Баланың әр ісі үшін, әрекеті үшін, нәтижелерін мақтап отырыңыз!

Бұл кеңестердің көбісін ана болған соң әр әйел заты өзі де сезіне бастайды. Дегенмен, әр ақпаратты арасында жаңғыртып, жаңалап, еске түсіріп отырған артық болмас. Әр кезде жаңалық басқа қырынан ашылатыны бар. Сондықтан, ұлыңыз болса, біле жүргейсіз. 
1. Ешқашан, ешбір жағдайға қарамастан ұлыңызды әжуаламаңыз. Ер адамға әйелдің әзілі ауыр тиеді. Әсіресе, анасының күлгені өте қиын. Бала үшін ол мәңгі есінде қалатын ауыр жүк. Одан да бірге күліңіздер. Бірақ оған күлмеңіз. Оған күлуді ұсақ-түйек деп қарамаңыз. Баланың көңіл күйіне немқұрайлы болмаңыз.
2. Отбасы болып қабылдайтын шешімдерге баланы ертерек араластырыңыз. Көмек сұраңыз, кеңес сұраңыз. Оған сенетініңізді, құрметтейтініңізді көрсетесіз. Оны азамат деп білетініңізді айқындайсыз. Осы сеніммен азамат болып қалыптасады.
3. “Мен саған айттым ғой!” деген сөйлемді сөздік қордан мәңгіге өшіріп тастаңыз. Сол сөзді айтқандағы дауыс ырғағыңыз қандай болатынын байқап па едіңіз? Бала өзі-ақ ненің дұрыс, ненің бұрыс болғанын түсініп алады. Өзі ой түйіп үйренеді.
4. Әр ісі үшін, әрекеті үшін, нәтижелерін мақтап отырыңыз. «Менің ұлым қандай тамаша ұшақ жасағанын қараңдар!», «Мына суреттегі түстерді әдемі үйлестірген екенсің!»… 

5. БАЛАНЫҢ ӘРБІР АРМАНЫН ҚОЛДАП ОТЫРЫҢЫЗ. АРМАНДАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫНА КӨМЕКТЕСІҢІЗ. “МАЛ ДӘРІГЕРІ БОЛАМ” — ТАМАША! ҚОЛДАҢЫЗ! “СӘУЛЕТШІ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ!” — БҰЛ ДА КЕРЕМЕТ!

6. Ұлыңызға жылауға рұқсат беріңіз! «Жігіттер жыламайды, қой жылама» деген сөзді естіртпеңіз. Баланың көңілі түссе, жаны жабырқаса, жылап алсын. Оның сезімін қабылдап үйреніңіз. Жай ғана құшақтап, жаны неге қиналғанын түсінетініңізді айтыңыз. Оның сезімі – сіз үшін маңызды екенін түсінеді. Біраз уақыт өткен соң өзі де көз жасы жігіттерге жараспайтын қылық екенін түсіне бастайды.
7. Ұрыса беруден тыйылыңыз. Ұрысқанды бала бәрібір түсінбейді. Тәжірибе алса, сабақ түйсе, бала бәрін ұрыссыз-ақ түсініп алады.
8. Әрдайым баланың жағында болыңыз. Егер ел-жұрттың алдында жүрсеңіз, сіздің ұлыңыздікі әрқашан дұрыс деп біліңіз. Оңаша қалған соң сөйлесерсіз, бұрыс болса, түсіндіресіз, ақыл-кеңес берерсіз, ал мұғалімнің, достарының, көршілердің көзінше ұлыңызды жақтайтын сөздерді табыңыз. Балаңыз осы әрекетіңізді бағалайтын болады. Балаңыз сізге мүлтіксіз сенеді. Өзі де сенімді болып өседі. Сонда ана мен баланың қарым-қатынасы етене жақын әрі сенімді бола түседі. Құпиясын айтып, сізбен сырын бөліседі, кез келген нәрсені сұрауға қысылмайтын болады.
Әр ананың арманы осы емес пе?

Аударған Шынар Әбілдә