Бақытжан Сағынтаев Павлодар қаласындағы жаңартылған оқушылар сарайымен танысты
Премьер-Министр жұмыс сапары барысында М. Катаев атындағы оқушылар сарайының жұмысымен танысты. Экскурсия барысында мәртебелі қонақтарға бес заманауи кабинеттер: робот техникасы зертханасы, астроклуб, 3D-модельдеу кабинеті, телестудия, стартап-академия және IT-сынып көрсетілді.
Жас өнертапқыштар қонақтарға Tach table аумағын көрсетті. Интерактивті модульдің міндеті – тәрбиеленушілерге кәсіби қызығушылық саласын анықтауға көмектесу. Балалар телестудиясында жас журналистер кабинеттің техникалық жабдықталуы мен өздерінің тележобалары, олардың әлеуметтік желілерде орналастырылуы туралы айтып берді.
Астрономия зертханасында ғылыми-техникалық құрылғының ғарыштан бақылау мүмкіндіктері мен ғылыми-зерттеу қызметі туралы мағлұмат ұсынылды. IT-сыныпта жас бағдарламашылар замануи IT-технологияларды қолданудың болашағы жайлы өз ойларымен бөлісті.
Білім беру және денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру туралы облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев баяндады.
— Бүгінде білім беру мекемесі 100 пайыз компьютерлік техникамен жабдықталған, — деді облыс әкімінің орынбасары. – Толығымен қағазбастылықтан арылдық. Wi-Fi желісіне қосылу 93%-ды құрайды, жылдың соңына дейін 100%-ға жетеді. Ең бастысы, қалалық және ауылдық аймақтардағы мектептердің арасындағы айырмашылықты қысқартамыз. Автоматтандырылған жүйелер мектепке дейінгі білім беру және мектеп саласында жұмыс істейді.
Мейрам Бегентаев үш мың бала қамтылатын IT-жоба және «Teacher office», «Бұлтты бухгалтерия», «Қауіпсіз мектеп» туралы айта келіп, денсаулық сақтау саласындағы цифрландырудың нәтижесінде мемлекеттік сатып алулар кезінде 300 миллион теңге үнемделгенін айтты.
Әлихан Рахметоллаұлы