«Бармасаң, келмесең, жат боларсың…»
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жеті өзені күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын, жасыл желегі жайқалған киелі мекен Жетісуға арнайы делегацияны өзі бастап келді. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі облыстың әріптестігі әріден басталған. Жылма-жыл өзара әріптестікті дамыту және тәжірибе алмасу мақсатында екі облыстың бір-бірлеріне келіп, хал-жағдай сұрасып тұратыны жақсы бір дәстүрге айналды.
Алыстан ат терлетіп келген қонақтарды Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың жылы жүзбен өзі қарсы алып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.
Қызылша өсіру — табыс көзі
Бұл жай сөз емес. Жетісулықтар қызылша дақылын өсіруді қолға алғаннан бастап, табыс көзінің қайнар бұлағы ашылғандай болды. Көксу қант зауытының құмшекері облыс аумағында үлкен сұранысқа ие болып, тұтынушылар сабылып жүріп, іздеп сатып алуда. Оның басты себебі өнімнің қанттылығы жоғары. Осыған байланысты. Облыс бойынша биылғы жылы бұл бағалы дақыл 6 мың гектар жерге егіліп, күтіп-бапталуда.
Облыс басшысы Амандық Баталов қонақтардың негізгі мақсаттарының бірі бағалы дақылды өсіруді қайта түлеткен Алматы облысының қызылшашыларының іс-тәжірибесімен танысу болғандықтан жол-жөнекей қонақтарға Көксу ауданына қарасты «Алим-Таяр» жеке шаруа қожалығының қант қызылша алқабын көрсетті. Бұл шаруа қожалығы өткен жылы 53 гектар жерге қант қызылша дақылын егіп, әр гектардан 350 центнерден өнім жинған. Биылғы жылы егілген 60 гектар қызылша алқабында күтіп-баптау жұмыстарын жүргізуде. Әр гектардан орта есеппен 600 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Меже қант зауатына 36 мың тонна өнім өткізу екен. Мұның сыртында шаруа қожалығы өзіне қарасты 121 гектар жерге көкөніс, майбұршақ, бақша өнімдерін отырғызып, алғашқы өнімдерін сатылымға түсірген.
Әрине, қант қызылшасының алқабын кеңейтуге өнімді дер кезінде қабылдап, өңдейтін «Көксу қант зауаты» ЖШС-гінің қосар үлесі орасан. Қонақтар модернизация жүргізіліп жатқан қант зауатының жұмысымен танысты, Өндіріс басшысы Алтынбек Абатов:
«Биылғы жылы қант зауытының құрал-жабдықтарын жаңартуға 1 млрд. теңге қарастырылған. Өндіріс толық автоматтық жүйеге көшіріледі. Бұл үстіміздегі жылы 220 мың қант қызылшасын қабылдап, өңдеуге мүмкіншілік тудырады. 25 мың тонна құмшекер шығарамыз»,-деді.
-Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезде тұқымнан бастап, тыңайтқыш бөлу, өндірілген өнімді өңдеуге шейін барлық шаралар қарастырылған. Биылғы жылы екінші Ақсу қант зауатын іске қосу жұмысы жүргізілуде. Алдағы жылдары Алакөл қант зауатын іске қосу да ойымызда бар. Өйткені облыс аумағындағы қант қызылшасын өсіру алқабы ұлғайып келеді. Бұрнағы жылдары тәтті түбірмен 120 шаруа қожалығы айналысса, биылғы жылы олардың саны 250-ге жетті,-дейді өңір басшысы Амандық Баталов.
Шаруа жайымен танысқан қонақтар да өз ойларын ортаға салды. Мысалы Жамбыл облысында әкімдік пен шаруашылықтар тікелей зауытпен жұмыс жасап келсе, ал біздің облыста «Жетісу ӘКК» ҰҚ» акционерлік қоғамы арқылы жұмыс істейді. Бұл әкімдік пен шаруалардың өзара бірігіп, жақсы жұмыс атқаруына ықпал етуде.
-Бұл тәжірибе бізге де керек па деп қалдым. Бұдан бірер жыл бұрын Елбасының өзі келіп беріп кеткен тапсырманы тиянақты орындауға үлкен күш-жігер жұмсап, бір талай жетістіктерге жетіпсіздер. Біздің сіздермен тәжірибе алмасуымыздың маңызы зор болмақ. Бұл бастама өзінің жемісін береді,-деді өзінің пікір алмасу сөзінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Әсем шаһар — Талдықорған
Одан кейін қонақтар жасарған, жайнаған Талдықорған қаласына бет алды. Қаланың жаңа шағын ауданында орналасқан, өткен жылы ғана ел игілігіне берілген екі еңселі әсем ғимараттар Оқушылар Сарайы мен Жастарға қызмет көрсету орталығын аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Мұнда әр түрлі үйірмелердің 45 бөлмесі, 4 шеберхана, 8 зертхана, үш көрме залы бар. Бұл ғимараттар жаңа технология құралдарымен толық жабдықталған. Өнертапқыштардың жаңалықтарымен қонақтар көріп, қызықтады. Сонымен бірге келушілер жұлдызды залға барып, ғажайып әлем жайлы шағын көрсетілімді тамашалады.
Жастарға қызмет көрсету ғимаратында өңір жастарын жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан шаралардың барысымен танысқан қонақтар бос орындар жәрмеңкесінің өткізілуі жайлы толық мәлімет алды. Одан кейін өткен жылы ғана пайдалануға берілген «Жастар» саябағын аралап, демалып жүрген қала тұрғындарымен сұхбат құрды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткіш-мүсіні мен жастар көп келетін қыз, жігіттің махаббат ескерткішін көріп тамашалады.
Сонымен қатар қонақтар суы сарқырап ағып жатқан Қаратал өзенінің жағалауындағы демалыс саябағын аралап көрді. Ондағы аббаттандыру, көгалдандыру, безендіру жұмыстары жамбылдықтардың көңілдерінен шықты. Тіпті Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев сол сәтте-ақ делегация құрамындағы Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулетке өзен жағалауындағы демалыс саябағының әр бір бұрышына шейін ерекше талғаммен аббаттандырылғанын көрсетіп, Талас өзенінің бойынан дәл осындай демалыс орнын салу туралы тапсырма берді. Көргендеріне көңілі толған жамбылдықтар БАҚ құралдары өкілдеріне берген қысқаша сұхбаттарында Талдықорған шаһарының Еуропалық қалалар үлгісінде дамып келе жатқандығын, Алматы-Талдықорған бағытындағы күре жолдың жайлылығы және Жетісудағы қант қызылшасын өсірудегі жетістіктерін айтып өтті.
Кездесу соңында Алматы облыстық әкімдікте екі өңірдің басшысы алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жобалар туралы пікірлерін айтып, екі жақты меморандумға қол қойды.
-Біздің де жамбылдықтардан үйренетін шаруаларымыз өте көп. Екі жыл бұрын көрші облыста болып, бір талай жақсы шаралардың жүзеге асырылып жатқанын көріп қайтқанмын. Өзара әріптестік ел мен елді, жер мен жерді жақындастырады. Өңірлердің экономикасының дамуына тың серпін береді,-деді өз сөзінде Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы. Ал, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өз сөзінде;
– Жетісуға келген бұл жұмыс сапарымнан көптеген маңызды мәліметтер алдым. Алдағы уақытта меморандуммен бекітілген әріптестік бойынша сауда-экономикалық, шаруашылық аралық қарым-қатынастар нығая береді,-деді
Қазақта «Бармасаң, келмесең жат боларсың»,-дегенде сөз бар. Жамбыл мен Талдықорғанды жақындастыратын бұл әріптестіктің әкелетін жақсы нәтижелері жетерлік. Бұл жолы жамбылдықтар келсе, келесі жолы жетісулықтар көрші облысқа барып, көп нәрсе көріп, көңілдеріне түйіп қайтатыны айдан анық.
Нұрила Бектемірова