Балықшылар бас қосты
Тасөткел су қоймасында балықшылар бас қосып, бақ сынасты. Бұл атаулы іс-шара «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған кезекті жарыс. Осыдан бір жыл бұрын аталған іс-шара жалауын желбіреткен болатын.
Аталған жарысқа еліміздің бірнеше өңірінен және көршілес қырғыз елінен 200-ге тарта балықшы бас жүлдені сарапқа салды. Аталған іс-шараның ашылуында есімі елге белгілі меймандармен бірге аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов арнайы қатысып, дәстүрлі доданың ашылуында құттықтауын жеткізді.
Мұнан соң мәдениет үйінің әншілері жиылғандарға әннен шашу шашып, айтыскер ақын Бақтыбек Жұмабеков арнау айтты. Одан бөлек, осы іс-шараға арнайы атбасын бұрған әйгілі Сүйінбай ақынның ұрпағы Серік Шаймұхамбетов ақын-жыршы Аяз Бетбаевтың «Аталар қайда өлмесе-ай» термесін орындады.
Төзімділікке тәрбиелеп, байыптылыққа баулитын балық аулау жарысында аулаған балықтары таразыда ауыр тартқан қатысушылар жеңімпаз деп танылды. Оның ішінде бұрымды балықшы Еркежан Нәсіпқызының ұстаған балығының жалпы салмағы 3 килограмм 750 грамм болып, бірінші орынды иеленсе, Шалқар Қылышбаев 3,700 килограмм балық аулап, екінші орынды еншіледі. Сол секілді 3,200 килограмм балық аулаған Алтай Таджиев үшінші орын тұғырынан көрінді. Одан бөлек, Қуаныш Найзағараев, Абдухамит Мандинов, Алжан Таятаев, Нұржан Қасқабай сынды балықшылар үздік жетіліктің ішіне енді. Қармағы мол балық ілген қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы