Баласына әкесін сыйлатқан әйел — нағыз әйел!
Алты жасар балам «Анашым су ішемін, су ішемін» деп еді, ана жақта бала емізіп отырған әйелім кітап оқып отырған маған: «Балаға су құйып бере салшы!», — деді. Мен осының алдында ғана осы «намыс» сайтындағы «Әкенің беделі қалай өседі?» деген бір мақаланы оқымағанда баяғымша ұшып түрегелер едім, міз бақпадым. Естімеген кісідей есінеп-құсынап кітабымды оқи бердім. Бір кезде қатыным емшектегі баланы сілке тастап жұлқынып: «Кішкентай ғана нәрсе ғой, тұяғың қимылдаса өліп кетесің бе?» — деп шаптықты келіп. Үндемедім. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жаңбыр сіркіреп басылған соң, ештеңе болмағандай жұмсақ қана, «келші!» дедім. «Мен де мұны кішкентай нәрсе деп ойлайтынмын. Жоқ, бұл әсте кішкентай нәрсе емес екен, отыр сөйлесейік!» — дедім.
Бүгіннен бастап баламның жұмысына мені қолқанат қылуды тоқтат! Оның шамасы келмейтін, әке ретінде атқаратын, көмектесетін жұмыстарды, көрсетер мейірімнің мөлшерін өзім білемін. Ол он минут кешігіп су ішсе шөлден өліп қалмайтын еді, балаңды емізіп болған соң жұлқынбай, бұлқынбай барып құйып бере сал. Әйтпесе өзі құйып ішетіндей қылып үйрет. Дәл осылай кете берсек бұл балалар ертең екеумізді де «құл» қылып, дегенімен жүргізетініне көзім анық жетті. Қысқасы, сен мені құрметтетіп балаларды тәрбиелеуің керек екен. Балаларымыздың бойына қорыққаннан емес, құрметтегеннен сыйлайтындай дән егіп үлгеруіміз керек екен. Ертең үлкейгенде кішкене кезінде қорқытып басқарған амалың жүзеге аспай қалады. Сонда не амал істемексің? Міне, алты жас! Кешіктік, сонда да «ештен кеш жақсы». «Балам әкеңнің киімін жоғары көтеріп қой!», «балам, әкеңнен ұят болмасын!», «әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой!», «әкеңді тамаққа шақыр!», «әкеңнен рұқсат сұра!», «әкеңді шығарып сал!», «әкең келе жатыр, үйді жинастырыңдар!», «әкеңнің мазасын алма!»… Осындай сөздердің бір күнде кем дегенде біреуі айтылып тұруы керек және мұны балаға істете біл. Ал мен күнде емес, аптасына бір рет болса да «аналарыңа рақмет айтыңдар!», «аналарың ренжіп қалмасын!», «аналарыңа сыйлық әперейік!», «аналарыңмен ақылдасыңдар!» деген сөздерді айтып тұруым керек.
Ойындағысы болмай қалса жер тепкілеп, жер тырнап жылап, екеумізді боқтап жатқан мына боқмұрын ертең басымызды қай оңға қаратар дейсің?! Сен мені қазірден бастап өзіңе қолқанат, балама «құл» қылмай-ақ қой. Мұны тыймасаң ертең-ақ сен де менің қатарыма қосылып, ертең келініміз бен баламызға арбаға жегілген аттай қызмет етпесімізге кім кепіл? Ақырып қалайын десең жүрек қабы жарылып кете ме, түртіп қалайын десең қабаттан секіріп кете ме деп тірі күйік тартудан Құдай сақтасын!
Баланы жұмсап үйрен. Ауылда өскен баламыз ғой, жұмсалғаннан жаман болған жоқпыз.
Баяғыда Жиреншеге біреу «қолқанатың бар ма?» дегенде ат үстінде тұрған Жиренше: «бар» деп үш жастағы баласын көрсетіпті. «Ойбай-ау мынау да қолқанат па?» — депті жолдасы. Сонда Жиренше жерге қамшысын тастай салып, үш жастағы баласына: «Балам, қамшымды алып беріп жіберші!» — депті. Баласы домалаңдап келіп қамшыны жерден көтеріп әкесінің қолына жеткізіпті. Сонда Жиренше: «Қолқанат деген осы емес пе?!» деген екен. Оған қарағанда одан екі есе жастағы бала су құйып іше алмайды деген не сұмдық?
Баяғы демей-ақ қояйын, өз әкемді, өз ауылымдағы әкелерді көрдім. Кедейін де, байын да көрдім. Қонаққа барса да бала көтеріп безілдеп немесе шынашақтай баласына, «Сүйтесің бе? бүйтесің бе? Қәне мынаны көрші!» — деп маймылша билеп тұратын бүгінгідей әкелерді көрген емеспін. Қайдар дейтін кісі есімде қалыпты. Шәй ішіп болып жамбастай жатқанда ұсақ балалары үстіне үймелеп алатын. Жарықтық маңғаз адам еді, кіші әйеліне дауыстап: «ой, мыналарды алсаңдаршы әй!» — деп қойып жата беретін еді. Сонда әйелі: «Аузың бар ғой, өзің неге айтпайсың?» — демейді. Керісінше әйелі анау қарадомалақтарды шалының үстінен шыбын үркіткендей қуалап жіберетіні есімде. Ал балалармен тәжікелесіп, олар оны қылжақ қылып, сөз ұқтыра алмай жатса ондай жағдай әкелерге жараспайтын әрекет”— емес пе
Түйін:
Қарап отырсаңыз, бұндай жәйттар әрбір отбасында орын алып жатады. Алайда, бала ісіне әкелерді жұмсау сөз ететіндей түкке тұрғысыз әрекет болғанымен, ұрпақ тәрбиесінде айтарлықтай рөлі бар екенін байқаған боларсыздар. Баласына әкесін сыйлата алған әйел — нағыз әйел! Ол әйелдің басы баласының да, жарының да алдында қадірлі боларына күмәніңіз болмасын!
Кәмшат Айдарханова