БАЛЫҚШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ
Елімізде шілде айының екінші жексенбісінде балықшылар күні аталып өтеді. Осыған орай өткен аптада Мыңарал ауылдық округінде Балықшылар күні аталып өтілді.
Тіршілігі Балқаш көлімен тығыз байланысқан Мыңарал халқы үшін бұл мерекенің маңызы зор. Мыңарал ауылы тулаған балығымен аты шыққан берекелі де құтты мекен. Осы өңірдің ата кәсібі саналатын балық шаруашылығы бүгінгі күні жаңа деңгейде қарқынды дамуда.
Мерекелік шарада аудан басшысы Әлихан Балқыбеков атаулы күнімен құттықтап, бұл саланың аудан экономикасына тигізер әсері жоғары екенін атап өтті.
– Бүгінгі күні балық шаруашылығы аймақ экономикасына өзіндік орны, тұрмыстық – шаруашылық, тарихи мән-мағынасы жоғалмаған ата кәсібіміз ғана емес, береке-байлығымыз болып отыр. Қазіргі таңда ауданда жылдық қуаттылығы 1,5 мың тонна болатын “Мың-Арал” ЖШС балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 36 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын өнімінің көлемі жылдан жылға артуда. Бұл біздің ауданымыз үшін өзінің алар орны бар үлкен жетістік деп білемін. Кәсіпорын Қазақстан нарығына өнімінің 80% шығарса, 20% өнімді Германия, Беларусия сынды мемлекеттерге экспортқа шығаруда. Осында өз өмірлерін балық шаруашылығына арнаған аға буын азаматтары қатысып отыр және Балқаш көлі айдынында желкенін жықпай ата кәсіпті жалғастырып келе жатқан жас балықшылар легі де елеулі еңбек етуді жалғастыруда. Қадірлі балықшылар қауымы! Күннің ыстығы мен суығына қарамай балық шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген Сіздерге құрмет көрсету біз үшін маңызды міндеттердің бірі. Сіздердің жүйелі жұмыстарыңыздың нәтижесінде өңірімізде балық шаруашылығы одан әрі қанат жайып, жаңа белестерге шығады деп сенемін, – деді аудан басшысы.
Содан соң аудандағы балық шаруашылығының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар азаматтарды «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Олардың қатарында Т.Қашқымбеков, С.Ни, Қ.Макишев, Е.Манабаев, А.Аяпбергенова, А.Шартыков, А.Алибаев, Ғ.Козов, Қ.Қарабалаев, Т.Ақбасов, Б.Макишев, А.Ақбасова, В.Сарсекеева, Р.Алибеков, Б.Ахметжанов, Р.Кемелбаевалар бар.
Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйінің және жергілікті әншілердің дайындаған ән шашуына жалғасты. Сондай-ақ түрлі спорттық ойындардан турнирлер ұйымдастырылып, жеңімпаздар демеушілер есебінен диплом, сыйлықтармен марапатталды.
Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ,
«Мойынқұм таңы».
Мыңарал ауылы.