БАРША ҚАЗАҚТЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ
28 қыркүйекте халықтан тамырын үзбеген қайраткер, Қазақстанның халық жазушысы, қазақ көсемсөзінің қолбасшысы, қара сөздің байрағын желбіреткен талай талантқа ұстаз болған көрнекті суреткер, өмір бойы ұлт мүддесі жолында басын бәйгеге тігіп, кешегі Алаш ардақтыларының текті жолын жалғаған бірегей тұлға Шерхан Мұртаза 85 жасқа толады.
«ТАЛАПТЫНЫҢ» ТІЛЕГІ МЕН ТҮЛЕГІ
Айдары желкілдеп тұрған «Лениншіл жастың» шаруа жастар бөлімінде әлі аты танылмаған жас тілші болып отырып, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Карл Маркс колхозының «Талапты» атты бөлімшесінен келген бір хатты қорытып бергенбіз.
Ауылдың сол заманғы мәдени игілік атаулыдан жұрдай екенін жеткізген жастардың жанайқайы болатын. Хатқа өз тарапымыздан «Талаптыда» талапты жастар жоқ па?» деген тақырып қойдық. Газетке шыққан күні редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов шақырып алды. «Бұл – өте маңызды мәселе» деп сөз бастады.
Шағын дәрістен ұққанымыз: Қазақ КСР-індегі мың-мыңдаған бөлімшенің бәрінде қазақ жастары тұрады. Мына бір бөлімше арқылы республикадағы барлық бөлімшенің ахуалын жеткізуге, жоғары жақтың көзін ашып, мойнын бұрғызуға болады. Демек, енді «Талапты» ауылының жағдайын тілші ретінде арнайы барып, бүкіл елге жария еткен ләзім. Бастықтан – бұйрық, бізден – құлдық. Аттандық та кеттік.
Карл Маркс атындағы колхоздың барлық бастығы славян ұлыстарының өкілдері екен. Олар тұратын орталық мекенде мін жоқ. Соның бірі тыжырына отырып бізді ертіп апарған «Талапты» мал өсіріп, жер тырмалайтын қиырдағы бөлімше болып шықты. Кілең қазақ тұрады. Жайрап жатыр. Осының бәрін Алматыдағы кеңсесінен-ақ көріп отырған Бердіқұлов, шынында, әулие редактор еді.
Еңіретіп тұрып етектей мақала жаздық. «Бөлімше». Түндіктей болып газеттің бір бетін жауып тұрды. Бердіқұлов риза. «Екі ЦК бірдей оқиды. Бөлімшелердің мәдени және әлеуметтік жағдайын жақсарту керектігін түйсінеді» деді лездемеде. Біз үшін көп тапсырманың бірі орындалды. Күнделікті мақаланың бірі жазылды. Жау түсіргендей желпінер жағдай емес, қалпымыздан аумай жүріп жаттық.
Бірер күннен кейін Бердіқұлов дәлізде түскі үзіліс кезінде теннис ойнап жатқан жерімізден көріп, «сені Шерхан Мұртазаев дуэльге шақыруға іздеп жүр» деді. Жүрегіміз тура табанға түсті. Маңайынан жүрмеген Мұртазаевтың несін бүлдіріп едік? Байқаймыз, дәу бастығымыздың жүзінде ашу да, абыржу да жоқ. Баяғы маңғаз кейіпте. Бізді бір қорқытып тастаған соң мән-жайды түсіндірді.
– Әлгі «Талапты» – Шерханның туған жері екен. Жазған мақалаңды оқып, қатты риза болып жатыр. Қолың тисе, атыңды айтып, түріңді көрсетіп сәлем беріп шығарсың, – деді.
Арнайы бармадық. «Барсаң, сені «Қазақ әдебиеті» газетіне
қызметке шақырады» деп өз редакциямыздағы жігіттер қорқытып қойған. Сөйтіп «Талаптының» тақырыбы бізді Шер-ағаңмен сырттай таныстырған.
«МҮЙІЗТҰМСЫҚТЫҢ» МҮСІНІ МЕН МІНЕЗІ
Салмағы мың батпан «Социалистік Қазақстан» газетінің насихат бөлімінде аға тілшісі ретінде өзіміз жауапты төрт-бес рубриканың бірі «Мүйізді мүйіс» атты айдардың кезекті топтамасын әзірлегенбіз.
Бөлім бастығынан, ол бөлімді оқитын редактордың орынбасарынан кідірмей өтіп, секретариаттағы «қорға» түсті. Сәті келген күні макетке салынды. Макет бекітілуге редакторға кеткен. Сәлден соң «Мұртазаев» шақырады» деген шұғыл хабар жетті.
Иә, Шерхан Мұртазаев бірнеше күн бұрын біздің газетке бас редактор болып үлкен ЦК-дан бекітіліп келген. Мұз дәуірінде сіресіп тұрған газеттің тоңын жібітіп, сеңін бұзу тек осы кісінің қолынан келер деген сенім әлі еселеп ақталатын болады. Газеттің атынан бастап қарпіне дейін өзгереді әлі.
Шақырған соң, кірдік.
– «Мүйізді мүйіс» деген сөз бола ма? – деп мұртын қайшылады жаңа бастық.
Шыны керек, бұл тіркес өзімізге де ұнамайтын. Алдымызда қызмет атқарып, өсіп кеткен аға тілшіден мұраға қалған рубрика еді. Түсіндіріп жатпай, сөздің аяғын тостық.
– Сатиралық айдардың аты
былай болады, – деді де, Шер-ағаң макеттегі «Мүйізді мүйісті» белінен бір сызып, үстіне қара сиямен баттитып «Мүйізтұмсық» деп жазды.
Бас редактордың алдынан шыға сала суретшіге бардық. Өйткені дереу жаңа рубриканың сұлбасын жасап, клишеге шығарту керек. Газет қорғасынмен құйылатын заман.
Редакцияның суретшісі және ретушёрі Жанұзақ Әбдіқұлов ағамыз «жер өртеніп жатыр» деп аттандап барсаң да алдымен рахаттана бір күліп алатын жайсаң кісі еді. Сол күлкісіне салып алған соң: «рубриканы жасау үшін мүйізтұмсықтың фотосын алып кел» деп қарап отыр. Түйені сұраса, мысықты сұраса фотосы табылар еді, мына пәлені қайдан таппақпыз? Онда интернет жоқ. Тіпті компьютерді әлі көрмеген кезіміз. Алматының хайуанаттар бағынан түсіріп келмек едік, «ондай жануар бізде жоқ» деп алақандарын жайды. Қапелімде есімізге «Қазақ-совет энциклопедиясы» түсті. Қажетті томын алып, «Мүйізтұмсық» деген мақаланың тұсын безендіріп тұрған суретін тауып, Жәкеміздің алдына шиіріп тастадық. Енді шегінер жері жоқ Жанұзақ ағамыз және бір кеңкілдеп күліп алды да іске кірісті.
Ертесінде «Социалистік Қазақстан» газетінің соңғы бетінде тура мүйізтұмсықтың дене бітімін қайталап салынған «Мүйізтұмсық» атты жаңа айдар жарқырап тұрды. Бұл өзі айналаға мойын бұрмайтын, бұрылса бүкіл денесімен бір-ақ бұрылатын жануар деседі. Шерхан Мұртазаев басшылыққа келген соң бұрынғы «Социалистік Қазақстан», одан аты өзгерген «Егемен Қазақстан», ұлтымызға бүкіл денесімен бұрылып еді-ау. Газеттің ғана емес, өзіміздің де аты-жөніміз өзгерді. Ендігі жерде: Шерхан Мұртаза, Қайнар Олжай…
«ҚАРА ДАЛАНЫҢ» ҚАСІРЕТІ МЕН ҚАСИЕТІ
Хатшы әйел «Шерхан аға шақырады» деді. Басқа жұмысты кейінге ысырып, алдына бардық. Бас редактор бір құшақ облыстық газеттерді оқып отыр екен. Шерхан Мұртаза бас редактор болып келген соң осы орайда екі өзгеріс болды.
Біріншісі: газет бетінде бас мақала деген жасанды жанр жойылды. Өзі жастар газетінен ауысып келген біз бас мақаланың өте қисынсыз, көбік сөз екенін жақсы білетінбіз. Кейбір тоқырап қалған ағаларымыздың баяғы бас мақалаларын бір жыл, бірер тоқсаннан соң абзац-абзацымен қайталап жазғанын салыстыра оқып, іштей мазақтап жүретінбіз. Жаңа бас редактор «бүгіннен бастап бас мақала тоқтайды» дегенде талайлар өкінген шығар, ал біз – қуана қол соққанның біріміз.
Екіншісі: бұрын бірден кітапханаға түсетін облыстық газеттер алдымен бас редактордың алдына баратын болыпты. Тек Шер-ағаңнан соң кітапханаға кетеді. Бірер күн кешігіп оқитынымызға онша қайғырмадық. Бастықтың аты – бастық. Біз «одан жаман күнде де тойға барғанбыз».
Хош, Шерхан Мұртаза облыстық газеттердің поштамен жаңа келген нөмірлерін асықпай оқып отыр екен. Біз кіргенде кезекті газетті былай тастады да, жеке шығарып қойған біреуін қолымызға ұстатты.
– Мә, оқы!
Бірер күн күтсе өзіміз де оқитын едік-ау! Бас редактор жеке шығарып қойған газет «Семей таңы» екен. Онда облыстық газет дәрежесі бар, тәп-тәуір басылым. Сол нөміріне аты белгісіз Тыныштықбек деген жас ақынның топтама өлеңдері жарияланған екен. Бас редактор соның бірі: «Қара дала» деген өлеңді қызыл қарындашпен баттитып қоршап қойыпты.
Оқыдық. Полигонның қасіреті туралы сұмдық сурет екен. «Қара дала» дегені – Семей ядролық сынақ полигоны. Ол кезде Шерхан Мұртаза өзі бас болып полигонды жабу туралы халық пікірін күн сайын жариялап жатқанбыз. Әрі Абыралы ауданын ашу туралы талапты қойып келеміз. «Абыралыны қайта ашу – полигонның тамағына тас тығылту» дегенді бас редактор бір лездемеде айтқан. Осы теңеу ерекше әсерімен әлі санамызда сақталып тұр.
«Қара даланың» әрбір жолы бірден миымызға құйылып, өз-өзінен жатталып қалды.
– Қалай?
– Керемет!
– Керемет болса, осыны ертеңгі нөмірге көшіріп басуды тапсырамын.
Дәл осы бұйрығы – республикалық газеттің облыстағы бауырларына қатысты үшінші тың қадамы. Бұған дейін облыстағы газеттер республикалық газеттерді ара-тұра көшіріп басуды өздерінің парызы санайтын. Сөйтіп, кішіліктерін мойындайтын. Ал республикалық газет облыстық газеттегі мақаланы қайта жариялап көрмеген. Көшіріп басса абыройы кеміп, намысы қорланып қалады деп санайтын.
Жоқ, аспан айналып жерге құлаған жоқ. Жоғары жақта ешкім «республикалық аға газет бастарыңмен қайдағы бір «Семей таңын» көшіріп басасыңдар» деп жер тепсінген жоқ. Бәрі бұған дейін қолдан жасалған астамшылық, өгейсіп қараған өктемдік екен.
«Қара дала» полигонға қарсы жан алып-жан беріскен соғысымызда кезекті оқ болып атылды. Оны «жасаған шебер» ол тұста аты танылмаған Тыныштықбек Әбдікәкімов болғанымен, «қорамсақтан суырып» кезеп атқан – Шерхан Мұртаза.
«САЛБЫРАҚТЫҢ» СОРЫ МЕН СЫРЫ
«Бас редактор шақырады». Жаңа ғана машинкаға басылған, әлі үтір-нүктесі түгенделіп, үстінен қаралмаған репортажды жолай кабинетімізге тастап, қабылдау бөлмесіне кірдік. Бастық не тапсырма берерін қайдам, біздің ойымыз – әлі сиясы кеппеген репортаждың үстінде.
Кеңес заманында қазақ халқының тағы бір сорлаған тұсы – өз астанасы Алматы мен облыс орталықтарында үйге жарымағаны. Қазақтың мекені – баяғы «Бөлімше». Біздің жастар газетіндегі мақаламыздан бері он жылдай уақыт өткенімен, жағдай өзгермеген. Бірақ ол тұста бәріне көнген бұйығы халық енді мінез көрсете бастаған. Оның шарықтау шегі – Желтоқсан көтерілісі болса, беріде тағы басқа әрекеттер жасаған. Тоқсаныншы жылдардың басында Алматының баспанасыз жүрген адамдары бос тұрған үйлер мен пәтерлерге баса-көктеп кіріп алатын әдет тапқан. Олар кіріп алады, содан соң бірер күннен кейін милиция, оның жай өзі емес, айрықша мақсаттағы отряды (қысқартылған түрде ОМОН) келіп, бәрін мүкәммәл-мүлкімен бірге далаға сүйреп шығарады. Егер тойынған, көйлегі көк, уайымы жоқ қоғам болса, бұл – тегін концерт. Ал біздің қоғам үшін талай уақыт қасіреттің қаңғырлаған қоңырауы ретінде қағылып жатты.
Жаңа үйден сүйреліп, тепкіленіп шығарылғандар қалай екені белгісіз, келесі бір бос үйді, болмаса подъезді тауып алады. Арада апта өтпей жатып Алматыда тағы да шу. Бірде «Ақсайдан», енді бірде «Жетісудан», тағы бірде «Самалдан» осындай басып кіру әрекеті көрініс береді. Алматының Жандосов көшесінде ірі панельден қиыстырып салған, ескілеу, сырты қызғылт-сары төрт қабатты үй болды. Ол қаладағы осы тектес үйлердің зілзалаға шыдамдылығын анықтау үшін «сейсмикалық полигон» ретінде бос тұрады. Мамандар келіп анда-санда тербеліс жасап, тексеріп кетеді. «Басып алғыштар» үшін басты нысананың бірі – осы. Екі жақ үшін Сталинградтағы «Павлов үйінен» кем болмаған майдан нүктесі.
Телевизия қаншалық түсірді, оны білмедік, «үй басып алу мен оны азат ету операцияларынан» баспасөзге ең көп репортаж жазған біз пақырыңыз шығармыз. Кезекті майдан барысында небір оқыс оқиғалар болып жатады. Бірде «қорғаныстағылар» кемпірдің қолына сіріңке беріп, бензин толы ыдысты қасына қойып, босағаға тұрғызып қояды. Енді бірде екі бала мен аяғы ауыр келіншекті шынжырмен матап, жылу батареясына байлап тастайды. Тағысын-тағы әрекеттер. Қорғаныстағылардың қарғап-сілеген сөздері. Шабуыл жасап жатқандардың «бұл – заң бұзушылық, сотталасыңдар, айып тартасыңдар» деп мегафонмен айқайлаған үндері.
Осыны сипаттап жазған, соңына әжептәуір түйін түйген репортажды кабинетте қалдырып, бас редакторға кірдік. О ғажап, ол кісінің сұрағы да тура осы майдан мәліметі болды да шықты.
– Бардың ба?
– Бардым.
– Бүгін қандай көрініс болды?
– Сейсмикалық сынақ үйінің төбесіне шығып алған бір жігіт шатырдың ернеуіндегі көлденең темірден ұстап, төмен қарай салбырап тұрды. «Балаларымды бұл үйден шығарсаңдар, құлам өлемін» деп айқайлады.
Шер-ағаңның қабағына қар жауды. Қаһарланды. Біздің қолымыздан не келсін? Қандай көрініс болды, соны сипаттап, кезекті
репортажды газетке шығардық та тындық.
Ал Шерхан Мұртаза сол қаһармен қаламын қолға алды. Қазақ қоғамының сормаңдай күйіне күйінген пьеса жазды. «Жалғыз үйлік зілзала». Бас кейіпкердің бірі – Салбырақ. Балалар мен жасөспірімдер театрында айлар бойы қойылғанда адам толып отырғанын көрдік.
Бір күндік қана күші бар репортажды ондаған жылдар бойына жетер қуаты бар көркем туындыға айналдыру тек Шерхан Мұртазаның қолынан келді.
«ШАЙҚАСТЫҢ» ШЕБІ МЕН ШЕГІ
Енді бірер минуттан кейін түскі тамақ уақытында өзіміз сияқты бөлім меңгерушісі, алқа мүшесі, аты жер жаратын фельетоншы Нұри Мүфтах ағамыздың кешегі шахмат тақтасында қойған матының есесін қалай қайтаруды қиялдап отырғанбыз.
Бұрын алдына шақыратын бас редактор кабинетімізге кіріп келгені. Сасқалақтап атып тұрдық. Шерхан Мұртазаның қолында дәу конверт бар.
– Мә, сенің мақалаңа маршал Язовтың жауабы.
Мәссаған. Өзі әкеліп беретіндей жөні бар екен. «Егемен Қазақстан» жетпіс жылдық тарихында жазылған қай мақалаға КСРО Қорғаныс министрінен жауап алып көріп еді? «Айды аспанға шығарды» деген осы.
– Жақсылап аударып, бүгін беттеліп жатқан нөмірге салғыз, – деп бұйырды да, бас редактор түскі тамағына кетті. Біз маршал Язовтың жауабын бір оқып шықтық. Мүфтахқа мат қою жайына қалды. КСРО Қорғаныс министрінің өзіне шах беріп жатқан жоқпыз ба?
Сол заманда қазақ жастарының Кеңес Одағы армиясынан қашуы етек алды. Бұл – барлық ұлттық аймақтардан әскерге барған балалардың басына түскен ауыр жағдай. Кеңес Одағының кенеуі кеткенде әскері қожырады. Әлімжеттік жаппай көрініс берді. Бұрынғы жай әлімжеттік емес, шовинистік пиғылдағы әрекеттерге айналды.
Аннан-мұннан қашып келгендер жайында жекелеген мақалалар жариялап жүрдік. Бір күні «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресіңнің» өзі болды. Мәскеу түбінен жиырма шақты бала бірден қашып келіпті. Және басқа ешқайда бармай, біздің редакция ғимаратының бірінші қабатын паналады. Дереу мақала жаздық. Тамақтандырдық. Жуындырдық. Ата-аналарын жинадық. Жоғары жақтан, Әскери комиссариаттан өкілдер келді. Балалар әскери бөлімге барудан үзілді-кесілді бас тартты. Енді жоғары жақтың шешімімен Мәскеуге арнайы комиссия аттанатын болды. Президент пен Министрлер Кабинеті аппараты қорғаныс бөлімінің, Республикалық әскери комиссариаттың, Жастар одағының, Ардагерлер ұйымының өкілдерінен тұрады. Арасына Шерхан Мұртаза аттандап отырып бізді қосқызыпты. Комиссияны сол тұста Мемлекеттік кеңесші деген лауазымы бар Юрий Хитрин басқарды.
Тура Мәскеу әуе шабуылынан қорғану әскери округі қолбасшысының кабинетіне кірдік. Хитрин қазақ балаларының мүддесін өршелене қорғап, қолбасшының табанына таптатпады. Одан Курскідегі әскери бөлімде болдық. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өзіміздің атамыз Олжайдың неміс маршалы Гудерианның танкілерін зеңбірекпен атқан шептерін көргеніміз жеке жыр. Ал мына шайқастың жөні бөлек.
Содан не керек, қайтып келе сала етектей мақала жаздық. «Курск иініндегі бұл қай шайқас?». Өзіміздің газетке шыққан бетін және сол тұста «Казахстанская правда» газетінде қызмет істейтін досымыз Такура Жақсыбай аударып берген орысша нұсқасын бас редактор Шерхан Мұртазаның атынан жазылған ресми хатпен бірге КСРО Қорғаныс министрлігіне салып жібергенбіз. Мынау соның жауабы.
Не керек, өз қолбасшымыз Шер-ағаңның қайрауының арқасында Қорғаныс министріне қаймықпай сермелген қылыш болдық-ау. Сонша еңбегімізге қарамай, бізді мүсіркемей мат қоя беретін Нұри аға Мүфтахты да сағынамыз. Тек көңілге медеу болары – ол жылдардың арманы жоқ, ұлт қамы үшін шайқастың шебі мен шегінде атойлап өтіппіз.
«КЕРБАБАЙДЫҢ» КЕР МАРАЛЫ МЕН КЕР МАЛАЙЫ
Табиғаты түйеқұс сынды ұша алмайтын газет ретіндегі бейнесі қалыптасқан «Егемен Қазақстанның» арнайы тілшісі ретінде Ресейдің Омбы облысынан оралып, бас редактордың алдында есеп беріп отырғанбыз.
«Шеттегі қазақтарды түгендеуіміз керек» деп арнайы тапсырма берген. Біздің бөлім «Алыста жүрген ағайын» деген айдар ашқан. Алғаш Халифа Алтайды жаздық. «Ет-жүрек елжірейді ел дегенде». Одан Мюнхеньде мотор жасау зауытында істейтін Хаби Сүмерді жаздық. «Адам кеудесіндегі алып қозғағыш». Моңғолиядағы қазақ тарихшысы Ислам Қабышұлын жаздық. «Бойында балауса иісі Байөлкенің». Мұстафа Өзтүріктің табаны бабалар жеріне тиген күннің ертеңінде біздің мақала жалаулап тұрды. «Таэквон-до тәңірі». Біздің «Егемен» жексенбіде шығып кеткен, басқа газеттер келер аптаның сәрсенбісінде оны таныстырып, «сүйіншілеп» жатты. Дінтанушы Мұртаза Бұлұтайды жаздық. «Мұртаза дейтін мұсылман». Тақырыбымызды оқыған сәтте Шер-ағаның қабағын әдейі баққанбыз. Қастары таразының табақтарындай теңселіп барып, теңескен сәтте тақырыпты өзгертпей қол қойып берген.
Қайсы бірін айтып тауысқандайсың. Егемендік жылдары басталғанда ел үшін еткен қызмет ойда қалған ба? Мыналар қадау-қадау тұстары. Онда да кейіпкерлердің мықтылығынан ойда қалған-ау.
Шетелдегі қазақтарды іздей бардық. Шер-ағаң өзі бас болып Түркияның, Иранның қазақтарын жазды. Біз АҚШ сапарынан соң «Кебенек киген Күнтуғанды» жарияға шығардық. «Лондонның қаймағы мен қаспағы». «Пәранжасыз Пәкстан». «Қарабұғаз қазақтары». «Барған жерің – Балқантау». Мақала тақырыптары бәрін айғақтап тұр.
Сондай сапардың бірі Ресейдің Омбы облысына арналған. Шер-ағаң арнайы жіберген. Қошке Кемеңгеровтің ұрпағы Нартайдан бастап қаншама тұлғаны тауып едік. Суретшісі бар, ғалымы бар, ақыны бар – қазақ үшін шырылдаған қандастарымызды жолықтырдық. Бізді алып жүрген үш ағайынды жігіт ше! Аттарының өзі неге тұрады: Жәлеледдин, Жамаладдин, Жауһараддин! Айнала он қабатты биік үйлер ортасында қысты күні қысырақ ұстап қымыз ішіп отыруды ерлік демей, не дер едіңіз! Тоқсаныншы жылдар басында елдегі қазақтар ораза, ауызашарға үйрене алмай жатқанда Айна жеңгей берген ауызашардың өзі бір мақаланың жүгі болатын. Соншама әсер. Енді, міне, қайта оралып, не жазарымызды баяндап жатырмыз.
Сабақтап жатқан сөзімізді бір тұста бас редактор үзіп жіберген. Сірә, аптыға айтқанымыздан гөрі көсіле жазғанымыз анағұрлым жатық шығарын біліп алған.
– Баяғыда түрікменнің жазушысы Берді Кербабаев Қазан қаласына барыпты, – деген Шер-ағаң. – Содан ол аунап-қунап еліне қайтқанда татар арасында мынадай өлең қалыпты.
Осыны айтып, сәл кідіріс жасап күліп алды да, тамағын кенеген:
Қазанға келді Кербабай,
Сразу деді «қыз давай».
Қазаннан кетті Кербабай,
Артында қалды бір малай.
Қалай?
Біз де күлдік. «Малай» – татарша «бала» деген сөз. Сол күлген қалпымызда үш нөмірге созылған очеркті бір деммен жазып
тастадық. Сол күлген қалпымызда тағы қаншама мақаланың басын қайырдық. Бірдеңе жазарда осы шумақ тура Шер-ағаңның дауысымен миымызда күйтабақ сияқты айнала қояды. Бір күліп аламыз, болды, мақала жазуда еш қиналмаймыз. Төгіледі де тұрады.
Хош, «шеттегі қазақтарды түгендеп болған соң түрікмен мен татарды айтпағанда, алтайдан якут-сахаға дейін жазып келесің» деп еді. Басын бастадық. «Енесайды емген ел» деп хакас ұлтына бір очерк, «Он сан ноғай. Ол қайда?» деп ноғай ұлтына бір очерк арнадық. Әттең, одан кейін жоғары жақ Шер-ағаңның өзін қайта құрылған телерадио компаниясына президент етіп жіберген. Біз болсақ мұз дәуірінен кейінгі кеңшілікке шыққан қазақ баспасөзінде қала бергенбіз.
Қайнар ОЛЖАЙ