Бас Прокурор: Біз радикалдың типтік әлеуметтік психологиялық портретін жасадық

Бүгін Бас Прокурор Ақтөбе облысында  «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы жұмысының қорытындысын шығарды

Бүгін Бас Прокурор Жақып Асанов Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесіп, онда ведомствоаралық топ жұмысының қорытындылары туралы айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 29 қыркүйекте біз облыстағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін ведомствоаралық топ жұмысын бастадық. Қорытындысын шығаратын уақыт келді.

Барлық бағыттар бойынша жұмыс істедік. Азаматтардың проблемаларын бірлесіп шешу үшін бүкіл елден 230 үздік сарапшылар іріктеп алдық – бұл 55 дәрігер, 16 әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар, 10 теолог, 10 ғалым, 13 қаржыгерлер мен кәсіпкерлер, 14 имам, қалғандары – орталық меморгандардан.

Бұндай ауқымды іс-шара алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл мүлде жаңа формат. 2,6 мың іс-шара өткіздік. Біз әрбір үйдің есігін қағып, олардың проблемаларын білуге тырыстық. Бес ауданда және Ақтөбенің өзінде болдық. Әрине, бір ай ішінде барлығын аралап шығу мүмкін емес, бірақ осы 30 күн ішінде біз бір мезетте 145 мың адамды қамтуға қол жеткіздік. Яғни, біз әрбір 6-шы ақтөбеліктің жағдайын білдік. Бұл әйелдер, балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы және аз қамтылған отбасылар, сотталғандар, радикализм жолын ұстанушылар», — деп атап өтті Бас Прокурор.

***

Жақып Асанов: Ақтөбеде біздің мамандарымыз бизнестің бірқатар қордаланған мәселелерін шешуге көмектесті    

«Бизнесті дамыту мәселелері. Бұл жерде де өз қиындықтары бар. Басқа аймақтардағыдай, Ақтөбе облысының жартысы ауылдарда тұрады. Бұл жерге инвестор тарту өте қиын. Және бұл жерде тұрғындар белсенді болмаса, ешкімнің ақша салуға ниеті оянуы екіталай. Сондықтан бар үміт тек адамдардың өздерінде, өз күштеріне сенуде.

Ауылдықтардың кірістерін көтеру үшін, оларды бизнеске тарту қажет. Осы себептен де 108 ауыл әкімін халықпен қалай жұмыс істеу керектегіне оқыттық, оларды 850 бизнес-идеямен қамтыдық. Енді олар ауылдықтарда олардың бизнес-бастамаларында көмек көрсетуі тиіс.

81 семинар мен дөңгелек үстел қорытындысы бойынша мыңнан астам адам өз бизнесін ұйымдастыруға және жүргізуге оқытылды. Мысалы,  237 өз ісін бастап жатқан әйелдер визаж бен жарнама бойынша мастер-кластардан өтті. Оларға сертификаттар берілді.

Біздің мамандарымыз шағын және орта бизнес кәсіпорындарын аралады. Қордаланған мәселелерді шешті.   

Осы ай ішінде даму институттары желісі бойынша салмақты жұмыс атқардық. Осылайша, олар қазір 5 млрд. теңгеден астам сомаға жалпы 227 жобаны қарауда.

Жиынтығында даму институттары 125 жоба үшін 3,1 млрд. несие берді.

Субсидия алуға кедергі болып жүрген біраз кемшіліктер анықталды. «Габр» жеке кәсіпкері ет цехына субсидия аламын деп өтініш жасаған. Бірақ, өндіретін еттің көлемі жеткіліксіз деп, оған субсидия берілмеген. Оған себеп — қолданыстағы Ереженің талабы. Сондықтан бұл Ереженің дұрыс еместігін Астанада көтереміз.

Бір сөзбен айтқанда, өзін және өз отбасын өз еңбегімен асырағысы келетін адамдарға, мемлекет көптеген қолдау институттарын ұсынады.

Сондықтан ауыл тұрғындарына айтарым – мемлекетке қол жайып отырмаймын, табыс табамын, кәсіппен айналысамын десеңіздер, онда жергілікті әкімге барыңыздар. Ол сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге, сіздерге көмекші, кеңесші болуға міндетті».

***

Ж.Асанов: Әлеуметтік қолдаумен Ақтөбе облысының 40 мыңнан астам тұрғыны қамтылды

«Әлеуметтік қамту. Бұл жерде 46 мың адамды қамтыдық. 4,6 мың адамға көмектестік.

Ақтөбеде республикада алғашқылардың бірі болып ауыл әкімдері үшін деректер базасын іске қостық. Онда әрбір тұрғын туралы, оның қандай әлеуметтік көмек алатыны, отбасында мүгедектер бар ма, мемлекеттің көмегі қажет пе, сол жөніндегі ақпарат болады. Әкім отбасының әл-ауқатының  деңгейі туралы ақпаратты білетін болады, және қажет болған жағдайда шаралар қолданады. Бұл болашақта бір де бір мұқтаж жан мемлекет назарынсыз қалмайды деген сөз.

Тұрғылықты жері бойынша 502 мүгедекке бардық, олардың 136-сі көмек алды. Мысалы, 44 мүгедекке протез бен арба-кресломен көмектестік. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 6,5 мыңға жуық азаматқа әлеуметтік атаулы көмектің тәртібін түсіндірдік. Ембі қаласының тұрғынына дәл үйінде мүгедектік ресімдеген жағдай болды.

Көп жағдайда халық оларға мемлекеттен жәрдемақы мен төлемдер тиесілі екендігін білмейді. Көп балалы анаға 4 баласына және аз қамтылған отбасы ретінде 11 000 теңге мөлшеріндегі ай сайынғы жәрдемақы ресімдедік. Ол бұл құқықтарын ешқашан білмеген және бұндай төлемдер аламын деп ойламаған да. 

Біз алдымызға жұмыссыздықты төмендету міндетін қойдық. Бес ауданда бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткіздік. Оларға 701 адам барды. Бір ай ішінде барлығы 123 жұмыссыз жұмысқа орналастырылды.

Еңбекақы төлемеген 153 кәсіпорын басшыларымен кездесулер өткіздік. Осы сұхбаттардан кейін 232 жұмысшы 9  млн. теңге алды».

***

Бір ай ішінде еліміздің үздік дәрігерлері Ақтөбе облысының тұрғындарын тексеруден өткізді

Бұл туралы Бас Прокурор Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездсу барысында сөйлеген сөзінде хабарлады.

«Біздің жұмысымызға Астана және Алматы қалалары ғылыми орталықтары мен клиникаларының жетекші дәрігерлерін жұмылдырдық. 5 профессор, 8 доцент, 12 медицина ғылымдарының кандидаты келді. Олар 9637 азаматты тексерді, 1008 тұрғынға көмектесті, олардың ішінде 301-ін республикалық орталыққа жіберді, ал 707 пациент бірден сол жерде ем алды.

Әйгілі профессор Серік Ақшолақов. Астанада оның қабылдауына кіру өте қиын. Кезекке тұру бірнеше ай бұрын жасалады. Бірақ ол Ақтөбе қаласына келді және 12 пациентті тексерді. Олардың ішінде 6  ауыр науқасты бас миына операция жасау үшін С.Ақшолақовқа Астана қаласына апарады.

Алматы қаласы Кардиология ҒЗИ директоры профессор Сәлім Беркінбаев Мұғалжар аудандық ауруханасының дәрігерлері үшін кардиологядан мастер-класс өткізді.

Профессор Сәуле Әбсейітова  40 пациентке консультация берді, Алға және Мұғалжар аудандық ауруханаларында өткір миокард инфарктіне диагноз қою және емдеу бойынша оқыту өткізді.

Астана қаласынан келген бала травматолог-ортопеді БОП диагнозы бар 4 жасар балаға сол жақ қол буынына сіңірін алып тастау бойынша операця жасады. Енді ол қолын толығымен пайдалана алады. 9 жасар ер балаға көру қабілетін қалпына келтіру бойынша операция жасалды. 1 жастан 6 жасқа дейінгі 7 баладан «туа біткен жүрек ақауы» диагнозын анықтадық, олардың барлығы Астана қаласына емдеуге жіберілді. Шұғыл мұқтаж пациенттерге аудандық аурухананың өзінде операция жасалды. 45 операция жасадық.

Аудандар бойынша «Денсаулық» медициналық пойызы жүріп отырды, оның дәрігерлері 5 ауданда 5279 адамды тексерді, олардың ішінде 1921-і тиісті ем алу үшін медмекемелерге жіберілді. 14899 мектеп оқушысы профилактикалық тексеруден өтті, олардың ішінде 1055-і сауықтыруға алынды.

Бұл шарадан тыс қалмай, үйреншікті жылы орындарын тастап Ақтөбеге келген барлық дәрігерлерге, медбикелер мен мамандарға өз атымнан жеке алғыс білдіргім келеді. Барлығыңыз жасаған игі іс алғыс жаудырған пациенттерден өздеріңізге еселеніп қайтсын», — деп атап өтті Жақып Асанов.

***

Тек имамдар мен кәсіби теологтар ғана діни ағарту көздері ретінде қызмет етуі тиіс Бас Прокурор

«Дін мәселелері. Бұл бағытта 149 іс-шара өткіздік. Қамту – 20 мыңнан астам адам. Негізгі мақсат – мешіттердің жұмысын жақсарту. Қазақстан мұмылмандары діни басқармасы 61 имамды аттестаттаудан өткізді. Олардың әрбір алтыншысы өткен жоқ.

Облыс тұрғындарының сұрауы бойынша 20 жергілікті имамның біліктілігі арттырылады. Олар тек бұл жерде ғана емес, сонымен қатар бүкіл республикада үлгі аларлық адам болады. 5 аудандық және ауылдық мешіттерде еліміздің басқа өңірлерінен келген 6 тәжірибелі имам тағайындадық. Аудан орталықтарында 3 мешітті үлгілі мешіт етіп жасадық. Енді әрбір дін қауымының мүшесі қайырымдылық ақшасының сомасы және оның қайда жұмсалғаны туралы біле алатын болады. Бұндай тәжірибе бұрын-соңды болған емес.

Мешіт қызметшісінің мінсіз бейнесін қалыптастыру үшін, имамдар мен дін өкілдеріне «Имамның бір күні» фильмін көрсеттік.

Жалпы, бұл бағыт бойынша үлкен жұмыс ауқымы күтіп тұр. Көп нәрсе жергілікті имамдардың беделіне байланысты болмақ».

***

Бас Прокурор қазақстандық Интернет сегментінде экстремизм мен радикализмге антижарнама жасауды ұсынды

«Барлық республикалық арналар мен БАҚ-тарда ақпараттық жұмыс жүрді. Антитеррористік бағыттағы роликтер, спектакльдер мен фильмдер көрсетілді.

Біз Ақтөбеде, жастар Интернеттегі псевдодіннің құрбаны болған отбасылық трагедия жайлы спектакль көрдік. Өте үлгі арарлық оқиға. Спектакль қазір ел ауқымында көрсетілуде.

Бұл спектакльді барынша көп адамдардың көргені маңызды, әсіресе жас адамдардың. Мектептерде, жоо-ларда, барлық кинотеатрларда көрсету қажет. IT-мамандарға айтарым, сіздер де қосылыңыздар, қазақстандық Интернетте экстремизм мен радикализмге антижарнама болатындай жағдай жасайық.

Айтпақшы, топ Ақтөбеде жұмыс істеген уақытта әлеуметтік топта 18 промо-ролик, орналастырылды, 9 деректі фильм мен 2 спектакль көрсетілді. Оларды 13 мың адам қарады. «YouTube» желісінде арнайы «Anti Terror» арнасын жасадық. Әлеуметтік желілерде «YouTube»  желісінен экстремизм мен терроризмге шақыратын бейнелерді өшіру жөніндегі нұсқаулық орналастырдық».

***

«Бүгінгі күні біз радикалдың типтік әлеуметтік психологиялық портретін жасадық. Бұл бейненің артында не кәнігі бандит не маргинал тұрғанын анық білеміз. Айтқандай, олардың көпшілігі исламның не екенін білмейді. Құранды оқымаған немесе әдейі оқығысы келмейді, жұмыс істеуге құлқы жоқ, отбасылық құндылықтар мен мемлекет институттарын жоққа шығарады, биліктің көмегінен бс тартады. Бұны түсіну бізге жақын арада оларға қарсы іс-қимыл жасаудың тәсілдерін түзетуге мүмкіндік береді.

Егер ақпарат болмаса, төтенше жағдай кезінде қандай дүрбелең болатынын бәріміз білеміз. Сондықтан 500-ден астам журналистер, блогерлер, баспасөз хатшылары үшін арнайы тренингтер өткіздік. Олар шиеленісті жағдайларда хабарлау шеберліктерін меңгерді.

Әрбір азаматтың теркат немесе оның қаупі кезінде не істеу керектігін білуі маңызды. Бұл үшін бір ай ішінде аймақтың 23 мың тұрғынымен 199 іс-шара өткіздік. Бұл дағдыларға сондай-ақ 2,5 мың мектеп оқушысы мен олардың мұғалімдері үйренді. Олар үшін 30 сабақ өткізілді.

Қоғамдық орындарда 12 мың тұрғынға тақырыптық көрнекі буклеттер тараттық. Адамдарға теракт қаупі немесе ол жасалған кезде не істеу керектігін, бұл туралы кімге және қандай арналар арқылы хабарлау керектігін, бұндай жағдайда өзіңді және жақындарыңды қалай қорғау қажеттігін айқын түсіндірдік.

Терактілерден қорғану жүйесін 49 объектіде жүргіздік. Олардың жұмысшыларына ТЖ туындаған кезде жасалатын әрекеттерді үйреттік».

***

Ақтөбеде барлық құрылымдар жұмысының мүлде жаңа форматын қолдандық және бірегей тәжірибе алдық

«Әрине, біздің жұмысымызға баға беру әлі ерте. Бірақ біз қазірдің өзінде жекелеген бағыттар бойынша одан әрі қайда бағыт алу керектігін білеміз.

Біріншіден, біз бірегей тәжірибе алдық. Ақтөбедегі барлық әрекеттерімізге мұқият талдау жасаймыз, азаматтардың нақты проблемаларын шешудің үлге модельдерін жасап шығарамыз және оларды басқа аймақтарда пайдаланамыз.

Алғашқы қорытындыларды менің әріптестерім болашақ сапарларға арналған әдістемелік құралда жинақтап үлгерді. Ол кеңейтіліп және толықтырылып отыратын болады.

Екіншіден, барлық бағыттар бойынша жергілікті жерлерде басқарушылық шешімдерді нүктелі түрде  және тиімді қабылдау үшін меморгандардың жұмысында нені және қалай өзгерту керектігі туралы ұсыныстар алдық.

Үшіншіден, практикада заңдар мен заңға тәуелді актілерде көптеген кемшіліктер мен тосқауылдарды анықтадық. Сондықтан Астанаға келгеннен кейін НҚА-ға және экстремизм мен терроризмге қарсы мембағдарламаға түзетулер пакетін дайындайтын боламыз.

Әрине, біз барлық проблеманы шештік деп айта алмаймыз. Бір ай ішінде бұл мүмкін де емес. Бірақ, әкімдік пен жергілікті құрылымдар жұмысты жалғастыратынына және бұның нәтижесін облыстың әрбір тұрғыны сезінетіндігіне сенімдімін. 

Өз тарапымнан, Ақтөбенің мемлекеттік басқару тарихында біз орталық меморгандар, қаржылық даму институттары, жергілікті билік, мемлекеттік емес ұйымдар жұмысының мүлде жаңа форматын қолданған ең алғашқы және оң нәтиже берген пилот ретінде мәңгілікке қалатынын тағы бір рет атап өткім келеді.

Барлық осы құрылымдардың үйлесімді жұмысының арқасында біз енді азаматтарымыздың өмірін неғұрлым қауіпсіз, тыныш әрі бай-қуатты ету үшін, нақты проблемаларды шешудің үлгі модельдерін қалыптастырамыз және алынған тәжірибені бүкіл елге тарата аламыз.

Егер келген дәрігер ең болмаса бір ақтөбеліктің өмірін құтқарса, не бір шаруа қожалығы ауыл шаруашылық техникасын алса немесе кемінде бір өрт сөндіруші сүйікті жұмысымен айналысуға мүмкіндік алса не бір радикал ойынан айнып, дәстүрлі мазхабқа оралса, біздің Ақтөбедегі жұмысымыз заяға кетпегені деп үміттенгім келеді.

Ақтөбеге келген және бізбен етене жұмыс істеген барлық адамдарға, көмектескен немесе біздің көмегімізді қабылдаған барлық ақтөбеліктерге, біздің ісімізге шын жүрегімен жаны ашып, тілектес болған адамдардың барлығына алғыс айтамын».

ҚР Бас Прокуратурасының баспасөз қызметі