БАЛҒЫН ФУТБОЛШЫЛАР ТҮРКИЯДАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Атырау облысында балалар футболына маңыз берілуде. Биыл маусым айында Атырау қаласында “Real Sport” Академиясы ашылып, балалар футбол командаларын жаттықтыру басталған болатын. Халықаралық деңгейдегі ойындарға қатыса бастаған балғын футболшылардың бір тобы жақында Түркия елінің Картепе қаласында өткен жасөспірімдердің “KartepeCup” футбол турниріне қатысып, жеңіспен оралды.
Бұл жоспарлы шарада “Real Sport” командасы Сакари қаласындағы жолдастық кездесуге, Картепе қаласындағы турнирге қатысты. Кәсіби Түрік лигасының ойынын тамашалап, Стамбул қаласының тарихи орындарын аралады.
«Картепе кубогы» үшін халықаралық турнир осымен үшінші рет өткізілді. Додаға: Түркия, Германия, Болгария, Косово, Қазақстан, Қырғызстан, Катар, Кувейт елдерінен командалар келді. Сайысқа 2006; 2007; 2008 жылдары туылған балалардан құралған 66 команда қатысты. Қазақстан елінен баруға “Real Sport” академиясының 2008 жылы туған атыраулық балақайлары мүмкіндік алды. Жас өрен футболшылардың турнирге жолдамасын ұйымдастырған академияның бас тренері Эрджан Конукпар. Жолапарда жеткіншектерді “Real Sport Аkademy” ЖШС-нің директоры Берік Тәжібаев, бас тренер Эрджан Конукпар, және үш ата-ана қамқорлап, алып жүрді.
Бар болғаны екі ай ғана жаттыққан балауса футболшылардың бас тренері Э.Конукпар 15 жыл футбол ойнап, танылған, кейіннен 12 жыл бойы балаларды осы спорт түріне жаттықтырып келеді. Түркия елінде балалар футболын дамытуға сіңірген еңбегі зор. А және Б санатты жаттықтырушы дәрежесі бар. Атыраулық балаларды футболға дайындауда біраз тер төкті.
Сонымен «Картепе кубогы» турнирінде 2008 жылы туғандардан 24 команда қатысты. Бірінші ойын “Mimaroba SK” командасымен өтті. Бұл кездесуде шабуылшы Абылай Әубәкіров қарсыластарының салған голына әдемі жауап қайтарды. Сөйтіп ойын 1:1есебімен тең аяқталды. Екінші ойында “Altinova FK” командасын 3:0 есебімен ұтты. Үшінші ойын 2:1 болып, “Besyuzevlem SK” командасының пайдасына шешілді. Осылайша атыраулық футболшылар командасы турнир кестесінде 5-ші орынға жайғасты.
Екінші топпен ойын 2 жеңіс, 1 жеңіліспен аяқталды. Қорытынды есепте “Real Sport” II-ші орынды иемденіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Екі ай ғана жаттыққан өрімтал футболшыларымыз 2-3жылдық тәжірибесі бар құрдастарымен қарсыласта басымдылық көрсете білді. Бұл олардың ауқымды деңгейде өткен алғашқы турнирі екенін ескерсек, жас өрендер әдемі де жігерлі, шебер қимылды сәттерімен жанкүйерлеріне әсерлі демалыс сыйлады. Сапар балаларды жеңіске деген сенімге, қорқыныш пен күдікті жеңе білуге, командалық рухқа тәрбиелеп, жетістік жолында тәжірибе берді. Жүлделі орын алып, ұмытылмас әсерлермен оралған оларды енді алда үлкен дайындық күтіп тұр. Команда 2019 жылдың қаңтар айында Антальяда өтетін “Besiktas Camp” және сәуір айында Барселонада ұйымдастырылатын халықаралық турнирлерге шақыру алды.
Светлана Муньянова