Бәрі өз қолыңда
Адам деген тек ми мен тән емес. Ең алдымен ол – жан. Нақтырақ айтсақ, сана. Жапон даналығы былай дейді: «Егер бір шарбақ сен үшін тым биік болса, оны сындырудың қажеті жоқ – сәл өссең де жеткілікті». Яғни, бүгін басыңа түскен қиындыққа биіктен қарап үйрен дейді. Санаңды сергітіп, өзіңді бағалай түс.
Сен өзгелерден артық та, кем де емессің. Көктегі Тәңір ешкімді ешкіммен салыстырмайды. Салыстыратын пенделер. Тәңір үшін де, көктегі өзге де рух үшін, бүкіл ғалам үшін сен – ерекше, ғажайып, ұсынса қол жетпес, махаббат пен құрметке шексіз лайық тұлғасың. Сенің бір ғана жағымды ойың, титтей жақсылығың – адамзат тарихындағы ең маңызды әрекет болуы мүмкін. Ендеше, өзгенің сенен артық-кем болуына бола еңсеңді түсірме.
Өмір бүгін және кешемен шектелмейді. Санаңды сейілт, өзіңді бағала! «Шарбақ биік, ал сен кішкентай боп қала берсең, ойың сол шарбақтан аспай қалады. Айналаңда боп жатқан істерге «Мен еркін, жауапкершілігі зор адаммын, өзгелер де – еркін, жауапкершілігі зор адамдар. Әркім өздігінше таңдау жасайды, тағдырын қалыптастырады, бірақ тек өз таңдауы үшін ғана жауапкершілік алады. Өзгелердің не істегені маңызды емес. Менің не істегенім маңызды».
Әр адам өз бойынан жарық сәуле іздейді. Өз санасынан Құдайды іздейді. Бойыңдағы жарық сәулені тап. Соны жақсы көр. Сонда өзіңді де жақсы көретін боласың. Сонда өзгенің де болмысына терең үңіліп, сыйлап, құрметтей аласың.
Егер жаныңда ұзақ болған жан кенеттен айырылысқысы келсе, етегіне жабысып ұстама. Бұл оның таңдауы. Ол кетті екен деп шаш жұлудың қажеті шамалы. Әркімнің маңдайына жазылған ырзығы бар. Ең дұрыс таңдау – жүрек қалауын жасау, өзгені шын ниетіңмен жақсы көру, байлығыңмен, барыңмен теңдей бөлісу, есесіне ештеңе дәметпеу, әйтпесе, сенікі махаббат емес, сауда болып шығады. Өзгелерге қалауынша өмір сүруге кедергі келтірмеу.
Әр адамның өміріндегі негізгі ауыртпашылығы Құдайдың алдын ала маңдайға жазғаны. Өмірлік трагедия мен драма, сынақ пен қайғының бәрі тағдыр жазуы. Адамды жазалау, кездейсоқ жағдай, өмірдің ойыны емес. Адамның жаны осы өмірде өтуге тиісті сынақ. Сынақтың сабағын сіңірмейінше, бұ сынақ алдыңнан шыға береді. Сынақтан сүрінбей өту үшін – рухани өсуің керек, махаббаттың, сабырдың, даналықтың қуатын сіңіруің керек.
Бәрі жақсы болады! Басыңа іс түспейінше, жақсылықтың қадірін білмес ең. Тағдырың ұсынған қиындықты жең! Сабақ ал! Қорытындыла! Сосын жаңа парақтан жаңа өмір баста!
Александр Казакевич
Аударған Шынар Әбілдә