Бақытжан Сағынтаев екібастұздық мектепте өткен кездесуде психологтардың еңбекақысы жөнінде айтып өтті
Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Екібастұзда 36 мектеп-лицейінде қалалық мектеп қызметкерлері және ата-аналармен кездесті. Жиын барысында № 35 мектеп гимназиясының ұстазы Виктория Каладюк мектептердегі мұғалімдерден басқа өзге қызметкерлердің жалақысы жөнінде сұрады.
— Қазіргі кезде мұғалімдердің жалақысы өсуде, — деді Виктория Каладюк. — Алайда директор, псиxолог, әдіскер сынды мектеп өмірінде елеулі еңбек атқаратын жұмыскерлердің жалақысы бірқалыпты. Олардың жұмысы оңай емес, оларға көп жауапкершілік жүктелген. Қазіргі кезде аталған қызметкерлер жалақының өсуіне байланысты мұғалімдікке ауысқылары келіп отыр. Олардың еңбекақысы өсе ме?
Қойылған сауалға қатысты үкімет басшысы бұл мәселенің қарастырылып жатқанын жеткізді.
— Біз бұл өзекті мәселені талқыладық. Мысалы, Екібастұздағы екі қыздың оқиғасына оралсақ, бұл псиxологтың жұмысы. Балалар неге ондай жағдайға барады? Интернет, ғаламтор бәрі қолжетімді. Түрлі сайттарды ашып алады. Содан кейін жүйкелері бұзылады. Ондай жағдайдан тек псиxолог қана шығарып алады. Жақсы псиxолог мектептегі арзан жалақыға жұмыс жасамайды. Қазіргі кезде псиxологтарға сұраныс көп. Ірі компаниялардың өзі қызметкерлерін жігерлендіру үшін мықты псиxологтарды тартып алуда. Өз-өзіне сенімді, негативтерден таза адамның ғана еңбегі жеміс береді. Сондықтан бұл мәселе қарастырылуда.
Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі ата-аналар мен мектеп қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
Әлихан Рахметоллаұлы