БӘРЕКЕЛДІ ШАБОНДАЗДАРҒА СӘТТІЛІК!

Ардақты ағайын!
Бүгін елордалық «Қазанат» ипподромында «AMANAT» партиясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «Ұлы Дала Жорығы» тұңғыш республикалық марафон-бәйгесінің ашылуы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің түкпір-түкпірінен келген шабандоздарға арнайы құттықтау жолдап, сәт сапар тіледі.

«Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Арғымақ атты халқымыздың символы деуге болады. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты – осы. Бұл – нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода. Сондай-ақ, елімізге рухани серпіліс әкеліп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба. Аламан бәйге ұлтымыздың рухын асқақтатып, мерейін асыра түседі деп сенемін», – делінген Президент құттықтауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тарихымызды зерттеп, рухани құндылықтарды дәріптеуге әрдайым ерекше мән беруде. Бүгінгі аламан жарыс соның айқын дәлелі.
Бұл марафонның маңызы – халқымыздың мыңжылдықтарға созылған тарихы мен төл мәдениетін жаңғыртуында. Осы идеяны ұсынып, марафон-бәйгені өткізуге қолдау білдіргендегі мақсат – елімізді Ұлы Даланы мекен еткен көшпенділер өркениетінің мұрагері ретінде таныту болатын.

Бұған қоса, Қазақстанның бай тарихы мен руханиятын зерделеу, сұлу табиғатын сақтауға шақыру, Ұлы Даланың тарихи-мәдени ескерткіштерін Қытайдағы Ұлы Қытай қорғаны, Египеттегі Мысыр пирамидалары, Италиядағы Рим колизейі, Ұлыбританиядағы Стоунхендж ескерткіші секілді танымал туристік орталықтарға айналдыру.
Жарысқа қатысушылар 1 200 шақырым жүріп, киелі Түркістанға ат басын тірейді. Күн сайын 100 шақырым жолды еңсеретін шабандоздар көшпенді ата-бабамыздың қайраты мен қайсарлығын көрсетуге дайын. Қиындыққа мойымайтын осындай айбатты азаматтар барда еңсеміз биік, мерейіміз үстем!
Бұл марафон-бәйге еліміздің ат спорты мен туризмінің отаны ретінде танытып, туристік әлеуетін арттыруға, ұлттық спортқа тың серпін беріп, оны әлемдік деңгейдегі мемлекеттік бренд ретінде қалыптастыруға жол ашады деп сенемін.
Ертең «Ұлы Дала Жорығына» аттанатын шабандоздарға оң сапар тілеймін! Халқымыз айтпақшы, ат бәйгелі болсын!

ЕРЛАН ҚОШАНОВТЫҢ ФБ ПАРАҚШАСЫНАН