Бар ырысын жерден тапқан ана
Т.Рысқұлов ауданының Жамбыл ауылында 1949 жылы өмірге келген Несіпкүл Байжанова жастайынан еңбекке араласты. Еңбек жолын өзі туып өскен ауылында 1966 жылы комсомол-жастар бригадасында бастаса, содан бері әлі күнге еңбектен қалған емес.
Ауданымыздың Абай ауылындағы Ешенқұл Әбетаев ағамызға 1967 жылы тұрмысқа шыққанда да еңбек етуден тартынған жоқ. Осы ауылда 16 жыл тұрып, қызылша өсірумен айналысты. Қызылшадан мол өнім алып, таныла бастады. Ал одан кейінгі жылдары Бурыл ауылына отбасы жағдайына байланысты коныс аударады. Мұнда да келе жер алып, 1997 жылы «Байжанова Н» шаруа қожалығын ашады. Алғашында 12 гектар жерге алма егіп, одан мол өнім алып отырады. Сонымен қатар пияз егуді де қолға алады. Несіпкүл апаймен Құмжота ауылы жанындағы пияз жинап жатқан егістік басында кездесіп, жұмыс барысы туралы сұраған едік.
-Былтыр құрғақшылық болып, біраз қиыншылықтар туындаған. Ал биыл керісінше ерте көктемнен бастап жауын-шашын көп болды. Егін суы да мол болып тұр. Сондықтанда 100 гектар жерге егілген пияздың да, 30 гектар жерге егілген қант қызылшасының да шығымы өте жақсы. 10 гектар жердегі арпамызды орып алдық, түсімі жаман болған жоқ. Біз суды үнемдеп, мол өнім алу үшін кейінгі 5 жылда егістікті тамшылатып суару әдісін қолға алғанбыз. Міне мұның пайдасы көп болып тұр. Мемлекеттен 2017, 2021, 2022 жылдары 6 пайызбен несие алдым. Алғашқы екі несиені уақытысында қайтардым. Биылғы өнім ойдағыдай болса, биылғы несиеден құтылып қалармыз. Сондай-ақ жанар-жағар май, тыңайытқыш, селитраны да арзан бағамен алып жүрміз. Міне осындай көмектердің арқасында жұмысымыз жүйелі жүріп, жыл айын жақсы көрсеткіштерге қол жетуде,-дейді 73 жастағы шаруа қожалығының жетекшісі Несіпкүл Байжанова апай.
Егістікте біз пияз жинаумен айналысып жүрген 40-қа жуық азаматтарды көрдік. Олар күннің ыстығына байланысты пиязды қолмен жинауда. Ертемен келіп, пиязды тазалап, қаптайды екен. Үлкен-үлкен пияздардың шығымы жақсы екенін байқау қиын емес. Ал науқан кезінде мұнда 100 адам жұмысқа тартылатыны белгілі болды.
-Бізде суармалы 66 гектар жер бар. Әрине бұл аздық етуде. Сондықтанда екі шаруа қожалығының пайдаланбай отырған 100 гектарға жуық жерін жалға алып, пияз, қызылша, сәбіз егіп отырмыз. Келешекте мүмкіндік болса өз жерімізді кеңейткіміз келеді.
Жалға алған жерді пайдаланғанмен артында біраз әңгімесі болады. Дегенмен тағы жалға жер алып, жоңышқа да ексек деген жсопар бар,-дейді Несіпкүл.
Несіпкүл әпке өзі қандай еңбекқор болса, балаларында еңбек етуге тәрбиелеген. Ұлдары Ізбасар, Сәкен, Бекендерде егістікте еңбек етіп, анасына қолқанат болып жүр. Балалары ғана емес, үлкен немересі Жасұлан өз алдына 30 гектар жерге пияз ексе, мектепте оқитын немерелері Батырбек пен Ибрагимді де қасына алып, еңбекке баулуда.
Шаруа қожалығы Үкіметтен жеңілдетілген пайызбен несие алған сайын техникаларын жаңартып отырады. Жаңа техника істің ілгері басып, табысты тасқындатуға мол мүмкіндік беретінін шаруалар жақсы біледі.
Бар ырысын жерден тауып отырған еңбекқор ана үйі жанынан 1000 тонналық қойма соғып қойыпты. Кей жылдары жиналған мол өнім дер кезінде өте қоймаған жағдайда оны уақытша болса да сақтау үшін қойманың да пайдасы көп. Ұзындығы 100 метр, ені 15-20 метрдей болатын биік етіліп соғылған қойманың күні ертең-ақ пияз, қызылша, сәбіз, басқада өнімдерге толатыны анық.
Жетпіс жастан асса да жұмыстан қалмай балаларының жұмысына да басшылық жасап, бар жұмысты ұйымдастырып отырған кәсіпкер ана Несіпкүлдің көп жылғы ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. 1986 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХУІ съезіне делегат болып қатысса, 2003 жылы облыстық іскер әйелдер құрамында сол кездегі Президентіміз Н.Назарбаевпен кездескен. Аудан, облыс, республика көлеміндегі әртүрлі деңгейдегі марапаттарға қолы жетті. Байзақ ауданының Құрметті азаматы атанып, бірнеше мерекелік медальдарды кеудесіне тақты. Ең бастысы-еліне сыйлы, аудан халқы қадір тұтатын ардақты ана.
Еңбек етумен бірге 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа» иегері Несіпкүл Байжанова: «Еңбек етуге барлық жағдайды жасап отырған мемлекетке, облыс, аудан басшыларына алғыс айтамын. Әрбір адам еңбекті сүюі керек. Еңбек адамды жігерлендіреді. Еңбек етсең қарның тоқ болады.Тек істің көзін таба білген жөн. Не нәрсені де ойлап, есептеп істеген дұрыс. Сондықтанда әсіресе жастар Үкіметке қол соза бермей, өз жағдайларын өздері жасағандары дұрыс болады»,-дейді.
Осындайда «Еңбек ертсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөздің бекер айтылмағаны еске түседі.
Сүндетулла Әбілова, «Ауыл жаңалығы». Бурыл ауылы