Бар қазақты қуантқан әрі мұңайтқан Рио Олимпиадасы

2016 жыл. Тамыздың тамылжыған он алты күні. Бразилия. Рио де Жанейро қаласы. Бүкіл әлем осы елдің уақыт белдеуімен он алты күн таңын атырып, кешін батырды. Алты құрлықтың небір алыптары мен дүлдүлдері қатысқан айтулы дода көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Сынаптай сырғыған он алты күн ішінде ел құрамасының қоржынына 17 медаль түсті. Оның үшеуі – алтын, бесеуі – күміс, қалғаны – қола медальдар. ХХХІ Жазғы Олимпиадаға спорттың 17 түрінен 104 атлетті бәйгеге қосқанымызды әрі командалық ойын түрлерінен тұңғыш рет ел құрамасы бармағанын бұған дейін айттық. Ендеше, бар қазақты қуантқан чемпиондарды, финалда ғана сүрінген күміс жүлде иегерлерін және жанымызға жұбаныш болған қола медаль иеленген саңлақтарымызды жіпке тізіп көрелік.

 Сиднейдегі жетістік қайталанды

 Алдымен, бұл Олимпиаданың бұрынғылардан ерекшелігі және ұқсастықтарына тоқтала кетейік. Тәуелсіз Қазақстан ретінде ел құрамасының үкілеген үміттері 1996 жылдан (Атланта) Logo_Sydney_2000.svgбері алты Олимпиадада атой салған. Атай кетсек, әр додаға ең кемі 96 спортшыдан апарған Қазақстан құрама командасы 1996 жылы Атлантада 24-2016_Summer_Olympics_logoорынға (3 алтын, 4 күміс, 4 қола), 2000 жылы Сиднейде 22-орынға, (3 алтын, 4 күміс), 2004 жылы Афиныда 40-орынға (1 алтын, 4 күміс, 3 қола) табан тіресе, 2008 жылы Бейжіңде өткен 29-Олимпиадада 29-орыннан көрініп (2 алтын, 4 күміс, 7 қола), 2012 жылы Лондонда 7 алтын, 1 күміс және 5 қоламен 12-орыннан төбе көрсетті. Ал, биылғы Рио төріндегі ел құрамасының жетістігі Сидней-2000 Олимпиадасын еске түсірді. Басты айырмашылық – Аустралия аймағында бірде-бір қоланы иеленбедік және Риода бір күміс артық олжаладық. Сөз етіп отырған екі Олимпиадада да ел қоржынына 3 алтын түсіп, жалпы командалық есепте 22-орынды иелендік. Сондай-ақ, жекелеген спортшылардың жетістіктерінде де біраз ұқсастықты байқадық. Мәселен, Сиднейде бокстан күміс алған Болат Жұмаділов (51 келі салмақ дәрежесі)  алдыңғы Атланта Олимпиадасында да жүлделі екінші орын алған болса, биыл 81 келіде финалда ғана сүрінген маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетов те өзі қатысқан Лондон-2012 бәсекесінде де күміс иеленген болатын. Биыл екі Олимпиадада жүлдеге іліккен Әділбектен бөлек тағы үш атлетіміз бар. Соның ішінде Ольга Рыпакованың жетістігі қос Олимпиадада жүлде алған атақты боксшы Ермахан Ыбрайымовқа аздап ұқсайды. Тек, Ермахан бірінші Олимпиадасында қола алып, екіншісінде алтын алса, Лондон-2012-де алтын алған жеңіл атлет, үш қарғып секірудің шебері О.Рыпакова Бразилия бәсекесінде чемпиондық атағын қорғай алмай, қоланы қанағат тұтты. Сонымен қатар, Лондонда қола алған Иван Дычко алтынға таласар деп үміттенген едік, Мұхтархан Ділдәбековтің ізін басқан Ваняның жартылай финалға аман-сау жеткеніне шүкір еттік. Өйткені, ағылшын Джозеф Джойстың тегеурініне шыдас бермеген И.Дычко ринг ішінде құлап қалуға шақ қалды. Ал, әйелдер күресінен Гүзел Манюрованың жетістігін келесі бөлімдерде толығырақ айтатын боламыз.

Риодағы алғашқы медальдар – күміс пен қола

      Лондон Олимпиадасының алғашқы күнінде-ақ, алтыннан алқа таққан Александр Винокуровтың жетістігінен кейін Риода да тезірек көк туымыздың желбіреп, Әнұранымыздың елдомммшырқалғанын қалағанымыз рас. Бірақ, бұл жолы алтын ел құрамасының қоржынына асықпай келді. Алғашқы жүлделер Рио төріндегі додаға үкілеп қосқан photo_81075дзюдошыларымызға тиесілі. Қазақстанның намысын қорғаған Отгонцецэг Галбадрах 48 келі салмақ дәрежесінде ширек финалда жапон қызы Ами Кондоға есе жіберсе де, жұбаныш кездесуінде айы оңынан туды. Венгриялық Эва Черновицкиден басым түскен Галбадрах қола үшін айқасуға мүмкіндік алған еді, кубалық Даярис Алварестің оны жеңуге шамасы келмеді. Сөйтіп, қоржынымызға алғашқы медаль түсіп, ел болып бір қуанып алдық. Кезекті жүлдені, жарқын жеңісті Елдос Сметовтен (60 келі) күткен Қазақстан халқының сенімі ақталмады. Финалға дейін қарсыластарының түгін қалдырмай әдіске салып, сабырлықпен, ақылмен жеңген Елдос тек финалда сүрінді. Ресейлік балуан Беслан Мудрановты қосымша уақытта жеңуге талпыныс жасаймын деп қателікке ұрынды. Елдостан ел текке үміттенбеді де. Өйткені, Олимпиадаға тыңғылықты дайындалған әрі негізгі қарсыластарының осал тұсын әбден барлап, бақылап алған Елдос Бақтыбайұлының Рио төрінде алтыннан алқа тақпауы мүмкін еместей көрінген болатын. Десе де, оның бір кездері Асхат Жеткеевтің жеткен жетістігін қайталауға ғана шамасы келді. Ал, Елдостың әріптестері Жансай Смағұлов (66 келі) пен өзінің екінші Олимпиадасына қатысқан Максим Раков алғашқы қарсыластарынан ғана айласын асырып, кейінгі балуандарға есе жіберіп қойды. Қыздар арасынан 63 келі салмақ дәрежесінде татами төріне шыққан Марина Ордабаева алғашқы қарсыласына да төтеп бере алмады. 73 келіде аяқ астынан Риоға жиналған Дидар Хамза алғашқы қарсыласынан басым түскенімен, әзірбайжан Рустам Фазаилоғлыға есе жіберді.

      Бұдан кейін Қазақстан қоржыны екі-үш күндей «демалды». Допинг дауының құрбаны болған еліміздің ауыр атлетика құрамасы қайта жасақталған сегіз сайыпқыранды жарыс жолына шығарды. Тұманды Альбионда алтыннан сарай тұрғызған ауыр атлеттеріміз биылғы додада 1 алтын, 1 күміс және 3 қоламен елге оралды. Солардың photo_59257ішінде жарысты бірінші болып Фархад Харки (62 келі) бастады. Жұлқа көтеруде де, серпе көтеруде де екі рет қателескен Фархад әупірімдеп жүріп үшінші орыннан көрінді. Оның жетістігін Карина Горичева жалғастырды. Айта кетейік, 63 келі салмақ дәрежесінде жұлқа көтеруде де, серпе көтеруде де жерлесіміз өз мүмкіндігін толық пайдалана алмады. Қос сайыс нәтижесінде 243 келіні (111+132=243) бағындырып, қоланы місе тұтты. Ал, үш дүркін әлем чемпионы қытайлық Дэн Бей 2015 жылы Хьюстондағы рекордын қайта жаңартып, алтыннан алқа тақты. Бұл жолғы жетістігі – 115+147=262. Сондай-ақ, жұлқа көтеруде Солтүстік Кореяның аруы Чхве Хе Сим 105 келіні бағыныдырып, Каринадан едәуір қалып қойған еді. Бірақ, қысық көз корей қызы серпе көтерудің шебері екен. 143 келіні серпіле көтергенде күмістен айырылғанымызға көзіміз анық жетті. Араға бір күн салып зілтеміршілердің жарыс жолына Жазира Жаппарқұл шықты. Ауыр атлетикадан қыздар арасында 69 келіде жарысқа түскен қазақ қызы күміс медаль алды. Ол жұлқа көтерудің алғашқы мүмкіндігінде 111 келі, келесі кезекте 115 келіні көтерді. Үшінші мүмкіндігінде 117 келіні көтере алмады. Серпе көтерудің алғашқы айналымында 140 келіні көтере алмағанымен, екінші мүмкіндігінде 140 және үшіншісінде 144 келіні көтерді. Бұл сәтте Жаппарқұлға бәсекелес болған мысырлық ауыр атлет Сара Ахмед 143 келі көтеріп жарысты аяқтаған. Ал төртінші орын алған колумбия қызы Лейди Соли үшінші мүмкіндігінде жүлдеге таласу үшін 146 келіні көтеруге ниеттенген, бірақ ойы жүзеге аспады. Ал, Жазираның басты қарсыласы Сян Яньмэй (Қытай) жалпы есепте 261 келіні көтеріп чемпион атанды. Жазира – қазақ қыздары арасында Олимпиада жүлдесіне іліккен тұңғыш ару. Осыған дейін Әлия Жүсіпова 2004 жылы Афиныда жүлдеге бір қадам ғана жетпей қалған болатын (Көркем гимнастика. 4-орын).

      ниджатБатыр қыз күміс алардың алдында Алексей Ни бір алтын мен бір күміске уәде еткен болатын. Ол сенген Ниджат Рагимов жеңімпаз болып қана қоймай, серпе көтеруде әлем рекордына түзету енгізді. 77 келі дәрежесіндегі ауыр атлеттер арасында тәуекелге толы болған сайыста қытайлық Люй Сяоцзюньнің күміс (177+202=379) және мысырлық Мохамед Махмудтің  (165+196=361) қола олжалағанын айта димакетейік. Сөйтіп, алғашқы алтын осындай ауыр еңбекпен келді. Ал, дәл сол күні жүзу спортынан Дмитрий Баландиннің жеңісі кішігірім сенсация болды десек артық айтпаспыз. Өйткені, 200 метрге брасс әдісіміен жүзуде іріктеу кезеңінде алтыншы, ал жартылай финалда 4-орыннан төбе көрсеткен болатын. Оның үстіне жартылай финалда жапон Иппэй Ватанабэнің 2:07.00 уақытымен рекорд жасаса да, соңғы кезеңде жүлдегерлер қатарынан да табылмауы қызық жағдай. Бір айта кететіні, жүзу спортында атлеттер қарсыластарының аяқ алысын біле алмайды. Сондықтан болар, таблодағы нәтиже толық шыққанға дейін 21 жастағы Дима өзінің чемпион болғанына сене қоймаған. Сондай-ақ, ауыр атлетикадан 56 келіде Арли Чонтей, 48 келіде Маргарита Елисеевалардың 5-орынға жайғасқанын, 85 келіде Денис Улановтың қола жүлдегерден бір сатыға төмен болғанын айта кетейік. Нидің де, күллі қазақстандықтардың да бір сенгені Александр Зайчиков болатын. 105 келіде сынға түскен оның өнерін тамашалау үшін Риоға атақты Илья Ильин арнайы барды. Екі дүркін Олимпиада чемпионы допинг дауы болмағанда көрермендер сапында отырмас еді. Жұлқа көтеруде сәтті өнер көрсеткен (193 келі) Александр серпе көтеруде 223 келіден ары аса алмады. Тапсырыс берген 227 келілік зілтемір жерлесіміздің ырқына бағынбады. Сөйтіп, өзбектерге Руслан Нуруддинов алғашқы алтын сыйлаған сайыста армян Симон Мартиросян күмісті, А.Зайчиков қоланы иеленді.

Ту ұстаушы топ жара алмады

      русланТарихқа көз салсақ, Қазақстан туын Олимпиаданың ашылуында ұстап шыққандар арасында Ермахан Ыбрайымовтың шоқтығы биік. Жарыс жолына алғашқы күннен шығатын болғандықтан 1996 жылы Дәулет Тұрлыханов ел құрамасын бастап шықпайды. Сөйтіп, көк байрағымыз бокс серкесі Ермаханға сеніп тапсырылады. Негізінен туды кім көрінген ұстап шықпайтыны белгілі. Оның өзі санасы сан-саққа кеткен атлеттің арқасына екі есе ауыр жүк екенін бәрі де мойындаса керек. Дегенмен, сенген серке сенімнен шығып, Ермахан Атлантада қола, Сиднейде алтын алды. Содан бері Қазақстан туын ұстаушылардың алтын тұрмақ жүлдеге іліккен кезі болған емес. Биыл жас тхэквондошы Руслан Жапаров көк туды ұстап шыққан еді, бірақ тәжірибесі толыспаған спортшы оны Рио төрінде желбірете алмады. Олимпиаданың соңғы күндерінің бірінде жарыс жолына шыққан Р.Жапаров «ә» дегеннен Радик Велединович Исаевқа жол берді. Олимпиада ережесі бойынша алғашқы қарсыласы финалға дейін жетсе қолаға таласуға мүмкіндік алатыны белгілі. Естеріңізде болса, 2008 жылы Арман Шылманов та жұбаныш кездесулерге мүмкіндік алып, ақыры қоланы қоржынға байлаған болатын. Ағасының жолы ініге де бұйырып еді, дегенмен, Руслан тхэквондоның отанынан келген Чха Дон Миннен 15:8 есебімен жеңіліп қалды.

       Қыздарымыз да отандастарын қуанта алмады. Түркияда туып-өскен Жансел Дениз 67 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан атынан Риоға жолдама алған болатын. Алайда, Қытайлық Тайпейдің Чжуан Цзяцзя есімді қызынан 16:2 есебімен ойсырай жеңілді. 49 келіде Азия чемпионы (2010) Айнұр Есбергенова да Жанселдің кебін киді. Хорват қызы Люция Занинович отандасымызға Еуропа тхэквондосының қандай деңгейде екенін дәлелдеп берді. Десе де, екі қызымыздың да қарсыластары финалға жетпей сүрінгендіктен, Руслан секілді жұбаныш кездесу бұлардың маңдайына бұйыра қоймады.

Бәрімізге қуаныш сыйлаған жұбаныш

        Рио Олимпиадасында грек-рим мен еркін күрес балуандарының да жолы болмады. Олар үшін осыған дейінгі қатысқан бес Олимпиаданың ішіндегі ең нәтижесіз, айтуға тұрмайтын жарыс болды. Екінші Олимпиадаларына келген грек-рим балуандары Алмат Кебісбаев (59 келі) пен Нұрмахан Тінәлиев (130 келі), алғашқы рет төрт жылдықтың басты додасына қатысқан Досжан Картиков (75 келі) сәтсіз қимылдады. Үшеуінің ішінен жүлдеге жақын болған Алмат Кебісбаевтың өзі екінші жұбаныш белдесуінде жеңілді. Еркін күрес балуандары да шеттерінен қирай ұтылды. Алғашқы қарсыласынан өткенімен Мамед Ибрагимов (97 келі) келесісінен ұтылса, Аслан Кахидзе (86 келі) мен Дәулет Шабанбай (120 келі) бірінші белдесулерінде-ақ «ұшып» кетті. Алғашқы кезеңде грузин Владимир Хинчегашвилидан ұтылған Нұрислам Санаев (57 келі) жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алып, ол сәтті де уысынан оп-оңай шығарып алды. 74 келіде бозкілемге шыққан Ғалымжан Өсербай жартылай финалда ирандық Хассан Язданидан 0:10 есебімен ұтылса, қола үшін болған кездесуде түрік балуаны Сонер Демирташқа 0:6 көресткішімен есе жіберіп            қойды.
          14064293_673070046183234_3119026195088883598_nБәрімізге қуаныш сыйлаған – жұбаныш белдесулер. Қыздар күресі осыған дейін тарихта болмаған ірі көл-көсір жетістікке жетті. Қайрат Сағадиев бапкерлік ететін құрамадан жарысқа қатысқан төрт қыздың үшеуі елге жүлдемен оралды. Олар үшін ең нәтижесіз көрсеткіш – Жұлдыз Ешімованың (48 келі) қытай қызы Сунь Яньаньннан үшінші орын үшін өткен кездесуде 0:10 есебімен ұтылуы. Грек-рим және еркін күрестегі балуандармен салыстырсаңыз бұл – нәтиже! 63 келіде күрескен Екатерина Ларионова бірінші кездесуінде беларусь Мария Мамшуктен жеңілді. Мамшук финалға шығып, ереже бойынша Ларионова жұбаныш белдесулерін өткізіп қолаға таласуға мүмкіндік алды. Жұбаныш белдесуінде әлем чемпионатының қола жүлдегері (2010, Ресей) швед Ханна Юханссонды 4:1 басымдылығымен ұтып, қола үшін болған кездесуде әлем чемпионы (2012, Страткона) американың атынан қатысқан, шыққан тегі ресейлік Елена Пирожкованы таза жеңді. 22 жастағы Ларионованың бұл ірі жарыстарда жеңіп алған төртінші қоласы. Осыған дейін Әлем чемпионатында (2013, Будапешт) және екі мәрте Азия біріншілігінде (2014, Астана; 2015, Доха) қола медаль алған еді. Қазақ қыздары арасында тұңғыш рет күрес түрлерінен жүлде алған – Эльмира Сыздықова (69 келі).  Сыздықова 1/16 финалда ресейлік Наталья Воробьевадан 4:1 есебімен жеңілді. Воробьеваның финаоға жетуі Сыздықоваға жұбаныш белдесуіне мүмкіндік сыйлады. Екінші жұбаныш белдесуінен бастаған Сыздықова моңғол қызы Очирбатын Насанбурмааны 3:2 көрсеткішімен ұтып, қола үшін мысырлық Энас Мостафаға еш мүмкіндік берместен 7:4 нәтижесімен жеңді.

гузельГүзел Манюрова (75 келі) – екі Олимпиададан жүлдемен оралған алғашқы қазақстандық балуан. Манюрова жарысты 1/8 финалдан бастады. Алғашқы белдесуінде венгр қызы Жаннет Неметті, ширек финалда камерундық Аннабель Алиді, жартылай финалда ресейлік Екатерина Букинаны таза жеңді. Ал финалда канадалық Эрика Уибеден 0:6 көрсеткішімен ұтылды. Манюрова 2004 жылы ресейдің атынан Олимпиадаға қатысып күміс алған болатын. Осы орайда Гүзел Манюрова үш Олимпиадада үш жүлде – екеуі күміс, біреуі қола, тек алтын алмаған үшінші балуан. Тония Бербик (Канада, 2008- қола, 2004,2012 – күміс), Мария Стадник (Әзірбайжан; 2008-қола, 2012,2016 – күміс).  38 жастағы Манюрова жүлде алған қазақстандық қарт спортшылар тізімінде екінші. Бірінші орында Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров. Осыған дейін қыздар күресінен 2008 жылы Бейжіңде Елена Шалыгина (63 келі), 2012 жылы Лондонда Гүзел Манюрова (75 келі) ғана бір-бір қоладан алып келген болатын.

Біз күтпеген «тосынсыйлар» бокста екен

     Әңгімемізді Риодағы бокс бәсекелерін сараптаумен түйіндеуді жөн көріп отырмыз. Өйткені, боксшылары талайды таңдай қақтырған Қазақстанның былғары қолғап шеберлері Tishhenko-Levit-640x361қашан да басты назарда. Дегенмен, биылғы Олимпиаданың басқаны қоя бергенде бокс тойы тосынсыйға толы болды. Әсіресе, Василий Левиттің ресейлік Евгений Тищенкодан ұтылуы дүйім жұрттың ашуына тиді. AIBA-ның әділетсіздігі ғаламторда кеңінен талқыланып, тарих ақтарылды. 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиадада ринг иесі Парк Си Хуннан әйгілі Рой Джонстың ұтылғаны ойға оралып, ескі жараның беті тырналды. Алғашқы раундта ерекше өнерімен көзге түскен Қайрат Ералиевтің өзбек боксшысы Муроджон Ахмадалиевтен де жеңілгенін әділетсіз деп бағалағандар көп. 52 келіде жарыс жолын сәтті бастаған Олжас Сәттібаев та өзінің әзірбайжан жігітінен жеңілгеніне әлі күнге сенбейді. Екі боксшымыз жарысты бастамай жатып аяқтады. Олар – 60 келідегі Берік Әбдірахманов пен 64 келідегі Абылайхан Жүсіпов. Екеуі де қарсыластарына үш раундта да есе жіберген болатын. Ал, өзінің үшінші Олимпиадасына қатысқан Біржан Жақыпов жарыс жолын жақсы бастағанымен, ширек финалда өзбек Хасанбой Дусматовтан жеңіліп қалды. Отызында орда бұзады деп сенген Біржанды айқын жеңген Хасанбой ақыры дегеніне жетіп, алтынына Вэл Баркер кубогін қоса Өзбекстанға алып кетті. Алтын алады деп топшылаған ұланның бірі Жәнібек Әлімханұлы болатын. 75 келіде қазақтың намысын қорғаған Жәнібек ширек финалда қолын мезгілінен кеш сермеп, жарысты орта жолдан тоқтатуға мәжбүр болды.

      6Бұрынғы Олимпиадаларда бокстың финалдық кездесулері түгелдей ең соңғы күні өтетін болса, биыл біраз өзгерістердің болған көз көрді. Мәселен, 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Василий Левит Даниярдан бұрын финалда өнер көрсетті. Өкінішке орай, жоғарыда атап өткеніміздей В.Левит төрешілер әділетсіздігінің құрбаны болып, күміспен елге қайтты. Кейін Данияр Елеусіновтің жеңісі АИБА-ның әділетсіздігін сәл де болсын ұмыттырып, ел мерейін үстем еткені рас. Қарап отырсақ, «69»-дың қазақ боксының бағына айналғанына он алты жыл болыпты. 2000 жылы Ермахан Ыбрайымов алтын алған 69 келі салмақ дәрежесінде кешегі Даниярға дейін үш оғыланымыз чемпиондық атаққа қол жеткізген. Бахтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев пен Серік Сәпиевтің жеңістерін көзі қарақты көрермен ұмытқан емес. Тіпті, Бақтияр мен Сәпиевтің Олимпиадада ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогін иеленгені тағы бар. Қысқасы, 69 келіден Қазақстанның бокс құрамасы пентакампион (бес дүркін чемпион). Алтын ұлдың жеңісті жолын жалғайтын екі боксшымыз бар-тын. Соның адильбекбірі – Иван Дычко. Ол туралы да жоғарыда қысқаша айтып өттік. Бір қызығы, Дычкоға жеребе өзінің лайықты қарсыласы, кезінде Алматыда өзін есеңгіретіп кеткен Могамедрасул Меджидовті жолықтырды. Шаршы алаңда айқасқан қос боксшының жекпе-жегі техникалық нокаутпен аяқталды. Бұл жолы Иванның бабы келісіп, есесін қайтарды. Екінші саңлағымыз – 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов Хулио Сезар Ла Крузға есе жіберіп алды. Барын салған Ә.Ниязымбетовтің де еңбегін төрешілер ескерусіз қалдырып, рингтегі айқасты бокс емес, түлкіылаңға айналдырған Ла Крузға алтын сыйлады. Лондонда күміс алған Әділбек бұл жолғы жекпе-жек нәтижесіне риза болмай, жеңіс тұғырында көз жасына ерік берді. Сондай-ақ, қыздар арасындағы бокс бәсекесінен ел құрамасы олжалы оралды. Үміт артқан екі қыздың бірі қоланы қанжығасына байлады. Әйелдер боксында 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Дариға Шәкімова 17 жасында Лондон Олимпиадасында чемпион атанған, тәжірибелі АҚШ-тың былғары қолғап шебері Кларесса Шелдстан айласын асыра алмады. Кездесу басталғаннан-ақ, ширақ қимылымен көзге түскен К.Шелдстің жеңісіне ешкім күмән келтірмеген болар. Десе де, қазақ қыздарының арасынан Марина Вольновадан кейін жүлде салған Дариғаға отандастарының өкпесі жоқ. Сөйтіп, Қазақстанның бокс құрамасының Олимпиададағы жорығы аяқталып, бәйгеге қосқан 12 сайыпқыранның (екеуі қыз) бесеуі жүлде салды.

ТҮЙІН: «Алла сәтін салса Токиода топ жарамын!». Бұл – алтынға қолы жетпей қалған Олимпиадашыларымыздың сөзі. Ал, қуаныштың да, әділетсіздіктің де көз жасын көрсеткен Рио Қазақстан құрамасы үшін біз айтып өткендей сәттермен, жетістіктермен есте қалды. Бір ғана тілегіміз, Токиода үйреншікті үш-төрт спорттан ғана емес, басқа да сайыстардан атлеттеріміз жүлде алса игі…

Рио-2016 қорытындысын дайындағандар:

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ, Серік ҚАНТАЕВ