабылдаймыз.
– Дұрыс екен. Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі грант дауына қандай да бір түсініктеме бересіз бе?
– Олар қай мектепке қанша орын береді, ол орындарға кімді, қандай тәртіппен алады… Қандай квота, қазақтілді немесе орыстілді, ағылшынтілді… Қандай топтарға қанша квота береді… Мұның бәрін өздері дербес шешеді. Оған Оқу-ағарту министрлігінің тікелей қатысы жоқ.
Дегенмен біз оларға осы жүйені жетілдіру қажеттігі жайында ұсыныс бердік. Өйткені қазір қоғамда көтеріліп жатқан мәселе, менің ойымша, ойға қонымды. Сол себепті бұл мәселеге құлақ асу керек. Мәселеге назар аударып, бұл жүйені жаңаша жетілдіреді деп сенемін.
– Еліміздің білім саласында ер мұғалімдердің үлес салмағы 20 пайызды ғана құрайды екен. Оқу жүйесіне шетелдік озық тәжірибелерді енгізуге, әсіресе Білім инновациялық лицейлерінің әдістемесін, тәрбие үрдісін енгізуге көзқарасыңыз қандай? Ер мұғалімдердің санын арттыруға қатысты жоспарларыңыз бар ма?
– Ер-азаматтарды мектепке тарту үшін тиісті жүйеде ынталандыру тетіктері болуы керек. Егер жалақы жақсы болса, ер-азаматтар мектепке барады. Қазір Президенттің тікелей қолдауының арқасында іске асырылған «Педагог мәртебесі» заңы аясында педагогикалық мамандыққа түскісі келетіндердің және грант жеңіп алғандардың арасында ер-азаматтардың саны әлдеқайда артып отыр. Сондықтан олар педагогикалық университетке түссе, онда мектептерімізге келетін ер-азаматтар саны артады деп жоспарлап отырмыз. Жалпы «Педагог мәртебесі» заңының арқасында мектептерге келіп жатқан ер-азаматтар саны артып келеді. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасады деп ойлаймын. Ол үшін азаматтарды мәжбүрлемей, ынталандыру керек. Егер жалақы жоғары болып, мәртебесі жақсы болса, әрине, онда салаға мықты ұл-қыздарымыз келеді. Сондықтан осы жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз.
– Көп жылдан бері біздің «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге «Ауыл – ел бесігі» экспедициямыз аясында республикамыздың барлық ауыл, елдімекендеріне барып, халықтың жағдайымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдап қайтатын дәстүріміз бар. Биылғы экспедициямызға Оқу-ағарту министрлігінің өкілдерін де қоссақ деген ниетіміз бар…
– Жоқ, министрліктен мамандар бара алмайды. Облыстарда мұндай сұрақтарды бізсіз шеше береді. Проблема болады деп ойламаймын. Әр басылым экспедицияға шығып, оған өкіл жіберетін болсақ, бізде жұмыс істейтін адам қалмайды ғой. Бізде республикамыздағы 20 мың ұйымның орта білім беру мәселесімен айналысуға бар-жоғы 25 маман ғана бөлінген. Енді осы 25 адамды біз қалай жан-жаққа жібереміз?!
– Сіздің «Мұғалімдерді баспасөзге жазылуға мәжбүрлемеңіздер» деген бір ауыз сөзіңізден кейін білім ошақтары, ұстаздар, оқушылар арасында баспасөзге деген көзқарас өзгеріп кетті. Сіздің уәжіңізді сылтау етіп баспасөзге жазылмайтын мектептер мен мұғалімдер көбейді. Егер «Газет – халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» десек, ұстаздар қауымының баспасөзге жазылмағаны дұрыс деп ойлайсыз ба?
– Әрине, адамға газет, журнал оқу өте қажет. Бірінші кезекте мұғалім өзінің білімін жетілдіру үшін, балаға білімді неғұрлым көбірек беру үшін көп оқып, көп ізденуі керек. Оның ішінде баспалардың да рөлі өте жоғары, оны кемсітуге болмайды. Бірақ менің айтып отырғаным – оған ешкім мәжбүрлемеуі керек. Әр мұғалім өзінің қажеттіліктерін біліп, өзі жасауы керек. Бұрында әр пән бойынша журналдар болған. Мысалы, «Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту», «Математика в школе» деген журналдар болды. Олардың ішінде түрлі тақырыптардың барлығын тереңдетіп, балаға қалай жеңілірек толтыруға болады деген үлкен ойлармен бөлісетін адамдар болды. Бұл қазір де өте үлкен қажеттілік. Бірақ біз оны мәжбүрлеп енгізбеуіміз керек. Олар өздерінің сапалы мазмұнымен мұғалімдерге өздері-ақ пайда болуы керек. Сол кезде ешкім ешкімді қинамайды. Жазылу да бар, цифрлы журналдар да болуы керек, ол біліктілікті арттыруға жақсы. Бір кездері де сондай жақсы үрдіс болған.

– Рақмет!

Сұхбаттасқан – Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ