Балық шаруашылығын дамытуға басымдық берілді

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында бірқатар жобалар қолға алынып, оның кейбірінің алғашқы нәтижелері де көріне бастады. Әрбір өңірдің өзіне тән ерекшелігі бар.
Сонымен қатар, аймақтағы аудандар­дың да орналасқан жеріне, табиғатына және тағы басқа артықшылықтарына қарай жұмыс жоспарлары жүйелі дамып келеді. Ал тоғыз жолдың торабында орналасқан Меркі ауданында бүгінде талай тиянақты тірліктер тындырылуда. Ал, балық шаруашылығының қарқын алуы өңір халқы үшін жақсы жаңалық. Ерекше кәсіптің ел игілігі үшін қолға алынғаны да құптарлық іс.
Тоылғырақ айтар болсақ, Меркі ауданы Гранитогор елді мекеніндегі құрылысы жүріп жатқан «Bester YARD» балық шаруашылығымен айналысатын мекеменің жалпы кәсіпорынның құны 250 млн. теңгені құрап, балық өндіретін және өңдейтін төрт цех салу жоспарланған.
Қазіргі уақытта бірінші цехтың құрылысы аяқталғалы тұр. Жоба құрылысы толығымен аяқталған соң жылына 100 тоннаға дейін бекіре және тағы сонша сом балығын өндіруге мүмкіндік болады.

Мекеме басшысының орынбасары Сергей Владимировичтің айтуынша, кәсіпорында алғашқыда балық өсіру қолға алынса, соңғылығында балықтан дайын өнімдерді өндіру жолға қойылады.
Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпорын іске қосылған соң, 45 адамға дейін жұмыспен қамтылып, жұмысшылардың барлығы жергілікті тұрғындардан қабылданатын болады
Балық шаруашылығының дамуы теңіз маржанын сүзіп, нәпақа тауып отырған жандардың несібесін молайтып, ырысын өсіруде. Жастардың балық өнімдерін алуан түрі етіп өңдеп, өз кәсіптерін дамытуына да септігін тигізіп отыр.

Көркем Асқар