БАРЛЫҚ БАЛАБАҚША ҚАЗАҚ ТІЛДІ БОЛУЫ ҚАЖЕТ
Вячеслав ВАВИЛИН, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі, Қазақ көркемөнер академиясының академигі:
Қазақ тілінде өзінің ана тіліндей емін-еркін көсіліп сөйлейтін, қазақша өлең жазатын, ата-бабамыздың салт-дәстүрін қадірлеп, қастерлей білумен қатар, ислам дінін қабылдап, мұсылманшылықты берік ұстанатын орыс жігітін қалайша уақыт талабы мен қазіргі заманға лайық тұлға демеске?! Біз бүгін осындай тәуелсіздік тудырған тұлға – Вячеслав Дмитрийұлын әңгімеге тарттық.
– Вячеслав, қазақша судай ағып тұрсыз, мақалдап-мәтелдеп сөйлейсіз, қайда туып, қайда өскенсіз?
– Қазақ «тегін білмеген – тексіз» дейді. Алдымен арғы тегімнен бастайын. XIX ғасырда Туваға қоныс аударған орыстың ірі көпесі болған үшінші бабам Вавилин Родион мен оның әйелі Соломеяның бірге түскен фотосуреті сақталған, мыңдаған мүйізді ірі қара өсірумен Тува тарихында ізін қалдырған адам. Тувада осы Вавилинның атына берілген жер бар. Нағашы атам Николай Слюньков Белоруссия Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болған, Социалистік Еңбек Ері, СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Өзіндік тарихы бар. Әкемді 10 жыл бұрын жерледім, анамның жалғыз баласымын. Анам 1955 жылы туған, зейнеткер. Әкемнің де, шешемнің де ұлты орыс, екеуі осы Алматыда кездесіп, үйленген. 1981 жылы Алматыдағы №1 перзентханада туыппын. Балабақшам да, мектебім де, университетім де Алматының Алмалы ауданынан басталды. Көршілеріміздің бәрі қазақ болды.
«Нағыз жігітке жетпіс өнер де аз» дейді қазақ. Тілді меңгеру – өнер! Кішкентай кезімнен бастап тіл үйренуге баса мән бердім. Орыс тілі анамның сүтімен сіңді, тегін берілді. Қазақ тілі еңбекпен алынды. Он екі жасымнан қазақша үйрене бастадым. Мира деген ұстазым болды. Тілді кішкентай кезден бастап насихаттау керек, меніңше, еліміздегі барлық балабақша қазақ тіліне өтуі керек, яғни, бастапқы білім қазақша берілсе, тілмен танысу арқылы балалар салт-дәстүрді меңгереді, тіл арқылы қазақ ұлтына деген жастайынан махаббаты оянады. Мектепті, жоғары білімді қай тілде алатынын әркім өзі таңдасын. Сонда ғана болашақта бір ғана мемлекеттік тілде сөйлейтін елге айналамыз.
– Мектепті қай тілде бітірдіңіз?
– Орыс тілінде. Алматыдағы №18 таза орыс мектебін бітірген соң Қазақ-Америка университетінің заң факультетін 2002 жылы үздік дипломмен ағылшынша аяқтадым. Қосымша Қазақ инженерлік-экономикалық университетінің қаржы және кредит факультетін бітірдім.
2003-2004 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің бірінші орынбасарының кеңесшісі болдым. Ол кезде Алмалы ауданын Тұрарбек Асанов басқаратын, бірінші орынбасары Марат Пірімбетовтың көмекшісі бола жүріп, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын, елмен қарым-қатынас жасауды үйрендім. Мемлекеттік қызметтің қай түрі болсын қазақ тілін білу мәжбүрлігін сезіндіреді. Жария айтылмаса да, іс қағаздары қазақ тілінде болсын деген талап бар. Қазір ірі мекемелердің бәрінде заманауи жабдықталған қазақ тіліне арналған кабинеті бар. Өкінішке қарай, басқа ұлт өкілдеріне қарағанда орыс тілді қазақтардың өз ана тілін үйренуге деген ұмтылысының жоғына таңғаламын.
Біраз уақыт Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің көмекшісі болып еңбек еттім.
2005-2007 жылдары Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы Азия континентальдық АИБА бюросының вице-президенті сонымен қатар Әлемдік әуесқой бокс қауымдастығы президентінің кеңесшісі болып қызмет еттім.
– Сонда, спортпен де шұғылданатын болдыңыз ғой?
– Марқұм Анатолий Храпатый барда зілтемір көтерумен шұғылданғанмын. Қазақстан Республикасының «Ауыр атлетика бойынша спорт шебері» және «Ауыр атлетика спорты бойынша ұлттық төреші», сондай-ақ «Ауыр атлетика спорты бойынша екінші дәрежелі халықаралық төреші» деген дәрежелерім бар.
Жоғарыдағы Бекет Махмұтов басқаратын бокс қауымдастығында көбінесе заңдық-құқықтық мәселелерге қатысты шаруалармен айналыстым. Спортшыларымыздың , өкінішке қарай, Доминкан республикасында қол жеткізген барлық атақ-шендерінен айырылып қалуы көп нәрсеге көзімді ашты. Мен үшін бұл үлкен сабақ болды.
2007 жылдың қыркүйек айынан 2008 жылдың мамырына дейін Алматы қаласының Медеу ауданына қарасты Алатау кентінің әкімі болып қызмет еттім. Ол кезде 25-26 жаста едім. Кенттің іргетасы бұдан 60 жыл бұрын қаланған. Ядролық Физика институты салынған кезде. Сондай-ақ ол жерде Білім министрлігінің Физика техникалық институты жұмыс істейді. Ақпараттық технология паркі орналасқан. Жеті мыңдай адам тұрады. Негізінен, орыстар көп қоныстанған. Ол кезде жаспын. Істейтін шаруа көп. Шіркеу салынып жатыр екен де, мешіт жоқ екен. Содан Мағжан деген апай өзіне тиесілі жерін мешіт салу үшін діни басқармаға өткізді. Сол Алатау кентінде әкім болып тұрғанымда қазақша балабақша мен мешіт аштық.
– Мешіт демекші, ислам дінін қабылдап, мұсылман болуыңызға не әсер етті?
– Сәби шағында адамның таңдауы жоқ. Анам да мені шіркеуге апарып, христиан қылды. Бірақ өсе келе, діни кітаптарды өзара салыстырып оқи жүріп, Библияда ақырғы пайғамбар Ахмадтың келетіні ап-анық жазылған аят барын білдім. Ахмет – Мұхаммедтің бір аты. 25 жасымда шаһадат айтып, Алланың қалауымен мұсылман болдым. Одан бергі 10 жыл ішінде мұсылман болғаныма рақаттанып жүрмін. Қазір тәжуид үйренудемін, толық меңгермесем де, Құранды арабша еркін оқи беремін. Бірнеше парасын жатқа білемін.
Сөзімді жалғастырсам, 2008 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша басқарма бастығының орынбасары, одан кейін 2013 жылдың сәуір айына дейін Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің аппарат жетекшісі қызметінде болдым. Ол жерден Катар мемлекетіне жұмыс істеуге баруға тура келді. Өйткені Катарда 2022 жылы әлемдік футбол додасы өтетін болып, әр елден инфрақұрылым үшін мамандар шақыртқан еді, біз де сырттан кіріс болсын деп өз елімізден атақты құрылыс компанияларын шақырдық. Бірақ шынын айту керек, миллиардтаған қаржы тұратын жобаларды игеруге біздің құрылысшылардың білім-білігі жетпеді. Ондай жоғары деңгейге болашақта жетпесе, қазіргі құрылыс компанияларымыз жете қоймапты.
– Қазақстан Көркемөнер академиясының академигі екеніңізді білдік…
– Әлем шебері атағы бар суретші, мемлекеттік сыйлықтың иегері Амандос Ақанаев басқаратын Көркем академияның мені өздеріне мүше етіп қабылдап, академик етіп сайлауы – менің мемлекеттегі қызметтегі және қоғамдық өмірдегі еңбегімді, өнерге деген құрметімді қазақстандық мәдениетке қосқан бір үлесім ретінде бағалағандары. Ол үшін көп рақмет айтамын.
– Қазіргі қызметіңізге тоқтала кетсеңіз…
– Екі жылдан бері «Генералдар кеңесінің» төрағасы, генерал-майор Рүстем Қайдаров мырзаның кеңесшісімін. Кеңестің мақсаты – ерлікті ұлықтау, ұрпаққа отаншылдық тәрбие беру. Кеңес құрамындағы генералдар саны 100-ден асады. Әр саладан зейнетке шыққан генералдардың басын қосқан бұл кеңес 2000 жылдың басында құрылған, одан бері қаншама игілікті жұмыстар атқарылды, оның бәрін таратып айтар болсақ, ұзап кетеміз.
Алдағы 31 мамыр күні Мәскеуде Кеңес Одағының батыры, қазақтан шыққан тұңғыш армия генералы, №1 Халық Қаһарманы, Қазақстанның ең алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсіні қойылмақ. Соған дайындалып жатырмыз. Бұл – мәскеуліктер үшін ғана емес, күллі еліміз үшін маңызы үлкен шара.
– Қуанышты хабар екен. Құтты болсын! Мүсін жұрт көңілінен шыққан болар?
– Сағадат атамыздың мүсінін мемлекеттік сыйлықтың иегері, мүсінші Ескен Серкебаев келісті етіп жасады. Құны 11 миллион үш жүз мың теңгеге шықты.
– Бәрекелді! Енді… Қазақша өлең де жазатын өнеріңіз бар екен. «Тәуелсіздік – тірегім» атты әннің сөзін жазған екенсіз…
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында желтоқсан айында ақшам мен құптанның арасында отырып ойға баттым, сол кезде мені назым басты. Өлең туды. Ақын болмасам да, қазақша ептеп өлең түртетінім бары рас.
– Отбасыңыз жөнінде айтсаңыз.
– 2009 жылы үйлендім. Бір ұл, бір қызым бар. Ұлымның атын Мұхаммед әмин деп қойдым.
– Сүйіп шырқайтын әніңіз?
– Екінші гимн атанып кеткен «Атамекен» әні.
– Қандай арманыңыз бар?
– Осы уақытқа дейін түрлі елдердің басшыларының қабылдауында болсам да, сүйікті Елбасымызбен кездесіп көрмеппін. Нұрсұлтан Әбішұлының қолын алып, әңгімелесудің өзі неге тұрады?! Елбасының командасы қатарында қазаққа қызмет ету, жастық жігерім мен алған білім-тәжірибемді Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне жұмсау – ол енді үлкен арманым!
– Арманыңызға жетіңіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕН