Бас мүфти ауданға келді

Бүгін Шетпедегі С.Қондыбай атындағы мұражайға ҚР Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз, облыс әкімінің орынбасары М.Сқақов, аудан әкімі Ж.Айтуаровтың және аудан тұрғындарының қатысуымен алқалы жиын өтті.

Жиында бас мүфти Серікбай Ораз: «Киелі Маңғыстау жері 362 әулиеге мекен болған қасиетті орын. Осы  кездесулер менің Маңғыстауға  алғашқы сапарым болып отыр. Кеше ғана Мұнайлы ауданында, Ақтау қаласында  сапармен болып, облыс жұртшылығымен жүздестім. Бүгін міне шежірелі Шетпе ауылына арнайы келдім. Сіздермен кездесіп, ауыл тұрғындарымен жүздесіп отырмын. Мен  сіздердің жылы жүздеріңді көріп, ауыл ақсақалдарының бәтуалы әңгімесін  тыңдап отырғаныма қуаныштымын. Елбасының еліміздегі діни тұрақтылықты сақтаудағы салихалы іс  көпшіліктің көңілінен шығуда. Сондықтан ауылдың  діни ахуалы көңілге қонымды. Алдағы уақытта тағыда келіп тұрамын» деді.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары М.Сқақов мырза сөз алып бүгінгі таңдағы қоғамдағы имандылық пен діни сауаттылық жайында орамды ойларын ортаға салды. М.Сқақов өз сөзінде: «Жастар — елдің ертеңі. Жастардың діни сауатты болып, деструктивті діннен алыс жүрулері керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында барлық жағдайлар айтылды. Әсіресе ұлттық құндылықтар мен салт — дәстүрлерді, ана тіліміздің абыройын көтеру және басқа да адамның рухани дамуына қажетті дүниелер  кеңінен айтылды. Енді сол айтылған жүйелі сөздерді жастар сөзсіз орындап үлкендерге өнеге көрсету керек. Міне біздің болашақ» деді.

Жиында ақын — дінтанушы Жакен Омаров өзінің «Иманды болайық  бауырлар!» атты термесін орындаса, еңбек ардагері Өтелген Жайлаубаев  пен  халық ақыны Сабақбай Тілегеновтер сөз алып, келген қонақтарға өлең жырларын арнады.

Аллаберген Қонарбаев

Маңғыстау облысы.

Маңғыстау

ауданы.