БАС МҮФТИ: ДІН САЯСАТҚА АРАЛАСПАЙДЫ

БАС МҮФТИ: ДІН САЯСАТҚА АРАЛАСПАЙДЫ

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

– Дін мемлекеттен бөлек дегенді қалай түсіндірер едіңіз? Саясатқа діннің араласпауы мүмкін бе?

– Бисмилләһир рахманир-рахиим! Бүкіл мадақ ғаламдардың жалғыз иесі Аллаға тән. Барша жаратылыстардың ең қайырлысы Мұхаммедке (ﷺ), оның әулетіне, сахабаларына және қиямет күніне дейін оның ізімен жүргендерге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Кез-келген мемлекет басшысы елде тыныштық орнағанын қалайды. Мемлекеттік саясат та осыған бағытталады. Менің ойымша, дін мемлекеттен бөлек дегеніміз – мемлекет дін ісіне, дін мемлекет ісіне араласпайды. Осы тұрғыдан алғанда дін мемлекеттен бөлек. Алайда, жалпы айтқанда, дін мемлекеттен бөлек емес. Неге? Өйткені, мемлекетті құрайтын – қоғам. Ал дінсіз қоғам болмайтыны айтпаса да түсінікті. Анығында, дін саясаттан бөлек. Осыны түсініп, аражігін ажыратып алайық. Дін саясатқа араласпауы тиіс. Алланың ақиқат дінін жеке мақсаттар үшін саяси құрал ретінде пайдалануға болмайды.

– Ұлттық идеологияны күшейту, қазақы салт-дәстүрді ұмытпай, ұрпаққа сіңіруде Ислам дінінің рөлі қандай?

– Кешегі Алаш арыстары мен ұлт жанашырлары бір ғана мақсатты мұрат тұтты. Ол – ұлт қамы, оның болашағы еді. Осы жолда шейіт болды.

«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», — демеп пе еді Ахмет Байтұрсынұлы атамыз. Халықтың болашағын ойлаған тұлғаларымыздың бойындағы өр-мінез, мұқалмас жігер, елге адал қызмет ету секілді асыл қасиеттер қайдан пайда болды дерсіз? Неге ұлт үшін түрмеге қамалып, атылды? Халық үшін жанын құрбан етуге дейін итермелеген ол қандай күш еді? Кеңестің өктем саясатын сылтауратып, бас амандығын көздесе болар еді ғой. Жоқ. Олар бұл жолды таңдамады. Исламды ұстанған тұлғаларымыздың Алланың аманатына қиянат жасауы, әсте мүмкін емес еді. Өйткені, Ислам – әр адамның ұлт алдындағы жауапкершілігін сезіндіріп қана қоймай, халықты ізгілікке шақыруға бұйырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ): «Әркім өз қарамағындағыларға жауапты», — деген. Осындай ұлы жауапкершілікті сезінген Құнанбай бабамыз сұлтан болған кезінде шариғатқа қайшы келетін әрекеттерді өткір сынаумен қатар, жаза қолданғаны да ешкімге жаңалық емес. Кісілік кейіпін сақтап, имандылықты ұстанды. Медресе ашып, мешіт те салдырды. Қажылығын да өтеді. Осындай тұлғадан данышпан Абай дүниеге келді. Ол да өмірдің мәнін Исламнан іздеді.

…Мағжан Жұмабаев атамыздың жайнамазы табылып, оны телеарналар жаңалықтарынан беріп жатты. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Исламмен тәрбиеленген тұлғаларымыз ұлттық идеологияны да жүргізді, қазақы салт-дәстүрді де асыл дінімізбен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрді.

– Демек, салт-дәстүрді жаңғыртуда, жамандықтан аулақ болуда Ислам дінінің рөлі үлкен дейсіз ғой?

– Әрине, дұрыс айтасыз. «Құдайдан қорықпағаннан қорық», — дейді халқымыз. Иманнан, Исламнан алшақтаудың ақыр-аяғы нендей өкінішті жағдайларға әкеп соғып жатқанын бәріміз көріп жүрміз. Мемлекеттің мүлкін ұрлау, жемқорлыққа жол беру, ұлттық салт-дәстүрімізді менсінбеу, өз ана тілін білмеу, тағысын тағылар – иманның әлсіздігінен. Ал Ислам дәстүрді, тілді қадірлеп қастерлеуге шақырады. Бұрын орысша тәрбиеленген, қазақ тілінен мақұрым қалған қазақ бауырларымыздың иман жолына түсіп, қазақша үйреніп жатқанының да куәсіміз. Ондай адамдарды көптеп мысал етуге болады. Бізге олардың: «Намаз оқып, орысша дұға жасағанымыз ұят екен. Қазақша уағыз тыңдап, өзіміздің ана тілімізді үйреніп жатырмыз», — дегені көңілімізге медеу. Көрдіңіз бе, дінімізде жақсы ниет етудің орны ерекше.

Айта кететін тағы бір жәйт, еліміздегі барлық мешіттерде уағыз-насихат қазақша айтылады. Діни басқармадан шығатын кітаптардың дені қазақша. Мүфтияттағы іс-қағаздар тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Тіпті орыс басылымдарының тілшілері сауалдарын қазақша жолдайды. Бас мүфти лауазымына сайланғалы бері бірнеше рет шетелдік қонақтарды қабылдадым. Кездесулерде қазақша сөйлеймін. Тілге құрмет көрсетуді өзімізден бастайық. Ол үшін тек ниет болса жеткілікті.

Діни басқарма тек дін емес, мемлекеттік тілдің де нағыз жанашырына айналған діни мекеме. Осы елдің азаматы, дініміздің, тіліміздің жанашыры ретінде қызмет барысында мемлекеттік тілге басымдық беріледі.

Біз Исламның салт-дәстүрді сақтап қалудағы рөлі мен құндылықтарын ескеруге тиіспіз. Ал, ата-баба дінін қажет етпеген жанның өзінің ұлттық дәстүрін де қадірлемейтіні шындық. Ар-намыс дейтін асыл ұғымды елеусіз қалдыруға болмайды. Ата-бабамыздың асыл діні мен дәстүріміз айырғысыз егіз екендігі жадымызда болсын. Сондықтан да оның қадіріне жетейік!

muftyat.kz