Бәріміз ұстаздарды балағаттау, тіпті қол жұмсау, балаларының тәрбиесіздігіне кіналау, тағы сол сияқтыларды БАҚ-тан, әлеуметтік желілерден көріп жүрміз», — дейді Нөкетаева
Парламент сенатының бір топ депутаты премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, өздерін оқушылар мен ата-аналардан қорғауды сұраған ұстаздардың жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстантілшісі.
«Біздің депутаттық сауалымызға негіз болған жәйт – соңғы кездердегі қоғамдағы белең алып, арқамызға аяздай батқан ұстаздарға деген көзқарас, адами-моральдік қатынас, бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі ұстаздардың парламент депутаттарынан өздерін оқушылар мен ата-аналардан қорғауын сұраған жанайқайы», — деді депутат Динар Нөкетаева сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, мемлекет мұғалімдерді жан-жақты қолдау шараларын жүргізу үстінде. Елбасының тапсырмасына сәйкес үкімет мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 30 процентке көбейту туралы жақын арада арнайы қаулы шығарды.
«Солай болғанымен де, бүгінде қазақстандық ұстаздардың білім саласындағы шенеуніктерден басқа, ата-аналар мен өздері білім нәрімен сусындатып, тәрбие беріп жүрген оқушыларының тарапынан көріп жүрген қысымшылықтары әділетсіздік болып отыр десек артық болмас. Бәріміз ұстаздарды балағаттау, тіпті қол жұмсау, балаларының тәрбиесіздігіне кіналау, тағы сол сияқтыларды бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден көріп жүрміз», — дейді Нөкетаева.
Депутат қасиетті «Ұстаз» деген мәртебелі мамандықтың бүгінгі күні құнсыздануына өкініш білдірді.
«Ұстаздың бала үшін ақылшы дос, ой-арманы болғаны сейіліп, көңілге селкеу түсіруде. Бүгін ата-аналардың тарапынан, балаларының көзінше мұғалімдерге әртүрлі балағат, дөрекі сөздерді қолдануы арқылы жас жеткіншектердің өз ұстаздарына жек-көрініш туғызып, оларға деген құрметтің төмендеуіне әкеліп соғуда. Мұғалім бейнесі – қауқарсыз, құқығы тапталған адамға айналды. Ұстаздарға деген сенімсіздік күннен-күнге ата-аналар тарапынан үдемесе бәсеңдеген жоқ, өйткені, диктофон, фотоаппарат, мобильді телефон қолдану арқылы оқушылар мұғалімдерінің беделін түсіруі орын алуда», — деді сенатор.
Осындай жағдайларды ескере отырып, депутаттар мұғалім мәртебесін қорғау үшін Үкімет тарапынан ұстаздарға қолдау көрсетіліп, кешенді іс-шаралардың қолға алынуын сұрады.
«Қазіргі таңда ресейліктер ұстаздар жиналысында биліктің ұстаздардың қорғалуына кепілдік берілуді заң арқылы реттелуін талқылап, ұсыныстар дайындағаны мәлім. Ол өзгерістер, педагогикалық қызметкерлерге жасалған зорлық-зомбылық, сонымен қатар, оның ар-ожданына тию, билік өкілдеріне жасалған зорлық-зомбылықпен пара-пар болып есептеледі. Бұл тәжірибе де біздің ұстаздар қауымын қорғауға пайдаланылса. Екіншіден, мемлекеттік органдарда видеокамерасы бар және интернетке қосылған телефондарды пайдалануға тыйым салынғаны белгілі. Мектептердің де мемлекеттік мекеме екендігін ескере отырып, оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге оқу процесі кезінде мектепте интернет-модульдері мен фото-видеокамералары бар құрылғыларды пайдалануына шектеу қойылса жөн болар еді», — дейді ол.
Бұдан бөлек, депутаттың айтуынша, қазіргі кезде орта білім беру мекемелерінде қызмет жасайтын ер азаматтардың үлес салмағы небәрі 18% болғандықтан, оқушы ер балаларымыз қыз мінезді болып барады деген пікірлер айтылып жүр. Осыған орай, жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтарға ер азаматтардың қабылдануына арнайы жеңілдіктер қарастыруды ұсынды.
«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, осы айтылғандарды ескере отырып, Сізден мұғалімдердің ар-ожданын қорғауға, беделін арттыруға байланысты кешенді шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймыз», — деп түйіндеді бір топ депутаттың атынан сауал жолдаған Нөкетаева.