БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ БІРЛЕСКЕН ІС-ҚИМЫЛ

Ақтөбе мен аудандарда жобалардың уақтылы және сапалы іске асырылу барысын облыстық мәслихат депутаттары бақылайтын болады.

Қажет болған жағдайда болашақта қандай да бір жобаларды қаржыландыру мәселелері де мұқият қаралатын болады. Бұл туралы Ақтөбе облыстық мәслихатының баспасөз қызметі хабарлады.

 

 

Ақтөбе және аудандар мәслихаттары хатшыларының қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысында осындай маңызды шешімдер қабылданды.

Отырыста «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасы тармақтарын орындау бойынша өкілді органдардың бірлескен өзара іс-қимылы да талқыланды.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов мамыр айында өткен сессияда облыстық мәслихаттың регламентін бекітіп, Әдеп жөніндегі комиссия құрылғанын хабарлады.

— Комиссияға депутаттар, облыстық мәслихат аппаратының қызметкерлері және облыстың қоғамдық кеңесінің өкілдері кірді. Сонымен бірге тамыз айында өтетін сессияда облыстық мәслихат депутаттар қызметінің KPI әдістемесін бекітуді жоспарлап отыр, оған сәйкес олардың әрқайсысының қызметіне бағалау жүргізілетін болады, — деді ол.

 

 

Облыстық мәслихат депутаттары облыс аудандарына баруды, іссапар барысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы тармақтарының орындалуына мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа олар жергілікті жерлерде облыстық және республикалық бюджеттер қаржысына салынып жатқан объектілерді бақылайды. Депутаттар сондай-ақ аудан тұрғындарымен кездесіп, түрлі проблемалық мәселелер бойынша пікірлерін білетін болады.

 

 

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйентаева «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасының орындалуы туралы баяндады.

Сондай-ақ отырыс барысында облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының бірлескен қызметі туралы ұсыныстар айтылып, облыстық мәслихат депутаттарының аудандарға бару жоспары бекітілді.