Банк салымшыларына – 887 пәтер

Батыс Қазақстан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәжілісінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ БҚО филиалының директоры Аида Ипатова «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы баяндады.

Филиал басшысының айтуынша, БҚО-да «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына арналған 887 пәтер беріледі.

– Азаматтарды қолжетімді баспанамен қамту – еліміздегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында оның тиімділігіне баса назар аударды. Батыс Қазақстан облыстық филиалында 84 000-нан астам салымшы болашақта елдегі ең төменгі ставкалармен, яғни жылдық 2-ден 5% -ға дейін несие алу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» есепшоттарында қаражат жинауда. Бүгінде жинақтың жалпы сомасы – 33 миллион теңгеден асады, – деді Аида Бақытжанқызы.

Облыс тұрғындарының банк өнімдеріне деген жоғары сұранысы олардың қолжетімділігімен және тұрғын үй құрылысының артуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар облыс әкімдігінің тиімді жұмысының нәтижесі десе де болады.

Жалпы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде алты үйді ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 887 пәтер – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына тиесілі. Бастысы бағдарлама қатысушысы ҚР-ның азаматы болуы; соңғы алты айда отбасының әрбір мүшесі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріне дейінгі еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерінің болуы; азаматтардың үй кезегінде тұрғанын және төлем қабілеттілігін растауы; өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінде соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында тұрғын үйі болмауы тиіс.

Сонымен қатар филиал директоры биыл «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасы да іске қосылғанын айтты. Оған 1986-2017 жылдар аралығында кезекте тұрған адамдар қатыса алады. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйді бастапқы нарықтан клиенттің таңдауы бойынша рәсімдейді. БҚО бойынша несиенің максималды сомасы – 12 000 000 теңге.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы