БАПКЕРЛЕРГЕ ЕСКЕРТКІШ
СҮЙІНШІ! СҮЙІНШІ! СҮЙІНШІ! Жаңа жылда “сүйіншілейтін” хат-хабардың бірі — жақсы кітаптың жарық көруі. Соның бірегейі туралы оқып біліңіздер. Спорт саласына қатысты мемлекеттік тілде жазылған тарихи, деректі әдебиеттің, оқулықтардың, әдістемелік құралдардың кем екендігін айтудайын айтып келеміз, жауапты орындарға депутаттық сауал да жолдағанбыз, болашақта да назардан тыс қалдырмақ емеспіз. Оның үстіне “NUR OTAN” партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша білім саласындағы эксперименттерді тоқтатып, білімге деген құштарлықты арттыру үшін барлық мектептерде білім беру жағдайы жақсартылмақ. Оқулықтардың сапасын көтеру мақсатында әр оқулыққа мұғалім сараптамасы енгізіледі, балалар үшін тегін секциялар мен үйірмелер ашылатын болады. Дені-қарны сау, сауатты, білімді, мәдениетті ұрпақ өсіру, оларды өмір жолына баптау — әрбір ата-ананың абыройлы міндеті. Олай болса, Қыдырбек РЫСБЕКТІҢ “Қазақтың 72 бапкері” кітабын жастарға тәрбие мен тәлімді қатар беретін танымды әрі пайдалы көмекші оқу құралы деп бағалауға толық негіз бар.
(алғысөз орнына)
Қазіргі таңда еліміздің спорттық бағыттағы оқу орындары әдістемелік және хрестоматиялық оқу құралдарына, жеңімпаз спортшылар мен білікті бапкерлер туралы қосымша оқу-әдістемелік кешендерге сусап отыр. Республиканың осы саладағы арнаулы білім ошықтарында Қазақстан спортының тарихына қатысты арнайы оқулықтардың болмауы — жанға бататын өте өзекті мәселе. Қазақ спортының тарихы тәуелсіздік мұратына сай түгенделмесе, қажетті оқу құралдары даярланбаса, спортшы жастардың тарихи жады қалай қалыптаспақ, олар рухани жағынан қалай жетілмек? Өз саласының тарихын білмейтін спортшылар мен бапкерлер кейінгі толқынға, жас буынға қандай тәлім бермек?..
Белгілі спорт тарихшысы, қаламгер Қыдырбек РЫСБЕКТІҢ «Қазақтың 72 бапкері» атты сүбелі де маңызды еңбегі осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталғаны қуантты. Алаш жұртының әйгілі, ардақты бапкерлері туралы танымдық зерттеу ұлт тарихы үшін қашанда құнды болып қалары сөзсіз. Сонау 90-жылдардың екінші жартысында «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары» атты деректі кітаптарын оқырманға ұсынған Қыдырбек Әділбекұлының ұзақ уақыт қалтарыста қалған бапкерлерді арнайы қарастыруы – бастаған ғылыми жобасының жалғасы және «ақтаңдақтарды» қалпына келтіру деп ұқтық.
Дүркіреген, дүбірлеген додалар — көз бен көңілді бірдей арбайтын спорт дүниесінің бергі жағы ғана. Ал, оның ар жағында мыңдаған саңлақтарды осы аламанға жанын сала баптап, қылыштай қайрап әкелетін жүздеген бапкерлердің жанкешті маңдай тері, ізденісі, сұрапыл тірлігі жатыр. Иә, егер спорт дүниесін асқар тауға теңесек, сол таудың көзге көрінбейтін іргесі, асқақ шыңдарды алапат дауылдарда шайқалтпай, нық ұстап тұратын тірегі, діңгегі — бапкерлер дер едік. Білікті бапкер кездеспесе, спортшы жүз жерден дарынды, жүз жерден ақылды, жүз жерден күшті болса да Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының ұшар басына шыға алмайды. Себебі, кез келген жарыс пен бәйгеде бабы келіскен, даярлығы кемел жүйрік озады. Бәлкім, ерте заманда өзін өзі баптап шаршы топқа түскен мықтылар болған шығар. Қазіргі спорт майданында білімді, табанды әрі мінезді бапкерсіз діттеген биікке жету мүмкін емес. Қазіргі спорт саласы — ғылыммен қаруланған күрес майданы.
Бапкер ғана жаттығу үдерісін сауатты жүргізу арқылы спортшыны қажетті деңгейге жеткізеді десек, сөзіміз біржақты шығады. Жаттықтырушы — әрі педагог, әрі психолог, қажет кезде шәкіртін қабағымен ықтыратын қатал ұстаз, шәкірті арқа сүйейтін қамқор әке немесе мейірімді ана бола білуі керек. Күнде жаныңда жүрген бала сенің сөзіңді екі етпеуі үшін оның алдында қадір-қасиетіңді түсірмей, абыройыңды сақтай білудің өзі оңай тірлік емес. Бұған қоса алдыңа арман қуып келген баланың ішкі әлемін тани білу, оның қияс басқан жерін түзету, пендешілігін кешіре білу де екінің бірінің қолынан келмейді. Ең бастысы, бапкер өзіне сенуі керек! Өзіне нық сенімді адамның ғана соңынан шәкірт ереді. Ал, бапкері теңізге түскен жеңіл қайық тәрізді қалтылдап тұрса, тәрбиеленушісі оған сенбейді. Сенім жоқ жерде ұстаздық жол келте болмақ.
Осы кітапқа енген майталман жаттықтырушылардың қай-қайсысы да — шәкірттері үшін уақытпен санаспай бейнет кешкен ардагер азаматтар. Бір спортшымыз әлемдік деңгейде жарқ ете қалса, біз кәдімгідей марқайып, қуанып қаламыз. Олжалы саңлақтың аламан сайыстан аман-есен оралуын тілеп, көбіне оның ұстазын назардан тыс қалдырып жатамыз. Шынтуайтына келгенде, осы чемпионды шынашақтай кезінен алақанына салып баптап, маңдайына шыбын қондырмай өсіріп, шарболаттай шыңдаған — оның бапкері ғой. Жаттықтырушы өз баласына қимайтын қазы-қартаны шәкіртінің аузына тосады. Бапкер өз баласына бөлмейтін асыл уақытын шәкіртіне арнайды. Кейде шәкіртін пойыздың купесіне жатқызып, өзі билет таппай тамбурда немесе пласкард вагонда кетіп бара жатады. Болмаса, қыстың қақаған аязында немесе шілденің шіліңгір аптабында ұшақ қанаты талатын жерге шәкірттерін көзінен таса қылмай автобуспен бірге барады. Иә, бір жылдың жеті-сегіз айын отбасынан жырақта, шәкіртімен бірге түзде өткізетін жаттықтырушы ағайынның өмірі, шындап келгенде, адам қызығатын тірлік емес. Бірақ осы тірліктен жаны рахат табатын, талапкер баланың жылт еткен қимылын қалт жібермейтін жаттықтырушы шіркіннің болмыс құпиясы, кәсіби жұмбағы Жаратқанға ғана аян болып қала бермек.
Егер жаттықтырушы ағайын жанкештілік көрсетпесе, таңдаған кәсібін махаббатпен сүйе білмесе, онда спорт деген қым-қиғаш, асау теңіздей буырқанып жататын ғажап саланың еш қызығы болмас еді. Онда бүкіл жер шары тағатсыздана тосатын Олимпиада ойындарының да қызығы кем, бояуы солғын тартып қалар еді. Біле білсеңіз, спортшыны Олимпиада майданына бапкері семсердің жүзіндей қайрап салады. Спортшы сол аламанға ұстазының сан жылғы алапат сезімін, шым-шымдап бойға сіңірген білім-білігін, ішкі қуаты мен жалындаған рухын алып шығады. Ал, шәкірті Олимпиада айқасына түскенде жаттықтырушы шіркіннің жаны кеудесінен шығып кетердей әй, бір шырылдайды дейсіз. Онсыз да ағарған самай шашы бір айда төбесіне дейін қарашаның қырауындай боп шыға келеді. Егер бала болмашы жерден сүрініп кетсе, жаны күйгеннен алпыс екі тамыры жарылып кетердей күй кешеді. Біз сол сәтте оның шәкіртінің қадамына алаңдап, теледидарға не интернетке телміріп отырамыз. Бапкер болса, сол мезет бірнеше түйір валидол ішіп тұруы мүмкін. Спортшы ұтып шықса, жаттықтырушы үшін мұның бәрі өткінші дүние тәрізді. Ал, сәтсіздік шылауына оралып, медаль жеткізбей кетсе, онда ұстаздың іші оттай жанып, оңашада көз жасына ерік беруі кәдік. Мұндайда көпке көрінуге жүзі шыдамай, кіретін тесік іздейтін арлы жігіттер қаншама. Әуежайдың қақпасындағы ошарылған жұртты көрген бойда бетінің оты шығып, басқа есіктен бұқпантайлап, елеусіз шығып кететін бапкерді қайсымыз іздедік, қайсымыз еледік. Немесе, чемпионды ұшақтың трапынан алақанына қондыра әуелетіп әкететін қызуқанды тілеулестер қоңыр сөмкесін арқалап, баяу түсіп келе жатқан бапкерді көбіне-көп елей бермейді. Әкім-қаралар мен басшылар дүйім жұрттың алдында спортшының мақтауын асырып жатқанда бір шетте елеусіз, екі көзі жәудіреп тұрған талай ұстазды көрдік. Тағы бір шындық: дүбірлі сайыста шәкірті мәшине мініп жатқанда бапкеріне сол мәшиненің төрттен біріне татитын қаржы тиеді. Ұстаз соны қанағат тұтады, соған риза. Себебі, оған мәшинеден гөрі шәкіртінің жеңісі, соның қуанышы қымбат. Ол сол мезет шәкірттері осы белеске жетуі үшін өз шаңырағын қонақ үй қылғанын, бірнеше баланы бірнеше жыл бойы төріне жатқызып, жылы-жұмсағын солардың аузына тосқанын міндет қылып жатпайды. Осының бәрін пешенесіне жазылған тағдыр деп қабылдап, шәкіртінің қуанышына балаша қуанады. Шіркін-ай, жер жүзінде біреудің баласын осынша өбектеп, осынша мәпелеп, оның табысына туған атасындай риясыз шаттанатын бапкерден басқа мамандық иесі бар ма екен?!
Қадірлі оқырман, бұл еңбекке сонау ХХ ғасырдың 30-жылдарында орта шенінде бапкерлікті кәсіп еткен Шоқыр Бөлтекұлы бастаған 72 майталман жаттықтырушы жөнінде деректі дүниелер енуінің рәміздік мәні бар. Өйткені, аңызға айналған Шоқаң – намысты қолдан бермеген Алаш алыстарының жалғасы еді. Сол себепті де әр бапкердің ғұмырбаянына өткен сайын оқырман рухани тұрғыдан да, мемлекетшілдік тұрғыдан да байып отырады.
Кітап жапсырмасындағы қысқа деректер мен түйінді жазбаларға қарап, осы еңбектегі бапкерлер саны жүзден асатынына, саңлақ ұлт спортшыларының саны 500-ге барып жығылатына көзіңіз жетеді. Бұл алдағы спорт тарихы алдындағы жоба-жоспарларды меңзесе керек.
Баста хрестоматиялық оқу құралы жалғасын тапсын. Еңбектің қадамы құтты, тәлімі баянды болғай!
Дархан МЫҢБАЙ,
Қазақстанның Журналистика академиясының академигі,
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты