Бәрекелді..! ҚР мәжліс депутаты А.Перуашовтың депутаттық сауалына жауап…
Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев пікірлерін ашық айтты.
Ауыл шаруашылығын субсидиялау бұрынғы тәртіппен гектарға байланысты төленетін болды
18 мамыр күні “Ақ жол” партиясы фракциясы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке ауылшаруашылығын субсидиялау мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдағаны белгілі.
Кеше Жер туралы респуликалық комиссия отырысында “Ақ жол” партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жер қатынастарын реттеу мен жерлердің банктер меншігіне өтіп кету қаупін мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтен “Ақ жол” партиясының ауылшаруашылығын субсидиялау мәселесі бойынша депутаттық сауалының барысы туралы сұраған еді.
Ауыл шарауашылығы министрі Асқар Мырзахметов: “Ауыл шаруашылығын субсидиялау тәртібін ауыл шаруашылық өнімін өндірушілердің кең талқылауына салмай, министрліктің өзі қайта қарастыруы қателік болғанын, алдағы уақытта субсидиялау бұрынғы тәртіппен гектарға байланысты төленетінін және ол жақын уақытта іске асатынын айтты.
Сонымен, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші шаруа қожалықтарының шаруасы дөңгеленетін күн алыс емес.
Ауыл шаруашылығының жүйелі қаржыландырылуын қамтамасыз ету қажет, деді Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
«Кез-келген кәсіпкер жеке меншікті қолдайды. Ол нарықтық экономиканың заңдылығы десе де болады. Сол себептен біз стратегиялық бағыт ретінде отандастарымызға жерді сатып алуға мүмкіншілік беруіміз керек. Әрине ол тек қазақстандықтарға. Ал басты мәселе, менің ойымша, жеке меншікте емес. Басты мәселе — тәртіпте. Комиссия қабылдаған шешім ел үшін табысты болуы керек. Тәртіп ашық, адал, нақты болуы керек деп санаймын», – деді депутат.
Оның айтуынша, жерді сатылымға шығаруға асықпау керек, себебі бұнда шешілмеген мәселелер өте көп.
«Егер жерді инвестиция көзі ретінде қарайтын болсақ, онда мәселенің екінші жағы бар. Жер жеке меншік болса, адамдар оны кепілдікке қоя бастайды. Ертең олар пайданы бір рет алады, екіншісінде шығынға батып қалуы ғажап емес қой, ауыл шаруашылығы аумалы-төкпелі шаруа, қауіп-қатері өте көп. Ертең сосын ол жерлердің иесі банктер болып қалмақ. Бірақ банк жерді мемлекет сияқты төмен ставкамен жалға бермейді. Ертең банктер ауылшаруашылық жерлерін өз меншігіне айналдырып алады да, шаруалар қайтадан жалға алушы ретінде қалады. Сондықтан ауыл шаруашылығын қаржыландырудың жүйелі болуын қамтамасыз ету қажет», — деді ол.
Перуашев Қазақстанмен көрші елдердің компанияларына жерді жалға бермеу керектігін кесіп айтты
Парламенті мәжілісінің депутаты, Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі Азат Перуашев Қазақстанмен көрші елдердің компанияларына жерді жалға бермеу керек деп санайды.
«Жерді инвентаризациядан өткізіп, түгендеп алмайынша, жерді жалға да, жекеменшікке де беруге болмайды. Бірақ біз отандастарымызға жерді беруді қолдаймыз. Ол үшін алдымен немен жұмыс істеп отырмыз, соның барлығын жөнге келтірген жөн», – деді депутат комиссияның екінші отырыснда.
«Негізгі алаңдаушылықтар біздің көршілерімізбен байланысты. Сескену бар. Бізге Қазақстанмен көрші елдердің компанияларына жерді жалға бермеу керек деген норма қабылдау керек. Себебі сепаратизм қаупі бар», – деп атап өтті Азат Перуашев.
Қазақстанмен тікелей шекараласатын елдердің компанияларына жерді жалға беру құқығын алып тастау керек. Бүгін Астанадағы Ұлттық кітапханада өткен «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осындай пікір айтты.
«Жеке меншiк – нарықтық экономиканың негiзi. Дегенмен, бұл жерде агроөнеркәсіп кешенін тиімді басқару үлгісі туралы да ескеруге тиіспіз. Мемлекет агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қомақты қаражат аударып келеді. Алайда, оның тиісті жеріне жетіп, тиісті нәтиже беруі ойландырады. Осы саладағы квазимемлекеттік секторлардың ұдайы сынның астында қалуы да соның айғағы емес пе?» – деді А. Перуашев отырыс барысында.
Бұдан бөлек, депутат шетелдік компаниялардың Қазақстан жерін жалға алу мәселесіне де тоқталып өтті. Оның пайымынша, егер шетелдік компаниялар еліміздің ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар әкеліп, салаға инвестиция салып, оны жаңғыртуды жүргізсе, ондай компанияларды қолдауға болады.
«Әйтсе де, шетелдік компаниялардың қызметін, агротехникалық, экологиялық және басқа да нормаларды сақтауын бақылау ұлттық жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Осы ретте Қазақстанмен тікелей шекараласатын елдердің компанияларына жерді жалға беру құқығын алып тастауды ұсынамын. Бұл Қазақстанның интеграциялық міндеттемелерін ескере отырып, сепаратизм мен қоғамдық қатынастардағы қауіптердің алдын алу, болғызбау мақсатында жасалуы шарт», – деді А. Перуашев.
Бұдан бөлек Мәжіліс депутаты Қазақстанда жерге иелік ету құқығы бар компаниялардағы шетелдік құрылтайшылардың үлесін қайта қарау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні бұл шектеу 51 пайыз деңгейінде тұр. «Елбасы да жақында еліміздегі шетелдіктер үлесі басым компаниялардың иелігінен жерді алып, оны оларға жалға ғана беру туралы айтты. Ал ондай құрылтайшылардың үлесін 25 пайызға дейін төмендетуге болады», – деді А. Перуашев.
Депутаттың бұл ұсынысын «Нұр Отан» партиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед де қолдады. «Шекаралас өңірлердегі жерлерді шетелдіктерге жалға беру, бермеу өзекті. Бұнда белгілі бір шек қойылуы керек. Екіншіден, шетелдік азаматтарға жерді жалға берген күннің өзінде де оларға Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қатты қадағалау болуы шарт. Агротехникалық шаралардың сақталуын қадағалауға тиіспіз. Оны жалға беріп алып, он жылдан соң ол жерде түк өнбейтін етіп алмауға тиіспіз», – деді М. Құл-Мұхаммед.
«Елана»