БАЛАҢЫЗДЫ БАҚЫЛАП ЖҮРСІЗ БЕ?

Кейде қу дүниенің қамымен алдамшы арманның артынан еріп, ақиқаттан көз алып қалатынымыз бар. Өсіріп жатқан бала-шағасы жоқшылықты көрмесін, ешкімнен кем болмасын деген мақсатпен күндіз-түні жұмыс жасайды. Алайда, ешкімнен кем болмасын деп алып беріп жатқан дүниелерін бала қалай пайдаланып жатыр, ұялы телефонының ішінде не бар екенін, қандай әлеуметтік парақшаларға кіріп, кіммен сөйлесіп жатқанынан бейхабармыз. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы болар.
Бүгінгі күні зымыраған көліктердің саны күн өткен сайын көбейіп келеді. Айтайын деп отырғанымыз – жүйткіп жүрген техникалардан балалардың қорықпайтындығы. Қазіргі таңда көптеген жүргізушінің аузынан осы мәселені естисің. Машиналармен қабаттасып, көшенің ортасымен жүретіндіктері көптеген жандарды алаңдатып отыр. Қанша дегенмен темірдің аты темір ғой. Тежегіші істен шықса, сенің менмендігіңе қарамайтыны ақиқат. Ата-ана, мектептегі ұстаздар күнделікті мектепте осыны ескертіп отырса, нұр үстіне нұр болатыны анық.
«Ең алғашқы махаббат, басталады партадан» деп марқұм жерлесіміз Нәби Аймұратовтың салған әніндей уақытысында бала махаббат кіршіксіз таза болушы еді. Бұған дау жоқ. Ғашық болу, қобалжу, ұялу, ешкімге білдіріп қоймау керек деген ой бәрінің басынан өткен болар. Бірақ, бұрынғы мен бүгінгінің айырмашылығы бұрынғыда ұят болатын. Қазіргіде ол аздау болып отыр. Қыздар ер жігітке ешқашан көңілін білдірмейтін. Бар ойлағанын ішінде сақтайтын. Қыздар сонысымен сүйкімді болатын. Бүгінгі таңда «Вконтакте» желісіне кірсеңіз, «Признавашки Шиелі» деген екі парақшаны табуымызға болады. Ол парақшаға тіркелгендердің саны біреуінікі 36233 адам болса, екіншісінікі 7257-ге жетіп жығылады. Иә, бұл аз адам емес. Аудан жастарының басым бөлігі осында десе де болады. Алайда, жастарға тәлім-тәрбие беретін, жақсыны жақтап, жаманды даттайтын мән-мағыналы ешнәрсе таба алмайсың. Тек көретініміз: «Мына балаға, болмаса мына қызға мәлімет беріңіздерші. Ұнап қалды». Кейде қарап отырып күліп те алатын уақытымыз болады. Өйткені, бесіктен белі шықпаған жастардың «Байқамадың жанарымда мұң барын» немесе «Мен сені Алланың разылығы үшін жақсы көремін» деп жазғаны қызық көрінеді. Әрнәрсе уақытысымен болғаны абзал емес пе? Бұл уақытта оның сабақ оқығаннан басқа мұңы болмау керек деп есептейміз.
Бұдан сәл ертеректе балалар ата-анаға қарсы тұруы былай тұрсын, әкесінің көз қарасынан қорқатын. Ал, бүгінгі таңда балалар өз ата-аналарымен жарыса сөйлей кетеді. Кейде сөз қайтарғаны былай тұрсын, ұрысқанын да естіп жатамыз. Сондықтан, болашағымызды ойласақ, балаларымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек секілді. Балалар компьютердің алдында емес, әкесінің алдында өссе, компьютерде әркімнің жазған ақылын емес, әкесінің ақылын естіп өссе, теледидардағы әртістерге емес, әкесіне еліктесе болашақта сол баладан да өнегелі ұрпақ тарайтыны айтпаса да белгілі.
«Ешкім де іштей батыр болып тумай­­ды, Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», – деп Бауыржан Момышұлы айтқанындай балаларымыз іштен бұзық болып тумайды, олар өзінің ортасына қарай қалыптасады. Сондықтан, балаларымыздың не істеп, кімдермен дос болып жүргеніне назар аударайық. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – демекші, елімізді, мемлекетімізді жоғары деңгейде көрсеткіміз келсе, бесіктен бастап тәрбиені жақсы қалыптастыруымыз қажет. Әр отбасы өзі тербеткен бесігіне ерекше көңілмен қарап, сәбиін дұрыс тәрбиелесе, келешегіміз айқын, болашағымыз жарқын болары хақ. Өз отбасында жақсы тәрбие алған бала – ата-анасының ғана емес, еліміздің, Отанымыздың үлкен болашағы.

Ерұлан ДАТКЕНОВ