Бәріміз де бір қазақпыз!!

Болса-дағы тағдырымыз сан алуан,
Арғы атамыз көк бөріден нәр алған.
Біз қазақпыз алты алаштан таралған,
Ерлері көп, ежелгі жұрт саналған.

Көп болғанмен дарамыз бен данамыз,
Аңқау жұртпыз балапандай сарауыз.
Бейбіт күнде болсақ тағы алауыз,
Жау көргенде көбейетін қарамыз.

Жік-жік болып ашылмасын арамыз,
Жат пиғылмен уланбасын санамыз.
Жеріміз кең, ұлан-байтақ даламыз,
Көз алартқан толып жатыр қараңыз!

Аман болсын десек бала-шағамыз,
Шартарапқа кетсе дағы тарап із.
Салып кеткен жолмен жүрейік бабамыз,
Сонда ғана арман тауын табамыз!

Р.S.
Ру демей, жүз демей
Жергілікпіз, оралманбыз біз демей
Өзімізден өзіміз өзгешелік іздемей,
Бірімізді біріміз жүрейікші біз демей!

 

 

 

 

 

 

 

 

Авторы: Мұқтарбек Тұрысбекұлы