БАЛЫҚШЫЛАР КҮНІ АТАЛАП ӨТІЛДІ
Кәсібі де, нәсібі де – балық шаруашылығы болған, осынау, Мыңарал ауылымыздың тыныс-тіршілігі бүгінде қазандай қайнап тұр. Дәстүрлі шаруашылығымыз атадан әкеге, әкеден балаға мұра қалдырғандай сонау ХХ ғасырдың бас кезінен жалғасып келе жатыр. 1931-1932 ашаршылық жылдары атабабамыз осы Балқаш көлін жағалап, балық аулап жүріп, аман қалған деседі. Содан бері осы жерде балық шаруашылығын дамытып, әлі күнге дейін дөңгелетіп келе жатыр. Балық – көлдің құрты десе де, балықшылар қазір бұрынғыдай балық жоқ деп отыр. Оның үстіне кейінгі кезде Балқаш көлі жыл сайын тартылып, өз деңгейінен төмен түскені де байқалады. Біреулер бұл құбылысты табиғи заңдылық деп жатса, енді біреулер экологиялық мәселе деп дабыл қағуда.
Балық шаруашылығының қызығынан шыжығы өте көп. Жанын шүберекке түйіп, ашық айдынға шығудың өзі бір ерлік. Одан қалса жаздың аптап ыстығы да, қыстың сыңғырлаған аязы да, батыстың аңыраған желі де, сондай-ақ мұз қатумен еру кезеңдері де балықшыларға қолбайлау болмақ.
Артында қанша еңбек пен қаражат талап етіп тұрса да, барлық қиыншылық пен бейнетті ысырып тастап, ештеңеге қарамастан жастарымыз әлі күнге дейін балық шаруашылығын таңдауда.
Жыл сайынғы шілде айының екінші жексенбісінде Мыңарал ауылында аталып өтетін «Балықшылар күні» мерекесі қарсаңында, ата кәсібіміз – балық аулау мерекесіне орай округ әкімі Т.Аманжоловтың бастамасымен мерекелік іс-шара өтті.
Ауылымыздың ардагер балықшылары мен «Мыңарал» балық зауытының зейнеткерлеріне өз істерінің кәсіби мамандары болып еңбек еткендері үшін Алғыс хаттар табысталды. Оның ішінде батыр аналарымыздың есімдерін осы ретте ерекше атап өткіміз келіп отыр.
Ауылымыздың тіршілігі, негізгі кәсібіміздің қайнар көзі, сонау Кеңес дәуірінен дүркіреп аты шығып келе жатқан «Мыңарал» балық зауытын айтпасақ болмайды. Ардагер аналарымыздың еңбек жолдары осы балық зауытынан бастау алады.
Осы зауытта жастайынан еңбек етіп, зейнет жасына дейін қызмет еткен ауылымыздың тұрғыны, алтын құрсақ анамыз Сәрсекеева Вера Шашубайқызы сол кісілердің бірі. Ерте жастан тоңазытқышта істеп, жастық шағы мен денсаулығын осы зауытқа берген десек артық болмайды. Жолдасы Кеңес Садуақасов «Мыңарал» балық зауытында басшы болып қызмет етті. Бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесік тербеткен анамыз 11 құрсақ көтерген «Батыр ана», «Алтын алқамен» марапатталған. Қазіргі кезде жасы 83-ке келіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аяулы ана, сүйікті әже болып отыр.
Осы ретте жолдасы балықшы болған, балалары да, тіптен немерелеріне дейін балықшы болып жүрген «Алтын алқа» иегері, қазіргі кезде 9 баланың анасы, 40 немересі, 15 шөбересі бар үбірлі-шүбірлі болып отырған 81 жастағы Күміс Бакирова апамыз бізге үлгі болмақ. Жолдасы Теңізбай Ибраимов өмір бойы балықшы болып, кішкентайынан көлден шабыт алып өскен ол кісі балалары мен немерелеріне: Айдын, Шалқар, Мұхит, Айтолқын деген көлмен байланысты есімдер қойған.
Жастай асыраушысынан айырылып, 10 баланы өзі тәрбиелеп жеткізген Сейсенбекова Қамаш Иманқұлқызы анамызды қалай елемей кетеміз. Жолдасы Марат Сейсенбеков «Мыңарал» балық зауытында бас есепші болып қызмет атқарған. 42 жасында 10 баламен жалғыз қалған анамыз кеңседе еден жуушы болып жұмыс істеген. Ұлдары мен қыздары ерте жастан жұмысқа араласып, ересек өмірді бастап кеткен. Әрқайсысы өніпөскен үлгілі отбасы, апамыз қазіргі кезде 10 баладан 33 немере, 54 шөбере, 4 шөпшек көріп отыр. Қанша жерден бақытты ана десек те, ата кәсібіміз балықшы болуды таңдаған балалары үшін алаңдап отыратын жайы бар.
Дәл осындай тағдыры егіз, көпбалалы ержүрек анамыз Өмірбекова Алтын Саттарбекқызы. Жастай тоңазытқышта жаз демей, қыс демей суық компрессорлық цехта қызмет етті. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отыр. Апамыздың 2 ұлы кәсіби балықшы, басқа балалары мемлекеттік қызметте. Жолдасы Кәріғұл Нұрланбеков балық зауытында механикалық цехта шебер болып қызмет етті. Балық шаруашылығына еңбектері сіңген апа-аталарымыз ауылымыздың мақтанышы.
«Мыңарал» балық зауыты 2014 жылдан бастап қайтажаңғырды. Қазіргі кезде белсенді түрде қызметін жалғастыруда. Балық аулау процессінен бастап, оны сақтау, өңдеу, қайта өңдеу, тіпті шетелге экспорттаумен айналысып отырған үлкен өндірістік мекеме. Туған жеріміздің экономикасы мен қаржылық әлеуетін дамытудағы, оны одан әрі нығайтудағы еңбектеріңіз үшін «Мыңарал» балық зауытының бас директоры Сергей Ни мырзаға алғысымыз шексіз.
Зауыт қызметкерлері мен балықшыларымызға, балық шаруашылығында жүрген әр азаматқа отбасыларыңызға аман-саулық, өздеріңізге денсаулық пен толағай табыс тілейміз!
Ақбота СЕЙІЛХАНОВА.
Мыңарал ауылы.