Бәледен арылмаудың он себебі

Əбу Ысқақ Ибраһим бин Əдһəм бин Мансур – Бəлх қаласында туған үлкен ғалым, мухаддис, асқан тақуа, мəшһүр сопы.

Өлкесіндегі патшаның ұлы болған Ибраһим бин Əдһəм не ішемін, не жеймін демейді, асып-тасқан молшылықта өмір сүріп жатады. Бір күні сауық-сайран құрып, аңшылықта жүргенінде, ғайыптан тайып «Сен бұл үшін жаратылған бе едің?» деген бір дауыс естиді. Бұл дауыс құлағына бірнеше мəрте естіледі. Тағы бір кезінде тақ үстінде ұйықтап жатқан Ибраһим бин Əдһəм шатырдың үстінде біреу жүргенін естіп оянады. Əлгіге:

 

– Кім ол шатырымның үстінде жүрген? – деп айқайлайды.

Ол да:

– Түйемді жоғалтып едім, соны іздеп жүрмін, – деп жауап береді.

– Шатырдан түйе іздей ме екен? – дегенінде, əлгі де оған:

– Алтын тақтың үстінде, атлас шапан ішінде Алланы іздеуің түйені төбеден іздегеннен де таңғаларлық дүние емес пе? – деп жауап береді.

Осы оқиғалардан кейін Ибраһим бин Əдһəм алтын тағын тастап, жайқалған бауы мен бағын тастап, жолда кезіккен қойшыға үстіндегі киімін беріп, оның

жыртық шапанын киіп, тақуалық жолына сапар шегеді. Өміріндегі ең ауыр қа сі реті де отанын, жылы орнын тəрк етіп кетуі еді.

Оны өзі де былай деп жеткізеді:

«Қан ша ма қасірет шектім. Бірақ мұның ешқайсысы Отаныңнан айрылғандағы қасіреттей болмады. Нəпсіме қарсы ең үлкен соғыс Отанымнан кеткенімде болды», – дейді.

Сол Ибраһим бин Əдһəмнан Бағдаттан Басраға барғанында айналасына халық қаумалап:

– Ей, Ибраһим! Басымыздан бəле арылмады. Құтыла алар емеспіз. Дұға етеміз, бірақ дұғамыз қабыл болмайды. Не себепті дұғамыз қабыл болмауда? – деп сұрайды. Əулие Ибраһим бұған бірден жауап бермейді де:

– Рұқсат етсеңіздер, араларыңызда біраз уақыт болайын, жағдайыңызбен жақсылап танысайын, бұл сұрақтарыңызға содан соң жауап берейін, – дейді.

Осылайша Ибраһим бин Əдһəм халық арасында біраз уақыт қалып, жағдайларын зерттеп көріп, бір мəжілісте сұрақтарына жауап береді.

– Ей, Басра халқы! Жағдайларыңызды зерттедім. Жүректеріңіздің күнəдан өлгенін байқадым. Өлген жүрек тен дұға қабыл болмайды, – дейді. Сонда халық тұрып:

– Жүрегіміз қандай күнəлардан өлген екен, – деп сұрайды.

 

Ибраһим бин Əдһəм төмендегі он күнəні санап береді:

 

1. «Алланы таныдық» дейсіңдер, əмірлерін танымайсыңдар.

2. Құран Кəрім оқисыңдар, алайда мəн-мағынасын ұғына амал етпейсіңдер.

3. «Хазіреті пайғамбарымызды (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйеміз» дейсіңдер, бірақ сүннетін сүйетіндеріңді көрсетпейсіңдер.

4. «Шайтанға дұшпанбыз» дейсіңдер, бірақ онымен дос болудан бас тартпайсыңдар.

5. «Жəннатты сүйеміз» дейсіңдер, алайда оған лайық амалдарың жоқ.

6. «Жəһаннамнан қорқамыз» дейсіңдер, бірақ жəһаннамға сүйрейтін амалдардан бастартпайсыңдар.

7. «Өлім – хақ» дейсіңдер, алайда хақ болған өлімге дайындықтарың жоқ.

8. Дін бауырларыңның айыбын көресіңдер, бірақ өз кемшіліктеріңді көретін емессіңдер.

9. Алланың сыйлаған нығметін оңды-солды шашасыңдар, бірақ шүкір етпейсіңдер.

10. Өлілеріңді көмесіңдер, бірақ бір күні өздеріңнің де көмілетіндеріңді ойламайсыңдар.

Ибраһим бин Əдһəм он күнəны санап шыққаннан соң:

– Ей, Басра халқы! Жүректеріңді өлтірген осы он күнəдан бас тартпайынша дұғаларың қабыл болады деп ойламаңдар. Жүректеріңнің қайта тірілгенін қаласаңдар күнəлардан құтылуға күш сарп етіңдер. Беталыстарыңды түзетіңдер. Дұғаларыңның қабыл болғанын, бастарың бəледен арылғанын сонда көресіңдер. Адам баласы дүние жинайды. Алайда Алла жолында жұмсамайды. Зекетін де бе мейді. Соңында мирасқорларына тастап кете барады. Бас қалары дүниесінің қызығын көріп жатқанда, ол қабірде соның есебін беріп жатады, – дейді.

Міне, Ибраһим бин Əдһəмның бұл алтын үгіттері қашан да болсын баршамызға насихат. Дұғамыздың қабыл болмауын, басымыздан бəле арылмауын осы он мəселеге қарап білуге болады.

 

Салтан СƏКЕН