«Барлық тұрғындар 42500 тг көлеміндегі әлеуметтік төлемге өтініш беріп үлгереді» — елорда әкімінің орынбасары
Нұр-Сұлтанда 42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекке 26 мыңнан астам адам өтініш берді. 2 мың адам төлем алды. Әлеуметтік қызметкерлер күшейтілген жұмыс режиміне көшті.Елорда әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету және жұмыс орындарын құру мәселелері бойынша қалалық штаб отырысын өткізді. «Президенттің тапсырмасына сәйкес, 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлем алушылардың тізімі ұзартылды. Ақшалай көмекті Төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған тұрғындар ғана емес өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да ала алады. Нұр-Сұлтан қаласында көмек көрсету басталды. Барлығы өтініш беріп үлгереді, әлеуметтік қызметкерлер демалыссыз жұмыс жасап жатыр. Процестер барынша жеңілдетілді. Өтінішті «Электрондық үкімет» веб-порталында «электрондық өтініш» сервисі, telegrambot egov.kz арқылы, 42500.enbek.kz сайты арқылы электрондық форматта беруге болады. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі проактивті форматта көмекті беруді бастады. Қосымша ақпарат алу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 55-14-87, 55-01-74, 55-69-59, 55-67-12, IKomek109 хабарласуға болады», — деді елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. Сонымен қатар, тұрғындарды жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елорда әкімі Алтай Көлгінов жұмыс берушілерге жұмыспен қамту басқармасына (57-87-00, 57-88-88), еңбек инспекциясына (55-67-27, 55-68-85) және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына (1432) босаған жұмыс орындары туралы жедел хабарлау қажет екендігін айтты. «Тегін азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды алатын азаматтар санатының тізімі кеңейтілді. ТЖ кезінде әлеуметтік көмекті I,II, III топтағы ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен балалар, ерекше қажеттілігі бар баланы күтумен айналысатын ата-аналар, сондай-ақ АӘК алушылар алады. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көмек ақшалай беріледі. Яғни тізімге енген тұрғындардың шоттарына 4 АЕК – 10 604 теңге аударамыз. (айдың басында 2 АЕК, айдың ортасында тағы 2 АЕК)», — деді жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Nur Otan» партиясымен бірлесе отырып, «Birgemiz» акциясы аясында аз қамтылған 6 мың отбасыға — азық-түлік пен гигиеналық заттар беріледі. 3600 отбасы азық-түлік себетін алды. Бұдан басқа, атаулы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік әлеуметтік көмек бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі