Бақшасын көріп, баптаушысын таны…

Қадіровтар отбасының бақша өсіру тәжірибесі көпке үлгі
Бүгінде ауыл-аймақтарда үй іргелік жерлерін тиімді пайдаланып, қажетіне жаратып, артылған өнімін сатып, табыс көзіне айналдырып отырған отбасылар аз емес. Оған мысал іздеп, алысқа барудың қажеті жоқ.
Біз осыған дейін де бұл мәселені тереңдей қаузап, әр аймақтағы бағбандардың тәжірибесінен мақала жазғанбыз. Ондағы ойымыз – ауылдағы ағайынның осылардан үлгі алып, шарбағына бос қалдырмай, тым болмаса шыбық қадап, бейнеттенсе деген ниет.
Қарасаз ауылдық округінің Жұрымбай ауылына бір жолымыз түскенде, осында тұратын Нұрғали Қадіров деген жігіттің бақшасына арнайы барып көрдік. Енді содан алған әсерімді жазайын.
Көшеден аулаға кіргеннен ұқыптылық пен мұнтаздай тазалық көзді қызықтырады. Кейбір ауладағыдай арамшөп пен қурай қаулап, төңіректе оңды-солды шашылып жатқан нәрсе жоқ. Малдың қора-қопсысы мен кіріп-шығатын есігі бөлек. Сәндік гүлдер мен жеміс ағаштары аласа шарбақпен қоршалып, күтім жасалған. «Ауласын көріп, азаматын таны» деген сөз осындайда айтылса керек.
Ауладан бақшаға бастайтын соқпаққа түстік. Осы тұста шағын құдыққа көзіміз түсті. Үйме-үй құбырлар тартылып, сапалы ауызсуға қол жеткізгеннен кейін құдық қолданыстан шығып қалғандай. Алайда, бұл отбасында олай болмай шықты. Нұрекең құдық суын әлі тамсанып ішеді екен. Үйді сатып алғанда құдықтың іргесі таспен қаланған екен. Тасты алып тастап, тереңдетіп, бетон шығыршық салыпты.
Қадіровтар отбасына қосалқы шаруашылық жүргізуге бөлінген бір гектардай жер бөлінген екен. Оңы-солын, көлденеңін қосқанда атшаптырымдай жер! Бақшадан бос жатқан бір пұшпақты байқамайсың. Арпалық көп көлемде көсіліп жатыр. Көктемгі жауын-шашынның мол түсуінен дақылдың бойы жерден дүр етіп көтеріліп қалыпты. Көкпеңбек болып жайқалып тұр. Арасынан жоңышқаның басы қылтияды.
Оң жақтағы көршімен шарбақты жағалай терек бөліп тұр. Бұл тал-теректің де отырғызылғанына 12 жылға жуықтапты. Талдырмаш арудың бойындай биіктей түскен. Бақшаның аяқ жағындағы тал-дарақтардың арғы жағынан Теріс өзені ағып өтеді.
Бақшаның ортасында діңі жуандай түскен төрт қарағаш бар. Оның біреуі қырқылып, түбірі қалыпты. Бақшалық жерді кеңейту үшін алдағы уақытта қалғандарын да кесу қажет. Орнына басқа дақыл егіледі.
Тыңаймаған жердің көңілдегідей өнім бермейтінін білетін бағбан жерді жүйелі тыңайтып отыруға көп көңіл бөледі. Органикалық тыңайтқыш ретінде әр үш жылда малдың қордасы сіңіріледі.
15 соттықта қатарлай салынған жүйекте картоп гүлдеп тұр. Түптері үйіліп, бір мәрте суғарылыпты. Әрі қарай қызанақ, қырыққабат, қызылша, асқабақ, болгар бұрышы, баклажан секілді дәруменді дақылдар қатары. Бәрінің күтімі келісіп, жайқалып, гүлдеп тұр. Әсіресе, қызанақтың сарғыш гүлдері үлкейіп, түптері жуандай түскен.
– Іргедегі Қарасаз ауылындағы Есмахан Сеңгірбаевтың бақша отырғызу тәжірибесін көріп, сүйсінгенім бар, – дейді Нұрғали. – Ол кісі де бақшадағы әрбір дақылға үлкен мән береді. Картопты шахмат тәртібімен отырғызған екен. Сыртынан қарасаң, бір керемет! Біркелкі, көлденеңінен жолақ тастай өскен! – дейді Нұрғали.
Бақшада ағын судан ешқандай іркіліс жоқ. Теріс өзенінен бері тартылған арнадан шығатын төрт арық ауылдағы көгеріш біткенді нәрлендіріп жатыр. Бейпіл жатқан суды қай кезде аламын десең де еркің.
– Өзім таулы өңірдегі Ақтасты ауылында туып-өстім. Бала күнімізде өзенде су мол болушы еді. Сонда орыстардың бақшасын көріп қатты қызығатынмын. Ал біздің ағайындар жалқаулыққа салынып, жерге еңбек еткісі келмейтін. Қазір де ауылда жерге қыры жоқ адамдар көп.
Ауылда тұрып, жерде жұмыс істегісі келмейтіндерге таң қаламын. Бірдеңе десең, «базарда тұр ғой бәрі. Сатып ала саламыз» дейді. Бұл деген бала-шағаңның ырзық-несібесі емес пе?
Осы ауылға көшіп келгеннен кейін бір қызық жағдай болды. Өзбекстаннан бір саудагер «Волгамен» үйме-үй аралап жүріп, қызанақ, қияр сатты. Ол кезде «Волга» тұрмақ, «Москвич», «Жигули» дегендеріңіз өзі қат болып тұрған. Біздің жерімізді, суымызды көріп, басын шайқап тұрып, «Менің мынадай жерім болса, жылда осындай «Волганың» біреуін мінер едім» деді.
Әлгі өзбектің сөзі маған үлкен ой салды. Содан бақша егуді қолға алып, бір жыл да құрғатып көрген емеспін. Күзде жиналған өнімнен 300 банкадай тосап жауып аламыз. Картопты, жеміс-жидекті сақтайтын үлкен жертөлем де бар, – дейді бағбан.
Әдетте, Нұрғали жерде жатып өнетін дақылдарды мамырдың басына дейін егіп қоюға тырысады. Бақша күтімімен бүкіл отбасы мүшелері айналысады. Жұбайы Нағима, ұлы Нұрхан мен келіні жүйектеуге, суғаруға, түбін үюге қолғабыс жасайды. Атасы мен апасына көмекші болуға жарап қалған немерелері Нұртас пен Айару арамшөп жұлуға жәрдемдессе, кенже немерелері Нұрсая мен Нұрсәуленің бақшада әрі-бері жүріп, ойнағанының өзі бір ғанибет.
Жерде еңбек ету үлкен ыждағаттылықты, табандылықты талап етеді. Біз бұл жолы тағы бір отбасының үй іргесіндегі жерді игеру тәжірибесін сөз еттік. Егер де осы мақала сізге де ой салып, Қадіровтар отбасынан үлгі алып, аулаңыз бен бақшаңызды көркейткіңіз келсе, еңбегіміздің зая кетпегені деп білеміз.
 
Абылайхан СӘРСЕН, «Жаңа өмір»