Банк «рэкеттерін» жаңа Заң ауыздықтай ала ма?

Бүгінгідей нарық заманында сұраған қарыз ақшаны қалтасынан шытырлатып санап беретіндерді табу өте қиын. Сондықтан қарыз бере қоятын адамдар болмағандықтан, банктерді жағалап, той-томалақ, өлім-жітім сияқты шығынды шараларды өткеру үшін қарызданып-қауғаланып несие алу бүгінде үйреншікті әдетке айналды. Сонау өткен ғасырдың 90-жылдары Кеңес одағы елдерінде борышты күш көрсетумен өндіретін заңсыз топтар пайда болған еді. Олар қоғамда бүгіндері де бар, тек атауларын өзгерткен: оларды бүгін «коллекторлар» деп атайды. 

Ел билігі өткен жылдың 28 желтоқсаны күні аталған мәселені Парламент қабырғасында қарап, мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Бұған дейін қолданыстағы заңнамада коллектор туралы екі ғана бап болатын, ол екеуі де банкке қарызын өндіріп алуды соларға беруге рұқсат етумен шектелетін. Мұның соңы неге соқтырғанына бүгін бәріміз куә болып отырмыз. Өкінішке орай, несие алушы тұлғалардың қаржылық сауаттылығы сын көтермейді: олар банктің не істеп жатқанынан хабарсыз, көпшілігі тіпті коллекторлық компанияның қалай аталатынынан да бейхабар. Ал, коллекторлар болса, борышкерге қысым жасап, олардың мәселені реттеу үшін банктерге баруларына тыйым салуға дейін барады екен. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев: «Борышты коллекторлық агенттікке беру үшін екінші деңгейлі банктер өз клиентінен қосымша рұқсат алуға міндетті емес. Өйткені, әу баста несие не ипотека беру туралы келісімді бекіткенде, ол қайтарылмаған жағдайда қарызды коллекторға тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Яғни шартқа қол қоя отырып, клиент осыған келіседі. Бұл заңның тағы бір жаңалығы — Ұлттық банк «қаржылық реттеуші» ретінде жаңа құзыретке ие болады, яғни енді ол қаржылық емес ұйымдарға бақылау жасай бастайды. Коллекторлық компаниялар біраз уақыттан бері жұмыс істеп жатқанымен, олардың қызметі заңмен реттелмей және мемлекет тарапынан бақыланбай келген. Енді сол олқылықтың орны толтырылады.

Алдағы уақытта борышкер мен коллектор арасындағы бүкіл қарым-қатынас заңмен реттеледі. Онда коллектордың борышкермен өзара қарым-қатынас жасауының рұқсат етілген тәсілдерінің нақты тізімі бекітіледі. Сол тізімнің аясынан тыс барлық іс-әрекеттерге тыйым салынады. Ал заңды бұзғандар әкімшілік және қылмыстық тәртіппен қатаң қудаланады. Заң жобасына сәйкес, коллекторға бір күнде тек бір-ақ рет бетпе-бет кездесуге және үш рет қана қоңырау шалуға рұқсат етіледі. Бұл жерде өзара іс-қимыл уақытын таңдау құқығы борышкерге беріледі. Оның үстіне коллектор кездесуде өз агенттігінің борышты өндіріп алу өкілеттігін бергенін куәландыратын құжатты көрсетуге міндетті. Мереке күндері жеке байланыс жасаудың кез келген түріне тыйым салынады. Ал демалыс күндері өзара қатынас жасау уақыты жұмыс күніндегіден 6 сағатқа қысқа болады. Осыған дейін коллектор борышкерін және оның отбасы мүшелерін түн ортасында шошытып ояту тәжірибесін қолданып келсе, енді оған бұл «жаман әдеттен» арылуға тура келеді. Өйткені жұмыс күндері таңғы 8.00-ден кешкі 21.00-ге дейін, ал демалыс күндері таңғы 10.00-ден кешкі 17.00-ге дейін ғана телефон шалуға рұқсат. Қалған уақытта коллектор тек хат, сондай-ақ ұялы байланыс және интернет арқылы «смс», дыбыстық және басқа да хабарламалар жолдай алады. Сондай-ақ, коллекторлық агенттік борышкермен әрбір кездесуін және телефонмен тілдесуін аудиотехникаға жазып, бейнекамераға түсіріп отыруға міндеттеледі. Бұл ретте аудио және бейнежазбаны, сонымен қатар борышкердің басқа да жеке деректерін құпия сақтамаған, таралуына жол берген коллекторлық агенттік жауапкершілікке тартылады. Жаңа заң қарыз алушының да әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған: борышкер өз кредиторымен және коллектормен байланыс жасауға міндетті, одан бас сауғалап қашуына болмайды. Кездесу мен тілдесудің нәтижесінде борышкер мен коллектор арасында қарызды өтеу кестесі түзіліп, бекітіледі. Заң жобасын мәжіліс қабырғасында талқылау барысында коллекторлық фирмалардың кадр құрамына қатысты мәселелер көп көтерілді. Өйткені қоғамдық ұйымдардың қаржысын өндірумен қылмыскер айналысуы мүмкін деген қауіп болды. Жауапты орган мұны растамады. Енді мемлекеттік органдар мен арнайы органдардан жұмыстан қуылғандар, сотталғандар коллекторлық ұйымға жұмысқа тұра алмайды. Сонымен бірге заңда бұл агенттіктердің басшыларына және коллекторға біліктілік талаптары бекітіліп отыр. Олар абырой-атағы кіршіксіз, тәжірибесі бар, сотталмаған және психикалық дертке шалдықпаған адам болуға тиіс. Ал ісіне адал емес, заңды аттайтын, құзыретін теріс пайдаланатын коллекторлық агенттікке қарсы лицензиядан айыру, қылмыстық қудалау және басқа да жаза түрлері енгізіліп жатыр.

Заңды бұзған коллекторға 2 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік белгіленеді, Ұлттық банкте тіркелмесе, миллиондаған айыппұл салынады. Егер заң нормаларын сақтамаса, ол коллекторлық агенттік реестрінен шығарып тасталады, тиісінше борышкермен жұмыс істеу құқығынан айырылады. Қазіргі кезде шамамен 60 компания банктермен жасасқан шарттар негізінде берешекті өндіріп жатыр. (Ал Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде бүгінде халықтан төлем жинайтын 205 ұйым тіркелген. Алайда қолданыстағы заңда қарыз төлемін жинаумен айналысатын ұйымға міндетті түрде тіркелу талабы қойылмаған. Осының салдарынан мұндай ұйымдар туралы нақты ресми ақпарат жоқ). Банктердің 928 мың борышкерімен жұмыс істеуді коллекторлық агенттіктер қолға алған. Халықтың несиелік борышы өте жоғары, бес миллиондай адам банктен қарыз алған. Коллекторлық ұйым қаржы ұйымы емес және қаржылық операцияны жүзеге асырмайды. Ал Ұлттық банк қаржы ұйымының қызметіне бақылау жасайтыны мәлім. Сондықтан Ұлттық банкке осындай жаңа құқық беру бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал коллектор тарапынан заңсыз әрекеттер жасалса, қарыз алушылар Ұлттық банкке жүгінуі керек. Ал Ұлттық банк борышкердің өтінішіне жедел үн қату үшін қажетті қаржы және адам ресурсына ие», — дейді.

Адамдардың көпшілігі заңға шорқақтығы себепті бұл қағидаттан мақұрым. Соңғы кездері қарызын өтей алмай өзіне-өзі қол жұмсаушылар санының көбеюі соның дәлелі. Бірақ адам өмірін өз еркімен қиюмен қарғыс атқыр қарызынан толығымен құтыла алмайды, себебі оны төлеу жауапкершілігін банктер енді оның балашағасының мойнына артады. Ал банктер болса, несие берер кезде адамның асты-үстіне түсіп, азғырып та, алдап-арбап та бағады. Статистикалық деректерге жүгінсек, халық алған қарыздың жартысына жуығы тұтыну несиесі екен. Мәжіліс депутаттары өздері қабылдаған жаңа заңның болашақта осындай азаматтарды қорғауға және коллекторлық фирмалардың қызметін реттеуге бағытталатынына әрі аталған қызметті бақылауды мемлекеттің өз қолына алатынына сенімді. Жаңа заңға сәйкес, ендігі жерде барлық коллекторлық ұйым Ұлттық банкте тіркеуге тұруға тиіс.

Ермек САХАРИЕВ