Бәрекелді.! Бәйге жеңімпаздары

     

                                                                                        «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!»

    Биыл ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл бабамыздың туғанына 170 жыл. «Қазақстан ZAMAN» газетінің шапанынан шыққан жас зиялыларға арналған танымдық журнал «Мөлдір бұлақ» бабамыздың осы мерейтойына орай өткен жылы жоғарыдағы тақырыппен бәйге жариялаған болатын. Жалпы бұл бәйге оншақты жылдан бері дәстүрге айналған шара. Жыл сайын әртүрлі тақырыптарға арналған бұл тай жарысқа жүздеген үміткер мектеп оқушылары қатысатын. Биыл да 500-дей үміткер қатысқан бәйгенің жеңімпаздарын анықтау оңай болған жоқ.

Мінеки, 26 наурызда Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген бәйге жеңімпаздары анықталды. Бұл бәйгмолдир булакеден келген жүйріктердің ішінде барлық облыстардан өкілдер бар. Сонымен 60 өрен жүйрік ынталандыру сыйлығын, 14 бала арнайы сыйлық алды. «Ерекше шығарма» иелері 7-еу. ІІІ орын иеленгендер 4-еу. Әрқайсысы бір-бір фотоаппарат алып иықтарына ілді. 3 екінші орынды алғандардың үйлерінде енді жап-жаңа шаңсорғыш тазартатын болады. Бірінші орын алған Мерей мен Дария ұялы телефонға ие болса, маңдайы жарқырап бас бәйге алған Айтаңсық Қадірбектің енді өзінің ноутбугі бар. Барлық жеңімпаздар мақтау қағаздармен марапатталып, сыйлықтар алды.

Бұл бәйге жеңімпаздарына сыйлық тапсыру рәсімі Алматы қаласында өтті. Салтанатқа Нағашыбек Қапалбеков, Нұрдәулет Ақышев, Темірхан Тебеген, Кеңес Оразбеков сияқты белгілі қаламгерлер, ғалымдармен бірге Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімшілігінен қызметкерлер қатысты. Жамбыл бабамыздың қос шөбересі қатысып игі тілектерін айтты. Бәйгенің ұйымдастырушылары «Қазақстан ZAMAN» ЖШС бас директоры Серкан Хастюрк, «Қазақстан ZAMAN» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы мырзаларға және «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Жанстан Кучукова ханымға, оның ұжымына ата-аналар ризашылықтарын білдірді.

 

Нұржан Ертайұлы